Құлпынайды қалай таңдаған дұрыс?

Құлпынайды қалай таңдаған дұрыс?

Жазбен бірге дәрумендер мен микроэлементтерге толы жеміс пен көкөністер маусымы басталды. Бірақ әркімде де базардан жеміс-жидек, көкөніс таңдағанда сәтсіз түскен кездері болған шығар. Біздің қарапайым кеңестерімізді есте сақтап жүрсеңіз, алданбай, ең жақсы деген тауарларды таңдайсыз. Бүгінгі әңгіме құлпынай жайлы болмақ.       

Кальций, темір, фосфор, мырыш, йод, сонымен қатар В1; В2; В6; РР; А; Е; С дәрумендеріне бай құлпынай жидектерін барынша дұрыс таңдап, пайдалы қасиеттерінің барлығын пайдалану керек.         

Құлпынай жалпы иммунитетті нығайтып, адамды дәрумен жетіспеушіліктен құтқарады, қан-тамыр жүйесін қорғайды. Өз уақытында желінген құлпынай сізді суық маусымдарда инфекциялы аурулардан қорғайды. Айта кетсек, тәтті болса да, құлпынайды қант диабетіне шалдыққандарға да жеуге болады.         

Сонымен, құлпынай жидектерін таңдау мәселесіне келейік.      

  1. Берік, қатты, мыжылмаған, еш кемшілігі жоқ құлпынай жидектерін таңдаңыз. Құлпынайдың үстінде гүлсабағы міндетті түрде сақталуы керек. Гүлсабағының сақталуы құрамында С дәруменінің қажетті мөлшері болуына кепіл болады.    
  2. Өте үлкен жидектерді сатып алмаңыз. Әрине олар әдемірек көрінеді, алайда дәмі сулы болады. Орташа және ұсақ құлпынай жидектерінде дәрумендер көбірек болады.    
  3. Құлпынайдың беткі қабатын қарап шығыңыз: оның бетінде түрлі дақтар болмауы керек. Бұл құлпынайды өсіргенде химиялық заттар қолданғандығының бірден-бір белгісі. Ал химиялық тыңайтқыштар көмегімен өсірілген жидектердің пайдалы қасиеттері кемірек болары айтпаса да, түсінікті.         
  4. Базар не дүкенде түсі ашық қызыл құлпынаймен қатар қанық қызыл даналарын кездестіруге болады. Бұл құлпынайдың өскен жеріне, түріне байланысты. Ашық даналары піспей қалған деген пікір дұрыс емес. Әрқайсысының өзінің дәмі мен ерекшеліктері бар. Сатушыдан оның қай жерде өсірілгенін сұрап көріңіз.              
  5. Құлпынай жидектерді иіскеп көріңіз: сапалы жидектердің табиғи жағымды иісі болады және ол қатты байқалады. Иісі байқалмастай жидектер "химия" көмегімен өскен.              
  6. Базарда не дүкенде құлпынайдың бір талын татудан қорықпасаңыз, оның дәміне баға бере аласыз. "Металлдық дәм" құрамындағы нитраттардың көптігі жайлы айта алады.             

Астарыңыз дәмді болсын!             

 Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: svejo.net

С. А