- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Той-томалақты қызықты қылатын...
Той-томалақты қызықты қылатын 8 нәрсе
Халқымыз қай заманда болсын қуаныш-қызығында дастархан жайып, ағайынның басын қосып, бірге отырып дәм татысатын болған. Оны қып-қызыл шығынға батқанша немесе байлық, атақ-даңқын шығару үшін жасамаған. Бүгінде осы салт жалғасын табуда. Болып жатқан қаржылық дағдарыс пен жұмыссыздық заманына қарамастан, несие алса да, туған-туысқандарымен қуанышын бөлісуді жөн көреді. Біздің айтайын деп отырғанымыз аталған тойдың ысырапшылдыққа бой ұруы туралы емес, оның қалай өтіп, онда қандай ойын түрлерінің ойналатындығы. Әдетте бауырлардың татулығы, жомарттығы мен мәрттігі, ұлттық ойындарға деген шеберлігі осындай кезде байқалады. Назарларыңызға сол ойынның кей түрлерін ұсынамыз.
Аттамақ
Бұл ойында үш жіпті керіп ұстап тұрады. Біріншісі төмен, оны аттап өту керек, екіншісі биік, оны еңкейіп, үшіншісінен тағы да аттап өту керек. Әуелі бір ойыншыны алып келіп, осы жіптен өткізіп жаттықтырып, содан соң көзін байлап, бір айналдырып қоя беру керек. Ойын басқарушының белгісімен жіпті керіп ұстап тұрған адамдар жіпті алып тастайды да, ал ойыншы өзінше әрекеттеніп аттап жүреді.
Ескерту: ойынды ұзаққа созу үшін 3-4 адамды басқа бөлмеге апарып қою керек.
Аңшылар
Ойнаушылар екі топқа тең бөлінеді. Бірі – «үйректер» шеңбердің ішінде қалады да, екіншісі – «аңшылар» - шеңбер бойымен қатарға тұрады. Аңшылардың мақсаты – доппен үйректерді көздеп ұрып, ойыннан шығару. Ойын жүргізушісінің белгісі бойынша аңшылар доп лақтырып, үйректі атып ала бастайды. Доп тиген үйрек ойыннан шығады. Ойынды белгіленген уақыт мөлшеріне дейін ойнауға болады. Ол үшін уақыт екі жаққа да тең белгіленеді. Берілген уақыт өткеннен кейін, аңшылар мен үйректер орындарын ауыстырады. Ойынның соңында белгіленген уақыт аралығында үйректі көп атып алған аңшылар тобы ұтқан болып есептелінеді.
Әріп таңдау
Ойнаушылар дөңгелене отырады. Әркім өзіне бір әріпті (А, Ә, Б, В, Г, Ғ, Д, Е...) таңдап алады. Ойын басқарушысы:
- Сен қандай әріпті алдың?
- А.
Ойыншы басқарушының одан әрі берген сұрақтарына тек «А» әрпімен басталатын сөздермен ғана жауап беруі керек. Сөздерді көп ойланып тұрмай, тез айтуы шарт.
- Сенің атың кім?
- Асан.
- Фамилияң кім?
- Ахметов.
- Қайдан келдің?
- Ақтөбеден.
- Онда не өседі?
- Алмұрт, алма, абрикос.
Осындай «А» әрпімен бастаушы келесі ойыншыға (басқа әріпке) әр түрлі сұрақ қояды. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алмай, болмаса тоқтап қалған жағдайда, ойыншы ортаға шығып, көпшіліктің ұйғаруымен өнерін көрсетеді. Ойын жалғаса береді.
Епті жігіт
Ортадағы үстел үстіне құмыра қойып, бетіне стақан төңкеріп қою қажет. Талапкер ортаға шығады. Шарт: ойыншы екі қолын артына ұстап, төңкерулі стақанды иегіне қысып, құмыраны тісімен тістеп ішіндегі сұйықтықты ішуі керек. Ойын басқарушы хабарлағанда кім епті болса, сол мына құмырадағы шырынды ішеді деп ескертіп қояды, ал шын мәнінде құмыра бос болады. Сөйтіп, жігіт алданып көпшілікке күлкі болады.
