Қарым-қатынасымыздың аты жоқ – 3

Қарым-қатынасымыздың аты жоқ – 3
Фото: gorod.lv

Басын оқу

Ұйқыдан да, тамақ ішуден де қалдым. Бір жұтым су тамағымнан өтпей қалды, ұйқы туралы мүлдем ұмыттым. Жападан жалғыз қалдым. Дәл сол кезде екеуміздің оқиғамызды білетін жақындарымның ешайсысының қолдары тимей, жанымнан ешкім табылмай қалды, біреудің иығына басымды қойып қатты жыламасам, жынды болып кететінімді түсіндім. Құрбыларымның да кінәсі жоқ, бәрінің сол кезде өз мәселелері болып қалды. Өз қайғыммен өзім жалғыз қалдым, сол кезде әркімнің өз «проблемасы» өзіне екенін білдім. Дарханды шақырып сөйлесейін десем, намысым жібермеді, қанша дегенмен екеуі ағалы-інілі емес пе?! Жанболаттың өзін шақырып сөйлескім келді, отбасының ортасына түсетін арам ойым болған жоқ, тек сұрақтарыма жауап алып, оқиғамызға шынымен нүкте қойғым келді. Бірақ мені Айнұр тоқтатты, «екеуің сөйлесіп, ол қайтадан ойланып қалса, отбасының ортасына түсіп қаласың, олай істеме» деді. Жынды адамдай өз-өзіммен кешке жақын Төле бидің бойында жүретінмін. Сол кездегі сезімімді шынымен сөзбен жеткізе алмаймын. Үмітімнің, сенімімнің, жоспарларымның парша-паршасы шыққан еді. Сол күндердің бірінде сіңліммен қала парктерінің бірінде кездестік. Ішімдегінің бәрін айтып отырып, еңкілдеп жылағанымды көрсеңіздер ғой, маған жетпей жүргені тыңдайтын адам болған екен, жан-жағымның бәрін ұмыттым. Сіңлім ештеңе деген жоқ, тек тыңдады, мен біразға дейін тоқтай алмай жыладым, ішіме жиналып қалған екен, бұлай ешқашан жыламаған шығармын. Аллаға шүкір ата-анам, жақындарым аман. Бұлай жылауым да дұрыс болмаған шығар, бірақ сол кезде мен үшін жыламасам болмайтын еді. Түнде екеуміз біраз жерге дейін жаяу қаттық. Екі күннен кейін магистратураның шетел практикасынан өту үшін Қытайға жол жүріп, он күн болып келдім. Қайтып келгенде кішкене сергігендей болдым.

Достарымыз ортақ болған соң, оны бір күн болмаса, бір күн көретінім белгілі еді. Сол кезде "өзімді қалай ұстаймын" деп көп ойландым, тіпті өз-өзімді іштей дайындап та жүрдім. Дегенмен де күтпеген жерде кездесіп қалдық. "Ініме машина алып берейін" деп елдің бәрі алып жатқан кредитті мен де алғанмын, сол ақшаға машина алып, соны өз атыма аударып жүргенмін, ол кезде інім практикамен Кипрға кеткен, ол келгенше алып қойып қуантқым келді. Сол жұмыстармен халыққа қызмет көрсету орталығында жүргенмін. Жай өз-өзіңмен жүрсең, ешкім жоқ сияқты, бірақ машинаның жаңа номерін алып шыққан кезде  бәрі жан-жақтан бас салады екен, сондағы айтатындары «страховка керек пе?» дейді. Солардан қашып, сыртқа шығып, мамамды ертіп қайта кіріп келе жатқанмын, артымнан біреу «сәлеметсіз бе?» деді,  «страховкалардың» бірі ғой деп қарасам, алдымда Жанболат тұр. Аузыма сөз түспей «қалайсың?» дей беріппін, жүріп бара жатып жөн сұрасып, екеуміз екі жаққа қарай кетіп қалдық. Оның ертесіне тағы көрдім, Дархан келген бір жұмыстарымен, сонымен бірге жүр екен. Салқын амандастық та қойдық. Үшінші кездесуіміз Айнұрдың үйінде болды. Ораза кезі еді, Айнұр бәрімізді ауызашарға шақырды, ол да келді әйелімен. Тура маған қарама-қарсы отырды екеуі. Не жеп, не ішкенімді білмеймін. Екеуміз бір-бірімізге барынша қарамауға тырыстық, дегенмен қарама-қарсы отырған соң көзіміз түйісіп кететін кездер болды, ондай кезде бірден басқа жаққа қарай қаламыз. Ішімдегі толқуды барынша жасырып бақтым, қолымнан жақсы келгенін де білемін, бұл мүмкін жақсы, мүмкін жаман, бірақ мен эмоциямды жасыра алатын адаммын. Ол әйелімен көп отырмай кетіп қалды, кетерінде бәрімен қоштасып жатты, мен мүлдем ол жаққа қарамай отыр едім, атымды атады, қарап едім «сау бол» деді де, шығып кетті.

