Үйлену тойына дайындалайық!

Үйлену тойына дайындалайық!

Жаз бен күз мезгілдері – тойлардың қызатын шағы. Қазақ той жасау үшін бірнеше ай толғатары анық. Бүгіндері халқымыз тойдың өтуіне аса жауапкершілікпен әрі қызығушылықпен қарауда. Тойдың есте қаларлық етіп өтуі үшін оны "қымбаттатудың" керегі шамалы. Тек жиынның жақсы өткенін қаласаңыз, оны алдын ала ұйымдастыра беріңіз. Бүгін біз сіздерге үйлену тойға дайындықты неден бастау керектігін айтпақпыз.

 Үйлену тойына үш ай қалғанда...

  1. Той күнін нақты белгілеу. Ол күннің сіздерге ғана емес, келетін қонақтарыңызға да ыңғайлы болғаны жөн. Алдымен күнді белгілемес бұрын бірнеше күндердің нұсқаларын жасап алыңыздар. Үйлену той ұл жақтың мойнында болғанымен, қыз жақтағы туыстармен де ақылдасуға тура келеді. Той күнінің екі жақтың ойласуымен белгіленгені абзал.
  2. Қонақтар санын анықтау. Тойды қанша қонаққа арнап жасайтындығыңызды да алдын ала ойланыңыз. Мұның маңызы көп. Алдын ала шақырылатын қонақтарды санап жүріңіз.
  3. Неке Сарайын таңдауды бастау.
  4. Жолдас қыз бен жолдас жігітті (куәгерлер) таңдау. Неке қиып, заңды түрде некеге тұруға куәгерлік ететін және үйлену той кезінде екі жақтан (қалыңдық жақтан қыз бала, күйеу жігіт жақтан ұл бала) серік боларлық жақын достарыңызды таңдап қойыңыз. Олар да тойға дейін өздерінше дайындықта жүру үшін кімді таңдасаңыз, соған алдын ала ескертіп қойыңыз.
  5. Тойхана немесе мейрамхана таңдап, тапсырыс беру. Егер үйлену тойын тойханада не мейрамханада өткізгіңіз келсе, қазірден сол орынға тапсырыс бере берсеңіз болады. Өйткені тойлар жарысып жатқан жаз бен күз мезгілінде көп тойхана мен мейрамхана бос болмай қалады. Тойханаға үш ай бұрын тапсырыс беріп қойсаңыз, өзіңіз де сенімді жүресіз.

 

Үйлену тойына екі ай қалғанда...

  1. Неке куәлігіне өтініш беріп қою. Егер неке куәлігін дәл той күні алғыңыз келсе, онда алдын ала АХАТ бөліміне, не Неке Сарайына куәлік алуға өтініш беріңіз.
  2. Той өтетін орынға (тойхана, мейрамхана) барып, сондағы әкімшімен бәрін талқылап, ұйымдастыру.
  3. Той көйлегіне тапсырыс беріп не сатып алу. Жақсы әрі әдемі той көйлектері кешіккен қалыңдықтарды күтіп, көп тұра бермейді. Сондықтан тойға екі ай қалғаннан бастап, той көйлектерін таңдап қоя беріңіз.
  4. Туфли сатып алу.
  5. Шақыру билеттеріне суретке түсіп, не арнайы шақыруға қағаздарын сатып алу.
  6. Тойды жүргізетін асаба іздестіру.
  7. Сұлулық салондарын таңдау.
  8. Той алдындағы серуенге шығуға арнайы көліктермен келісіп, тапсырыс беру.

 

Үйлену тойына бір ай қалғанда...

