- Негізгі бет
- Психология
- "Күйеуім неге сыйлық...
"Күйеуім неге сыйлық бермейді?" Психолог негізгі 6 себепті атады
Сезім сатылмайды - біз бұған қарсы шықпаймыз. Бірақ ешбір әйел саналы түрде сыйлықтардан бас тартқан емес. Барлық ерлер бірдей әйеліне сыйлық бере бермейді. Көпшілік мұны сараңдық деп санауы мүмкін. Бірақ оның басқа да себептері болуы мүмкін. Massaget.kz тілшісіне психолог Коспаева Аяулым Өмірғалиқызы күйеуінің әйеліне сыйлық бермеуінің негізгі 5 себебін атап өтті.
Отбасылық психолог Коспаева Аяулымның айтуынша, ер адамның әйеліне сыйлық бермеуінің негізгі себептеріне мыналар жатады:
1. Алғыс айтпайды
Әйелдер әлеуметтік желіде, мысалы, инстаграмда басқалардың өмірін аңдиды. Мәселен, біреудің күйеуі әйеліне үлкен гүл шоғын беріп жатады немесе керемет мейрамханаға шақырып жатады. Ал оның күйеуі шамасы келгенше немесе қандай да бір жағдайға байланысты бір гүл әкелсе, "маған берері тек осы ма" деген секілді сезіммен қабылдайды. Бұл сөзді ашық айтпаса да, іштей солай ойлайды. Бар нәрсеге қуана білмейді және қанағаттанбайды. Осыдан кейін оның күйеуі "бәрібір қуанбайды" немесе "жақсы сыйлық ала алатын кезде біржола беремін" деп сыйлық бермей қояды.
2. "Ол маған міндетті"
Ол тек әйелдерде ғана емес, ерлерде де бар. Мысалы, көпшілік еркек "сен үйді таза ұстап отыру керексің", "балаға тәрбие беру керексің", "тамақ пісіріп қою керексің" деп, оның бәріне әйел міндетті деп қабылдайды. Сол секілді еркек те әйелге сыйлық беруге міндетті емес. Бірақ көп әйелдер ол міндетті деп ойлайды. "Сен міндеттісің" немесе "сен маған өмірі сыйлық бермейсің" деп айтсаңыз немесе талап етсеңіз, ер адам сыйлық бергісі келмей, айнып қалады.
3. Дұрыс сұрауды білмеу
Бұл да білім. Көпшілік әйел күйеуінен сыйлықты дұрыс сұрауды білмейді. Күйеуіңізбен ашық сөйлесіңіз: "Жаным, маған гүл әкеліп берсең, мен қуанып қалар едім, әлемдегі ең бақытты әйел болар едім. Өзімді керемет әйел сезінер едім, ішімдегі нәзіктігім, әйелдігім оянар еді" деп сұрай алмайды.
4. Өзін-өзі бағалауының төмен болуы
Мысалы, кей әйелдер мен гүл алуға лайық емеспін деп ойлайды. "Маған сыйлық беру үшін мен соған сәйкес әдемі немесе тартымды болуым керек. Үйді таза ұстап, бәріне үлгеріп отыруым керек. Ал қазір мен оған лайықты емеспін" - әйелдің мұндай ішкі проблемалары күйеуінің оған сыйлық әкелмеуіне себеп болады.
5. Сыйлықты дұрыс қабылдай алмауы немесе өзіне сыйлық беруге рұқсат бермеуі
Мысалы, мынадай адамдар көп кездеседі. Біреудің үйіне сыйлық апарсаңыз, "қоя бермедің ба, несіне алдың" дейді. Бұлай айту дұрыс емес. Мысалы, құрбыңыз келе жатып, жолдан дүкенге соғып, сізге бәліш ала келді. Сол кезде "Мен үшін уақытыңды бөліп, сыйлық таңдап, мені ойлап жатқаныңа көп рақмет. Қуанып қалдым!" десе, құрбыңыз да қуанып қалады, келесіде сізге тағы да жағымды нәрсе жасағысы келеді. Бұл ерлі-зайыптыларға да қатысты.
А. ЖапатоваСондықтан күйеуіңіз сыйлық әкелгенде шын көңілмен қуана біліңіз, оны іштей ойлап қана қоймай, сөзбен айтып жеткізіңіз. Алғыс білдіріңіз. Егер сізге ұнамайтын сыйлықтар әкелсе, келесі жолы ашық не керегін сұраңыз. Онда да дұрыс сұрай біліңіз. Талап етпеңіз. Сол сыйлықты алып келсе, қатты қуанатыныңызды айтыңыз. Әлеуметтік желідегі өмірге қызықпаңыз. Әркім сізге көрсеткісі келетін нәрсені ғана жариялайтынын ұмытпаңыз. Өзіңіздегі бар нәрсені бағалаңыз. Білім алыңыз, дамыңыз. Өзіңізге күтім жасаңыз және өзіңізді жақсы көріңіз. Осындай қарапайым нәрселердің өзі жақсы нәтижеге жеткізеді, - деп кеңесін қорытындылады Аяулым Өмірғалиқызы.