- Негізгі бет
- Психология
- Мінсіз жоспар ...
Мінсіз жоспар
Бұл мысалдан өзіңізді таба аласыз ба?!
Тaңертең. Орман арасындағы өзен жым-жырт кілкіп ағып жатыр.
Өзен бетінде қалықтап ұшып бір шыбын жүр. Суда жүзген балық: «Әттең, шыбын сәл ғана төмендесе ғой. Қағып салар едім» деп ойлады. Жағада үлкен тастың қалқасында бір аю отыр. Ол: «Ана шыбын сәл ғана төмендесе ғой, балық ыршып шыққанда, мен де оразамды ашар едім» дейді іштей. Жағадан алыстау қалың бұта арасында осының бәрін бағып, мылтығын кезеніп бір аңшы отыр. «Шіркін, аю балық аулауға қарманғанда, маған да жайратып салуға орай туар еді» дегендей сұстанып отыр. Аңшының дәл артында інінен сығалап бір тышқан отырды. Жер мен көктен келер қатер мен орайдың бәрін білетін ол:«Шыбын сәл төмен ұшса, балық ыршып шығып оны аулағана, аю тастың қалқасынан шығып балыққа жүгірсе, аңшы аюды атып алып, жүгіре жөнелгенде мен оның жанында қалып қойған ірімшікті ала қашсам» деген ниетпен отырды. Тышқан інінен сәл аулақтау жерде бір мысық тышқанның шыға келуін аңдып отырды.
Бәрінің көңілінде бір үміт. Кенет шыбын шынымен де сәл төмендеп еді, балық әлгі бейшараны қағып түсті. Бұған қорбаңдап жүгірген аюды аңшы қақ маңдайдан тартып қалды... «Гүрс» еткен ащы дауыс таң тыныштығын бұзып жіберді. Зәресі ұшқан тышқан ес ақылынан айрылып, ініне бұға қалды. Шошынған мысық айдалаға лағып кетті.
Осыған негізделгенде біз көпшілігіміз тышқан мен мысық шығармыз. «Ірімшікті» аңсап мінсіз жоспар құрғандай боламыз. Немесе тек қана тәтті қиялмен отыра береміз. Ал жоспардың мүлт кетер тұсын ойлай алмаймыз. Мылтық дауысын мүлде есімізден шығарып жібереміз. Өзгелердің құрған табыс жоспарынан пайда тапқымыз келеді.
Ал балық пен аю секілді болымсыз пайда үшін өз басын қатерге байлап беретіндер де кездеседі. Ал аңшы ірімшігін жоғалтқан күнде де өкінбес еді. Мына өмірде сіз тегі қай типке жатасыз?!
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
А. Әбілхан