  1. Тойды жүргізетін асаба мен ансамбльді табу.
  2. Видеотаспаға түсіретін және суретке түсіретін операторлардың ішінен өз ісінің шеберлерін табу.
  3. Күйеу жігітке костюм мен шалбарын сатып алу.
  4. Шақыру қағаздарын жазып, тарату. Бір ай қалғаннан бастап шақыру қағаздарын тарата берген жөн. Келетін қонақтар үйлеріне келген шақыру қағаздарына қарай күн жоспарларын түзе бастайды. Сіздің тойыңыз күні басқа жаққа баруы керек боп қалуы да мүмкін. Сондықтан шақыру қағазының той болуына бір ай қалғанда қонақтардың қолдарына жеткені дұрыс.
  5. Тойға керек-жарақтар мен майда-шүйденің бәрін түгендеу.
  6. Той көліктерін сәндейтін мекемеге тапсырыс беру немесе көліктерді сәндейтін керек-жарақтарды сатып алу.
  7. Дастарханға және қонақтарға алынатын сыйлықтардың тізімін жасау. Тізім жасаудың алдын ала жазылғандығы өте дұрыс. Өйткені той жақындағанда қарбалас басталады. Ал қарбалас кезінде алу керек біраз нәрсені ұмыт қалдырып, ұятқа қала жаздайсыз. Сондықтан қазірден бастап тізімдерге кірісе беріңіз.
  8. Тойхананы сәндейтіндермен келісу.

 

Үйлену тойына екі апта қалғанда...

  1. Қонақтардың санын нақты анықтап біту.
  2. Келетін қонақтардың аты-жөнін жазып, туыс-туысқа және үстел-үстелге бөлу.
  3. Тортқа тапсырыс беру.
  4. Қалыңдық гүліне тапсырыс беру.

 

Үйлену тойына бір апта қалғанда...

  1. Сұлулық салонымен келісіп, келетін күніңіз бен уақытын белгілеп қою.
  2. Асабаға, операторлар мен ансамбльге қайта хабарласып, тойды қайта ескерту.
  3. Құдалармен хабарласып, тойға дайындықтарын білу. Құдаларды күтіп алуды және қонақ етуді ойластыруды да ұмыт қалдырмаған жөн.

 

Үйлену тойына бір-екі күн қалғанда немесе «Ертең – той»...

  1. Қалыңдық гүлін алып келу. Әкелінген гүлді суға салып, солып қалмау үшін бар жағдайды жасау керек.
  2. Тойға дейін үйге келетін қонақтарға арнап дастархан жаю.
  3. Тырнаққа маникюр мен педикюр жасау.
  4. Той көйлегі мен күйеу жігіт көйлегін қайта қарап шығу. Бір жерінде жыртығы не дағы болмас үшін киімдерді қайта бақылап шығу артықтық етпейді.
  5. Маңызды қонақтарды күтіп алатын адамдарды анықтау.
  6. Тапсырыс берген тортты алып келу.
  7. Той алдындағы серуенге шыққанға тағамдар мен сусындарды дайындау. Жастар серуенге шыққанда, оларға жеңіл тағамдар мен сусындардың керегі болады. Осылардың бәрін дайындай бастаңыз.

 

Той күні...

Өзіңізбен бірге ала шығуды ұмытпау керек:

  1. Жеке басыңызды куәландыратын куәлік. Некелеріңіз заңды түрде қиылғанда куәліктің керегі болады.
  2. Неке жүзігі. Неке қиылғанда екі жас бір-біріне неке жүзігін тағуы керек.
  3. Қалыңдық гүлі. Қалыңдық гүлсіз шықпағаны жөн. Сонымен қатар, гүлдің тірі болғаны дұрыс.
  4. Ақша. Той кезінде түрлі жағдайға ақшаның керегі болмауы да мүмкін емес.
  5. Ине-жіп пен ілмек. Қалыңдық көйлегіне немесе күйеу жігіттің костюміне түрлі жағдайлар болып бүлініп қалуы мүмкін. Сондайда ине-жіп пен ілмектің көмегі әбден керек болып қалады.
  6. Сулы не құрғақ шүберек. Ыстық күндері өтетін тойда құрғақ және сулы шүберектің де керегі болады. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: mail.ru

А. Әбілхан