"Сені қалай қағып алсам екен?" – тұрмыс құру "эстафетасының" иегері болғысы келетін әрбір бойжеткен қалыңдық гүлі туралы дәл осылай ойлайды. Себебі, гүлді қолына түсірген қыз көп ұзамай-ақ тұрмыс құрады деген түсінік қалыптастып қалған. Бұл сөздерге сенетін қыздарымыз той соңында қалыңдық артына қаз-қатар тізіліп тұрып жатады.
Дәстүрдің пайда болғандығына көп уақыт бола қойған жоқ, солай бола тұрғанымен, ешбір той қалыңдық гүлісіз өтпейтін болды. Біріңіз гүлді лақтырып, екіншіңіз оны қағып та көрген боларсыздар, ендеше, оның шығу тарихы туралы біле жүріңіз.
Қалыңдық гүлін лақтыру – көне дәстүр, бірнеше халықтың мәдениетінде әбден орнығып үлгерген. Алайда, оның қашан және қайда пайда болғандығы туралы нақты дерек әлі күнге дейін жоқ. Бізге Америкадан келіп жеткен. Ал америкалықтар еврейлік тойлардан «ұрлап» алған деседі.
Ықылым замандарда әрбір халық өз бетінше отбасын құруға байланысты қуаныштарын бөлісудің әдістерін ойлап тапқан. Мәселен, украин қыздары өзінің мерекелік гүл шеңберін ең жақын құрбысына табыстаса, орыс халқының тұрмыс құрмаған қыздары қалыңдықтың көзін байлап, айналып жүреді, қалыңдық бірнеше айналымнан кейін қыздардың біріне гүл шеңберін ұстататын болған. Орта ғасырларда Еуропадағы бойжеткендер той көйлегін безендіріп тұрған әрбір зат әйел бақытын әкеледі дегенге сеніп, той соңында қалыңдықтың жалба-жұлбасын шығара отырып, әшекейлерді талап әкететін болған.
Уақыт өткен сайын дәстүр өзгере бастады. Француз қалыңдықтары той көйлегін аман сақтап қалу үшін, гүлдермен безендіретін болды, енді тұрмыс құрғысы келетін арулар сол гүлдерге таласуды шығарды. Басқа еуропалық елдерде қалыңдықтар жалғызбасты құрбыларына аспа бауларын, алқаларын тарататын дәстүр етек алды.
Мұндай қызықты салттар жігіттер арасында да бар еді, мәселен, Англияда бойдақ жігіттер шұлықтарын күйеу жігітке қарай лақтыратын, кімнің шұлығы күйеу жігіттің бетіне тисе – келесі той соның отбасында болады деген сөз.
Безендіру жұмыстарына таңдалған гүлдердің де едәуір өзгешеліктері бар. Мәселен, Египетте лалагүл, Грекияда апельсин гүлі немесе шырмауық таңдалса, римдік қалыңдықтар гүлшетенді (розмарин) құп көреді. Ал мұндай салтанатқа қолы жетпейтін қыздар қарапайым гүлдердің көмегіне жүгінеді.
Осы дәстүрлердің ізімен қалыңдық гүлі де қолданысқа енді. Той болатын күні таңертең жігіт қызға әдемі гүл шоғын әкеліп береді. Қыз ол гүлді неке қиыла салысымен, теріс бұрылып тұрып, құрбыларына лақтыратын. Рәсімге тек қана тұрмыс құрғысы келетін қыздар ғана қатыса алатын, ал ондай ниеті жоқ бикештер қалыс қалды. Ең алғашқыда осылай болғанымен, бүгінгі күні гүл шоғын күйеу жігіттер таңдай бермейді. Қалыңдық оны әшекей бұйымдарына, той көйлегіне лайықтап өзі таңдайды, ал «гүл лақтыру рәсімі» неке қиылғаннан кейін емес, той соңына қарай өтеді.
Тойды халқының қазынасына айналдырып үлгерген қазақ халқында осы рәсім туралы әртүрлі әңгімелер айтылады. «Біздің салт-дәстүрімізге жат, шетел асып келген дүние» деп қарсы шығатындар да жоқ емес. «Қалыңдық гүлінің» орнына орамал тапсыру рәсімін енгізіп қойғандар да табылады. Алайда, көпке қарсы шыға алмайсың, «жаңа дәстүрді» қолдамайтындарға қарағанда қолдап, жүзеге асырып жүргендердің қатары әлдеқайда көп. Мұны бізге ертеден таныс «жұғысты болсын» дәстүріне теліп қойғанымыз да абзал болар. Бастысы – бұл дәстүр жақсы ниеттен туған екендігін естен шығармайық. Келісесіз бе?
Қалыңдық гүлін таңдауға байланысты кеңестерімізді мына жерден оқи аласыздар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com
Өтірк 17 рет тосқандар бар ;) бірақ үйленбеген
Әйтеуір ізгі мақсаттармен жасалатын ырымдарға сену дұрыс сияқты, меніңше...
мен кеше алғаш рет қағып алдым :D қыздардың бәрі " о енді тезірек кетіп қал" деп шулап кетті, бірақ, мен бұл ырымға сенбейді екенмін :) бірақ, бәрібір қызық, қалыңдық лақтырып жатса қатыспай қалай қарап тұрасың? :mrgreen:
еее гүл қағуды осы постқа қарап қағып алғасың ғой :lol:
Сауық пен көңiл-күйдiң бөлшегi деп қараймын, «Жат ырым» деп те, «Мiндеттi түрде күйеуге шығады» деп те ойламай, жай ғана тойлау керек. «Жақсы сөз - жарым ырыс» қой бiрақ )))
Ешкімнің кеңесісіз-ақ, осыған қатысты кітап-журнал оқымай-ақ, екі рет ұстап алғанбыз. Өз басым, бұл салтты жөн деп санамаймын. Одан да қазағымыздың "шарғы салуы" әлдеқайда жөн-ау деймін
шынымды айтсам бір де бір тойда гүл лақтырғанын көрген емеспін Ақтауда. Қалыңдық өзі келін болып түскен үйдің қыздарына (қайынсіңлілерінің үлкеніне) ұзатылып шыққанда тартқан қызыл орамалын сыйға тартады ырымдап.
Осы гүлді қағып алмай ақ кеттік қой тұрмысқа :lol: :lol:
менде сенбейді екем, гүл алуға тырыспаймын онша ))