- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Біз неліктен отбасы...
Біз неліктен отбасы құрамыз?
Отбасы – бірлесіп күн көретін туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы. Десе де, «Біздер не үшін отбасы құруымыз керек?», «Оның негізгі мақсаты қандай?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік пе?
Сонымен, не үшін отбасы құрамыз деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Ата-ана болу сценариі
Ата-анамыз бізге өмір сүрудің дәстүрлі формасымен ғұмыр кешкенімізді қалайды. Себебі оларға ұрпақ жалғастығы мен бақытты өмір сүргеніміз қажет. Тал бесіктен үйрететіні, беретін тәрбиесі солай болып келеді. Олар біздің отбасы құруымызды қалайды. Өздері секілді балалы болып, дәстүрлі өмір сүру қалпын жалғастырғанымызды дұрыс көреді.
Қоғамдық қалыптасқан стереотип
Қоғамда «қатарыңның соңында болма» деген сөз бар. Яғни, біз не көрсек те, көппен бірге көруіміз керек. Көпшілік не істесе, біз де соны айна қатесіз жасауымыз керек. Егер тұрмысқа шықпасаңыз «кәрі қыз» атанасыз, кейде «жұмысбасты әйел» деген атқа ие боласыз. Тіпті тұрмысқа шығып, қайта ажырасқандардың өзі «кәрі қыздан» биік көрінеді. Ал маскүнемнің әйелі, көзіне шөп салған адамның әйелі, тіпті нашақордың әйелі біздің «отырып қалған» қызымыздан статусы биік. Иә, бізге мұның бәрінен де «отырып қалу» қорқынышты көрінеді.
Өмірлік миссия
Қыз балалар өмірге ана болуы үшін келгенін түсінеді. Оның алдағы мақсаты өздігінен-ақ отбасы құрып, оның мүшелерін бақытты ету болып шыға келеді. Осы кезде ғана әйел адам «ана бақытына» ие болады екен. Біз құдды бір ойсыз адам сияқты осы аксиомаға қарсы келмей өмір сүреміз. Тіпті мұндай өмір салты ұнамаса да көндігеміз. Неліктен?
Ертегі
Біздегі салт бойынша, нағыз өмір мен мүмкіндік тойға дейін жалғасады. Ал тойдан кейін ертегідегі «олар бақытты ғұмыр кешіпті» деп аяқталатын сценариге кәміл сенеді. Тұрмыс құрғаннан кейін қыз баласы әйел, бала босанған соң ана деген статусқа ие болып, көпшілік көзінде қалыптасқан әйел мен ана рөлін сомдауы керек.
Екеудің жолы оңай
Материалдық жағынан ойлап көрсек, мына тіршілікте бір ғана адамның жетістікке жетуі қиындау. Мемлекеттік көмек те тек отбасыларға, жас ата-аналарға бағытталған. Ал жалғыз адам тек зейнетке шыққан соң ғана мемлекеттік зейнетақыны алады, оның өзін өмір бойы өзі жинаған.
Баланың әкесі болуы керек
Балаға әке керек, ал осы ойдан кейін сүйікті күйеу емес, балажанды әкені іздеу басталады.
Қырсықтық
Мінезіміздің қырсықтығынан өмірлік мәні бар шешімдерді ашу үстінде қабылдай саламыз. Мәселен, «ауылдағы ең сұлу жігіт», «ол маған көмек көрсетті», «мен оған ұнайды екенмін», «құрбым тартып алмасын», «ата-анаға өкпелеу», «бұрынғы сүйіктіме қасақана!» сияқты себептермен отбасы құрғандар қаншама.
Қызық қуу
Бұл категорияға жас аралығы көп болса, шетелдік адам болса, әнші болса деген сияқты себептермен тұрмыс құрғандар кіреді.
Шешім жасай алмау
Өзіне сенімсіз қыз балалардың ерте бастан тұрмысқа шығуы өзгеге арқа сүйеу, жәрдем күту үшін. Яғни, өмірлік маңызы бар мәселелерде шешімді өзгеге жасату оңай.
Біз атаған себептерден өзге бір ең дұрыс себеп - махаббат. Егер махаббатыңыздың ұзағынан боларына сенетін болсаңыз және жоғарыда аталған пункттер сізді еш алаңдатпаса, бақытты ғұмыр кешуге тура жол салғаныңыз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: hqoboi.com
А. Құлтай