Алғашқы махаббатым мені алдап кетті ме?

Алғашқы махаббатым мені алдап кетті ме?

Менің жасым 16-да. Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2013 жылы күзде мектебімдегі бір жігітті ұнаттым. Вконтакте әлеуметтік желісі арқылы танысқан болатынбыз. Онымен кәдімгідей дос ретінде араласып жүрдік. Күндер өте менің оған деген сезімім күннен-күнге күшейе берді. Бірақ ол мені қарындасындай көрді. Білмеймін, оны көрген сайын жүрегім дүрсілдеп кететін еді. Оны бір көрмесем болмайтындай, күні-түні соны ойлаумен болдым.

Оның маған ұнаған жері – ол сондай мейірімді, жұмсақ, ақкөңіл, әрдайым күліп жүретін, сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жігіт. Және мен ол туралы шығарма жазатынмын. Ол осыған қатты риза болды. Әрдайым оның жанында болған сайын жүрегім лүпілдеп, қуанышым қойныма сыймай кететін. Сол уақытта менен асқан бақытты жан болмайтын. Құдай-ау, осындай да ғашықтық болады екен-ау... Шіркін, ғашықтық не деген тәтті сезім еді, бірақ соңында азабы көп екенін байқадым... 

Ғашық адамның көзі соқыр болатыны рас екен. Мен оған Жаңа жыл қарсаңында 1000 бірлік салдым. Ол сондай қатты қуанып, не айтарын білмей, ризашылығын білдірді. Кейін "саған оқу басталған соң беремін" деді. Бірақ берген жоқ... Кейін ол маған көп өтініш айтатын болды. "Реферат жазып берші" деді, жазып бердім. Және басқа да сыйлықтар бердім, шоколад, пенка, кітап, бірлік бердім (Әсіресе бірлікті көп салдым, өзі де тағы сұрайтын)... Бір күні ол менен "саған не берсем екен? Қандай сыйлық ұнайды?" деп сұрады. Мен көп ойланып "иіссу (духи)" дедім. Ол "жарайды" деді. Бірақ оны да бірден берген жоқ. Ол маған "бір қызға тапсырыс бердім, әкелмей жатыр, 8 наурызда беремін" деді. Мен күтіп жүрдім. Сөйтіп, 8 наурыз да келіп жетті, ол мені жай құттықтады, бірақ ешқандай сыйлық берген жоқ. Мен "мүмкін кешке қарай беретін шығар" деп ойладым. Бірақ... Енді сүйген адамыңнан сыйлық алған керемет емес пе? Сол күн мүлдем есімнен кетпейтін болды. Содан кейін көңіл-күйім түсіп, жындандым. Одан тағы да сұрадым. Бірақ ол алып берем деп жүре берді, сылтауратып, көп уақыт өтті, әлі бермеді, "Мэри Кэйға бір қызға тапсырыс бердім, әлі келмей жатыр, егер келсе, ақшасын төлеп қойдым, өзі апарып береді" деді. Сосын мен ол қыздан сұрадым (таныс досым еді), сөйтсе, ол оған ешқандай ақша төлемеген де, тапсырыс бермеген де! Ол қыздың істейтін жері Мэри Кэй емес, Эйвон. Мені алдады ма, пайдаланып кетті ме, түсінбедім. Ол жақсы көретінімді біледі. Сезімімді айтқан болатынмын. Одан бұрын "сен туралы өлең шығарып беремін, Ақжелкенге редакцияға жіберемін" деді, бірақ ол да өтірік болып шықты, ешқандай да өлең шығармаған. 

Білем, бұл басымнан өткен жағдайға оның еш кінәсі жоқ, бірақ алдағаны қатты ауыр тиді. Бәріне өзім кінәлімін. Бәрі 1000 теңгелік бірліктен басталды. Егер сезімімді айтпағанымда, бәрі басқаша болатын ба еді... Әттең. Ал енді бұған сіздер не дейсіздер? Өтінем, осыны Массагетке шығарыңыздаршы. Мен бұл сырымды ешкімге айта алмаймын. Сіздерден кеңес күтемін... 

Автор: Құпия қыз

Сурет: vk.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова