Жаңа жыл алдында жасалатын маңызды іс

Жаңа жыл алдында жасалатын маңызды іс

Жаңа жылға санаулы-ақ күндер қалды. Жаңа жылдан жаңа үміт, жақсылық күту көбіміздің бала күнімізден санамызға сіңген. Жаңа нәрсе келу үшін оған орын босату керек.

Тазартуды шкафыңыздан бастағаныңыз жөн. Алдымен барлық киіміңізді ерінбей алып шығып, олардың бір-бірімен үйлесуін ойша таразылаңыз. 2–3 жыл бойы киілмей жатқан нәрсеңізді тастаңыз. Матасы қымбат, өзіңізге жақсы жарасатын, бірақ сәннен шығып қалғаны болса, тігіншіге беріп, басқа бір киім тіктіресіз немесе акссесуар жасайсыз. Шкафтың ішін тұзды суға шыланған шүберекпен сүртіп, қалдырған киімдеріңізді қайта ілесіз. Шкафтың жартысы босап қалса, қамықпаңыз, орнына жаңа киімдер келеді.

Алдымыздағы жылы алатын жаңа киімдерді ойлап, көңіліңізді көтеріңіз.

Енді әшекейлерге кезек келді. Оларды да бір-бірімен жұптастырыңыз. Немесе сырғаларды бөлек, сақиналарды бөлек, білезік, алқаларды бір бөлек топтастырыңыз. Үзілген, сынған бағалы әшекейлерді жөндеу үшін зергерге өткізіңіз.

Одан соң басқа да заттарыңызды қараңыз: сынған, бүлінген, жарылған кәдесыйлар, жыртылған кітаптар, тағы сол сияқты істен шыққан заттарды ойланбай лақтырыңыз. Жалпы кітаптар туралы пікір екіге бөлінеді. Кейбіреулер кітап – мәңгілік қазына, сондықтан оны сақтау керек, десе, екінші біреулер ескі кітап – ескі энергетика, қазіргі заманда қандай ақпарат болса да қолжетімді, сондықтан ескі кітаптарды жинап, букинистік дүкенге өткізу қажет дегенді айтады. Сол себепті шешімді өзіңіз қабылдайсыз.

Сөмкелерді сатып алып, ұстап жүргеніңізге қанша болды? Қажалып, бауы үзілгендерді қоқыс жәшігіне жөнелтіңіз.

Ең соңынан жиһаздардың, аспалы шамдардың шаңын сүртіп, бүлінген, сынған жерлері болса, жөндетесіз. Терезе перделерін, кілемдерді де жуғызсаңыз, әрине нұр үстіне нұр болар еді. Сөйтіп жаңа, тазарған энергетикамен Жаңа жылды қарсы аласыз.

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: ru.gde-fon.com

Оқи отырыңыз: 

Өміріңіздегі артық заттардан арылатын кез жетті

Бақытты болу үшін

Киімге түскен дақты кетіру жолдары

Ф. Абилова