Одан кейін көрмей кетіп едім, осы жақында Дархан келген үй жаққа. Екеуміз әңгімелесіп отыр едік, оған Жанболат хабарласып келетінін айтты. Мен Айнұрды шақырып алдым, жолдасы жұмыста болатын. Айнұр ауырып жүрген, төртеуміз дәріханаға бардық, дүкенге бардық, одан кейін біраз әңгімелесіп отырдық. Сол кезде Жанболаттың не дегенін білесіздер ме? «Дархан, білесің бе, сол кезде армияға кетіп қалмағаныма өкінемін» дейді, тағы да «не туралы айтып жатқанымды түсіндің» деп қосты. Дархан болса «иә, өкінесің, бірақ өкінгеннен не пайда? Ол сенің таңдауың еді» деді. Ары қарай бұл әңгіме жалғаса берер ме еді, Айнұр «бәріміздің өткенімізде әйтеуір бір өкінішіміз бар, сондықтан бұл тақырыпты жабайық» деп айтпағанда. «Сен сол қалпысың, мүлдем өзгермегенсің» деп қайталаудан жалықпады маған. «Мен өзгермеймін, осы қалпымда қалам» дегеннен басқаша ештеңе демедім. Оның әйелі босанып, жақында ұлды болған еді. Бірақ оның көзінен қуаныштан гөрі, мұңды байқадым. Әке атанды, бірақ ол үшін қуанып жүргенін байқамадым. Бір қызығы оның отбасы жайлы, әйелі, баласы жайлы ешкім менің көзімше сөз қозғамайды. Солай да дұрыс шығар.

Болары болып, бояуы сіңді. Ол үйленгелі бері де бір жыл өтіпті. Мендегі қазіргі сезімді түсіндіре алмаймын, себебі оны өзім де білмеймін. Ол үйленген кезде Дархан сөзінің арасында айтып қалып еді, «Әйелі екеуі бір-бірін жақсы көрмейді» деп. Жақсы көрмесе не үшін үйленді? Отбасының құрылуына махаббат негіз болмаса, сонда ол қандай отбасы болады? Оның үйленген қызы мамасының құрбысының қызы екен. Менің жорамалдауымша екі жақ келісіп екеуіне "үйленіңдер" деп қолқа салған сияқты. Себебі, Жанболат екеуміз сөйлесіп жүргенде өзі де "үйдегілер үйлен деп қоймайды" дейтін. Менің оқуым бар, жұмысым бар, сол кезде оған тұрмысқа  шықпас едім, Жанболат та оны білетін. Үйлену мәселесіне байланысты үйінде қиындықтар да болған сияқты, сол екен ғой оның үнсіздігінің себебі. Оны маған қалай айтсын? Үй іші "басқа қызға үйленесің деп жатыр" деп айта алмаған да шығар. Ал мен оны түсінуге де тырыспадым сол кезде. Бұл – менің естіген әңгімелеріме сүйеніп жасаған өз болжамым. Негізінде не болғанын нақты білмеймін. Соны өзінен қатты сұрағым келеді. Сұрақтарым өте көп, жауап таба алмай шарқ ұрып кетем кейде. Біреу жауабын айтса ғой...

Қазір жұмыс пен үйдің ортасында жүрген адамдардың бірімін. Өзімді жұмыспен, сабақпен алдауға, достарыммен кездесіп күліп-ойнауға тырысамын. Кеудемдегі қаңырап қалған бос кеңістікті айтеуір бір нәрсемен толықтырғым келеді, бірақ өз-өзімді осылайша алдайтынымды да білемін. Қайтадан жалғызбын, бірақ бұрын жалғыздығым бұлай жаныма батпайтын еді. Жанболатпен таныс емес кездің өзінде өміріме біреуді кіргізуім қиын еді, қазір мүлдем жігіттермен сөйлескім келмейді. Ол өзімен бірге адамдарға деген сенімімді алып кеткен сияқты кейде. Қыз болған соң әрине ұнататын, шын жақсы көріп, жүрегін ұсынып жүрген жігіттер жоқ емес, бірақ Жанболаттың орнын ешқайсысы баса алмайтындай көрінеді, өзімнің көңілімді аулау үшін ғана олардың сезімін пайдаланғым келмейді. Күнделікті күйбең тіршілікпен алданатыным рас, бірақ кейде сондай қатты сағынып кеткен кездерде өзімді қоярға жер таппай кетем. Оны қалай сағынатынымды білсеңіздер ғой?! Кімді кінәларымды білмеймін. Өзімді ме, оны ма? Кез келген істің қайыры бар екенін түсінем, мен үшін де, ол үшін де қайырлысы осы болған шығар. Бірақ неге осыны жүрегіме түсіндіре алмаймын. Қосылып алып, ит пен мысықша ырылдасып өткендерге қарағанда, осылай сағынысып өткеніміз де дұрыс болар бәлкім, кім білсін?!

Дегенмен де уақыт емдеп жазбаса да, біртіндеп бастапқы кезге қарағанда өз-өзіңе келіп, қалыпты өмірге көшеді екенсің. Мысалы, бұрын оның есімін жай ғана естіп отыра алмайтынмын немесе жанымда болса өзімді қоярға жер таппай кететінмін, қазір ол сезімнің бәрі басылғандай. Жүрегіме ол салып кеткен жара жазылады ғой әрине, бірақ бәрібір де бір түйіннің қалары анық. Жанболат пен мені тек жақсы естеліктер ғана байланыстырады, ол мені ренжіткен емес, тек басқаны таңдағаны ғана жаныма қатты батады. Онымен өткізген алты ай менің алты жылыма татиды. Мен негізі өмірге позитивті көзқараспен қарайтын адаммын. Менің де екінші жартым бар екеніне, Алла мені жақсы адаммен кездестіретініне, біреуді сүйіп, сүйікті болып, тұрмысқа шығатыныма сенемін. Мен әлі де сүйе аламын, ғашық бола аламын, ол адаммен кездесу күнінің де алыс емес екенін сезетіндеймін. Жанболатқа тек бақыт тілеймін, осындай керемет сезімді сыйлағанына оған рақметімді айтамын. Ол енді менің өткенімнің бөлшегі ғана болып қала бермек...

Ол туралы айтсам, айта бергім, жазсам, жаза бергім келеді. Айтарым көп, естеліктерім де өте көп. Оны еске алған сайын қанша жерден түсініксіз жағдайлар көп болса да, бәрібір еріксіз жүзіме күлкі үйіріледі. Жоқ, ол менімен ойнап немесе уақыт өткізу үшін ғана жанымда болған жоқ, мен сенімдімін және оның да бәрінің бұлай аяқталғанына өз айтары бар екеніне сенімдімін. Алдағы уақытта өмірлік жары мен баласы өмірінің мәніне айналып, жүзіндегі мұң қуанышқа айналса, шынымен, шын жүрегімен күле білсе екен деп тілеймін.

(Есімдер өзгертілген)

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

М. Оңғарова