- Негізгі бет
- Құпия
- Жігітім үйленген соң...
Жігітім үйленген соң өзгере ме?
Сәлеметсіздер ме! Әлеуметтік желілердегі осындай жақсы айдарларды оқып отырып, мен де өзімді мазалап жүрген оймен бөлісіп, кеңестеріңізді білсем деп едім. Менің жасым жиырма бірде. Жоғарғы оқу орнын биыл бітіріп, диплом алдым. Қазір мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп жүрмін.
Мен осыдан екі жыл бұрын, уақытша жұмыс істеп жүрген кезімде сол жерде күзет қызметінде жұмыс істейтін бір жігітпен танысып едім. Ол менен екі жас үлкен. Оңтүстіктің жігіті. Ол ата-анасынан бала кезде айрылып, атасы мен апасының қолында өскен. Бір әпкесі мен ағасы бар. Әпкесі отбасын құрған, ал ағасы әлі де бойдақ. Бұл жігіт маған өзінің мінезімен ұнаған болатын. Біраз уақыттан соң біз қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Содан бері екі жыл уақыт өтті. Арамызда талай рет өкпе, реніш болды. Тіпті жарты жылдай хабарласпай кеткен кезіміз де болған. Бірақ қалай болса да, ешкім мені ол секілді ренжітіп, ол секілді көңілімді таба алмаған. Мұның бәрін айтып жатқан себебім, сіздер дұрыс кеңес беру үшін бәрін білгендеріңіз дұрыс деп ойладым.
Оның тұрақты жұмысы жоқ. Соңғы бір жылда негізінен құрылыста жұмыс істеп жүр. Біз жақында үйленуге шешім қабылдадық. Бірақ менің көңілім алаңдаулы. Себебі болашағым үшін уайымдаймын. Өзім еш таршылық көрмей өстім. Әкем секілді жігітті кездестіру, барша қыздар секілді менің де арманым еді. Ол кісі - өте салмақты, еңбекқор, артық бір ауыз сөзі жоқ, үлгі тұтарлық жан. Менің сүйгенімнің жұмысы тұрақсыз, дипломы жоқ деп еш уайымдаған емеспін. Бірақ отбасын құрған соң ол мүлде басқа адам болып шықса қайтемін деген ой мені жиі мазалайды. Өзі жайдары, мінезі жұмсақ, бірақ аздаған құбылмалылығы бар.
Сіздер қалай ойлайсыздар, көпті көрген әпкелер, менің бұл уайымым қаншалықты орынды? Қандай кеңес бересіздер? Уақыт бөлгендеріңізге көп рақмет!
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Қ. Бүйенбай