Жібек қалдықтарынан жасалған жиһаздар

Жібек қалдықтарынан жасалған жиһаздар

Мата қалдықтары жыл сайын қоқысқа лақтырылады. Ал сән әлемінде бұл мәселені түрліше шешуге тырысуда. Біреулер қалдықтармен жиһаздардың ішін толтырса, екіншілері құрақ көрпе тігуде. Стамбул қаласының атақты дизайнері Meb Rure бұл мәселенің шешімін тапты. Ол жібек матаның қалдықтарынан отыруға ыңғайлы орындықтар мен жиһаздар жасап шығарады.

Ерекше топтама орындық, кресло, кішкене үстелден құралады. Түгелдей дерлік жақсылап оралған түрлі-түсті матадан жасалған. Ал тірек қызметін емен ағашы атқарады.

Жібек мата сапасымен ғана емес, айқын түстерімен ерекшеленеді. Дизайнер жаңа туындылардың осы түрлі-түсті матаның арқасында сұранысқа ие болып жүргендігін айтады.

Мұнымен қатар, орындықтарға алынып-салынатын аяқтар жасалған. Бұның көмегімен бөлме ішіндегі кеңістікті үнемдеуге болады. 

Жаңа топтамаға өзге компаниялар да қызығушылық білдіріп жатқандықтан, мата қалдықтарынан жасалған жиһаздар «Month of Design 2013″ көрмесінде таныстырылатын болады. Meb Rure әзірге жаңа жобаға дайындалуда. Бұл – шикізатты өңдеудің оңтайлы тәсілі екен. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: hgroom.ru

Қ. Бүйенбай