- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Мерекеден соң ас...
Мерекеден соң ас үйді тазарту
Құрметті ханымдар, көптен күткен мерекеміз де өтті. Осыған дейін мойнымызда болып келген үй шаруасына қайта кірісейік.
Біз бүгін мерекелік жиындардан соң ас үйді тазарту жайында сіздермен бөліспекпіз. Өйткені біз қонақ бөлмеге қарағанда ас үйде көп уақыт өткіземіз. Өзіміздің мерекеміз болса да, қонақ күтіп, түрлі дәмді тағамдарды даярлау да біздің мойнымызда емес пе? Дастархан жаюға дайындық барысында ас үйде біраз шаруа тындырамыз. Ал мереке аяқталған соң бұл бөлмені де ретке келтіруіміз керек. Жұмысты ас үйдің ауасын тазартумен бастайық.
Бөлме ауасын тазарту. Ас үйдің ауасын тазарту жұмыстары ондағы жиһаздарға, терезеден күннің түсуіне және ауа-райына байланысты жасалады. Егер ауа-райы жайлы, күн жылы болып тұрса түске жақын терезені ашып бір желдетіп алғаныңыз абзал. Терезені ашқан кезде ас үйдің есігін жауып қоюды ұмытпаңыз. Егер сырттан келген ауа бөлмені тазартып артық иісті жойып жатса, арнайы ауа тазартқыштарды орнатудың қажеті жоқ.
Тоңазытқышты тазалау. Дастархан жасау барысында тағамдардың біразы қалып қояды. Бұзылып кетпес үшін тағамдардың бәрін тоңазытқышқа тыға береміз. Бірақ тоңазытқыш барлық тағамның бұзылып кетпеуіне жауап бере алмайды. Пиязы бар, майонез қосылған тағамдар көп тұрмай иіс шығарып, артық дәмге ие бола бастайды. Сондықтан тоңазытқыштағы уақыты өтіп бара жатқан тағамдарға бір амал жасаңыз. Тоңазытқыштың ішін тазалап сүртіп, артық заттарды сыртқа шығарып тастаңыз.
Шаң сүрту. Терезені ашып бөлмені желдетіп алған соң ас үйдегі барлық жиһаздарды бір сүртіп шығуға тура келеді. Өйткені сырттан шаң кіріп, біраз заттар қайта бүлінуі мүмкін.
Жиһаздарды реттестіру. Егер ас үйіңізде сөрелер көп болса, тағам дайындауға қажетті құралдарыңыз бен ыдыс-аяқтарыңызды сонда салып тастаңыз. Ас үйдегі заттарыңыз орын-орынымен жинақы тұрса, өз ойыңыз да жинақы жүреді.
Тұрмыстық техникаларды тазарту. Мерекелік тағамдар дайындағанда газ бен пештің беттері бүлінбеуі қажет. Оларды да арнайы химиялық қоспалармен жуып, тазалаңыз. Қарапайым ас содасымен ысқылап жууға да болады.
Бөлмені гүлмен безендіру. Мереке күні құшағыңыз гүлге толған шығар. Енді сол құшақ-құшақ гүлдерді арнайы салқын су құйылған құмыраларға салып, ас үйіңіздің лайықты бір жеріне орналастырыңыз. Гүлдердің қонақ бөлмеден гөрі осында тұрған жөн. Гүлдердің үйіңізде ұзағырақ сән беріп тұрғанын қаласаңыз, суына аздап қант салып қойсаңыз да болады.
Сурет: gardenweb.ru
А. Әбілхан