Қассың ба, доссың ба?
"Қассың ба, доссың ба?" ойыны тойларда ойналады. Қыздар мен жігіттер араласа отырады. Әрбір жұп бір көрші болып есептелінеді. Ойынды бастаушы:
- Көршіңмен қассың ба, доссың ба? – деп сұрайды. Егер сұраған адамнан «Доспыз» деген жауап естісе:
- Ендеше, достығыңды көрсет, - дейді. Сонда әлгі адам көршісінің шашынан сипап немесе сүюі керек, т.б.
Егер «Қаспын» деген жауап алса, ойынды жүргізуші:
- Ендеше кіммен дос боласың? – деп сұрайды.
Сонда ол біреудің есімін айтады. Сонан соң ойын бастаушы сұралған адамның сыңарынан:
- Көршіңді бересің бе, бермейсің бе? – деп сұрайды.
Егер бермеймін десе, ол сұраған адамның шартын орындауы тиіс.
Шарт – өлең айту, билеу, жұмбақ шешу, әйтпесе бір «жаза» болуы тиіс.
Қимақ
Бұл ойында жіп керіп, сол керілген жіпке әр түрлі ұзындықта сан алуан зат байлап қояды. Мынандай заттар: қалам, өшіргіш, кәмпит, кітап, ойыншық және ойын көңілді болу үшін бос қағазды да матап орап қояды. Ойынның шарты: бір адамның көзін байлап, ойын бастаушы оның қолына қайшы ұстатып, осы заттан «бар да, қалағаныңды қиып ал» дейді. Ол адам қиған затын алады. Егер бірінші мәрте қия алмаса, екінші мәрте әрекеттенуіне болмайды.
Орын тап
Екі жұп (2 жігіт, 2 қыз) арқасын түйістіріп қойған 2 орындықты айналып, музыканың сүйемелдеуімен вальс билейді. Музыка кілт тоқтағанда, тұрған екі орындыққа отырып үлгеру керек, орын алмай бос қалған екі адам айып төлейді, яғни өнерін көрсетіп, ән салады, өлең оқиды.
Нөмір
Нөмір ойынын ойнайтындар алқа-қотан отырады. Ойын басқарушы ортаға шығып, барлық адамдарға нөмір береді. Ойынға қатысушы әрбір адам кімнің қандай нөмір болып белгіленгендігін байқап отыруы керек. Сонымен қатар, ол өз нөмірін әбден жаттап алуы тиіс. Ойын басқарушы барлық адамдарды нөмірлеп болғаннан кейін, ойыншының біреуінің нөмірін айтады. Аты аталған ойыншы тез орнынан тұрып, басқа біреудің нөмірін айтады да, қайтадан өз орнына отырады. Ойын осылай созыла береді. Егер кім өз нөмірі аталғанда тез орнынан тұра алмаса немесе есінде сақтай алмай қалған болса, онда «жазаланады». Ол басқарушының үкімі бойынша өз «жазасын» би билеп өтегеннен кейін, басқа біреудің нөмірін атап, қайта орнына отырады.
Ойын қызық болып өтуі үшін арифметикалық төрт амалды қолданып, шатастыруға болады. Мысалы, 5 нөмірін атау үшін 25-ті екіге көбейтіп, одан шыққан санды беске бөліп, одан жетіні алып, екіні қосқанда шығатын нөмірлі кім?», - деуі керек. Осылай ойналғанда жаңылусышылар көбейіп, ойын қызықты бола түседі.
Ойын түрлері 2008 жылы Өнер баспасынан шыққан "Той-қазына" кітабынан алынды.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: uvit2012ning.com, katev.kz, np.kz, turkstan.kz
Қ. Бүйенбай