- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Түрлі матаны үтіктеу...
Түрлі матаны үтіктеу ережелері
Жақсы әйел төсек-орын тысы, киім-кешек және басқа да маталардың таза, жақсы үтіктелген болуын әрдайым қадағалайды. Алайда үтіктеу бір қарағанда оңай көрінгенімен, іс жүзінде кейбір маталардың қыртысын жазуға біраз әрекеттену керек екенін байқаймыз.
Киім қыртысын жаюдың амалдары
Бірінші кезекте матаның ішкі жағында орналасқан затбелгісіне назар аударыңыз. Онда затты қалай күту керектігі жайлы барлық мәліметтер жазылады. Егер үш нүктелі үтік белгісі тұрса, бұл матаны максималды температурада үтіктеуге болады дегенді білдіреді, екі нүктелі үтік белгісі орташа температурада, ал бір нүктелі үтік белгісі ең төменгі температурада ұқыптап үтіктеу керек екендігін білдіреді. Үтік белгісі сызылған болса, онда бұл затты үтіктеуге болмайды деген сөз. Мұндай жағдайда тәуекелге бару да қажет емес, одан да киімнің кірін ұқыптап кетіріп, іліп қойып кептірген дұрыс.
Мақтадан жасалған маталар ыстыққа төзімді келеді. Оны ең жоғарғы температурада үтіктеу қажет. Үтіктің шаралар жүйесін ең жоғарғысына қойыңыз: әдетте қуаттылық белгісі «3» таңбасымен немесе «мақта мата» белгісімен белгіленеді. Мақта-мата кездемесін дымқыл күйінде, ішкі жағынан үтіктеген дұрыс.
Ақ және ашық киімдерді абайлап үтіктеңіз: егер үтікті біраз уақыт бір орында ұстап тұрсаңыз, орны сарғайып қалады.
Түрлі матаны үтіктеу әдісі
Зығырдан тігілген киімдерді де жоғарыға ұқсас үтіктейді. Мұндай маталарды өңдеудің міндетті шарттары – әрдайым ылғалдау мен жоғары температура. Зығыр матаның бір ерекшелігі, оны мінсіз үтіктеу көбіне мүмкін емес. Тіпті мінсіз үтіктеймін деп тырыспағаныңыз да жөн, зығыр киімдер кішкене қырысқан болуы қалыпты жағдай. Мақта мата мен зығыр киімдерін кептірмей, дымқыл күйінде үтіктеген дұрыс. Кепкен күйінде оларды үтіктеу біраз қиынға соғады.
Іс жүзінде матаның кез келген түрін ыстық бумен булап үтіктеуге болады. Булап үтіктелетін киімді иықтарымен ілгішке немесе арнайы бағанаға іліп қояды, ал перде, төсек-орын тысы және жамылғыны киім үтіктейтін тақтаға орналастырады.
Полиэстер және трикотаж қосылған маталарды абайлап үтіктеген жөн. Оны алдымен тазалап, кейін үтіктің шаралар жүйесін «тоқыма мата» немесе «жібек» дегенге қойып, ішкі жағынан үтіктеу қажет. Үтікті шапшаң қимылдатып, бір жерде бірнеше секундтан артық ұстамай, абайлап үтіктеу керек.
Жүн маталарды үтіктің шаралар жүйесін «2» немесе «тоқыма мата» деген белгілеріне қойып, өңдеген жөн. Мұндай киімдерді дымқыл дәке немесе дымқыл жұқа мақта мата арқылы үтіктейді.
Табиғи жібек маталарды полиэстерді үтіктегендей үтіктейді. Үтіктеу кезінде су сепкішті пайдаланбағаныңыз жөн, кейбір кезде бұл жібек матаның бетіне дақ қалдыру мүмкін. Үтіктің су қоймасындағы судың мөлшері мен тазалығын қадағалауды ұмытпаңыз. Тек таза суды пайдаланыңыз. Әйтпегенде матаның бетіне дақ түсіріп қана қоймай, құрылғыны да бүлдіріп алуыңыз мүмкін.
Сурет: happy-giraffe.ru, wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Жігіттерге үтіктеуді үйрену бұйырған ба?
Сенбілік. Киімді қалай үтіктеген жөн?
A. Mustafina