- Негізгі бет
- Психология
- Бүгінде кең тараған...
Бүгінде кең тараған 7 тәуелділік
Технологияның және жалпы өмірдің дамуымен қатар адамдарда жаңа тәуелділіктер пайда болады. Әдетте, олар адам денсаулығы мен психикасына негатив әсер етеді. Оған қоса, адам өзіндегі бұл дұрыс емес әдеттерді байқай бермейді. Бұл материалда қазіргі заманда кең тараған тәуелділіктерді ұсынамыз.
Кофе
Жұмысқа шығарда, түскі астан соң және кейде, тіпті, кешке кофе ішу — көпшілік адамның әдеті. Олар күнде бұл сусынды өз рациондарына қоса тұра, оған тәуелді екенін байқамайды. Кофеин шынымен де үйреншіктік тудырады. Бұл бір стақан кофенің бізге берген әсерінен болады: адам оны ішкен соң өзін қуатты әрі сергек сезінеді. Сәйкесінше, сізге қажет уақытта қол астында кофе болмаса, ыңғайсыздық сезінесіз. Кофені күнде және көп мөлшерде ішу әдеті мазасыздыққа, ұйқысыздыққа және ашуланшақтыққа әкелуі мүмкін. Күніне кофені 600 мг-нан (5 кеседен) артық ішпеу ұсынылады. Алайда, бұл мөлшердің өзін минимумға дейін азайтып, оны күнде ішпеген жөн.
Құмар ойындары
Құмар ойындарына тәуелді адам келесі жеңісті ойлаумен болады. Сондықтан да ақшасымен және мүлкімен тәуекелге барады. Мұндай уақыт өткізуге тәуелділік заңсыз әрекеттің, қарыздардың және деструктивті қылықтың себебіне айналуы мүмкін. Құмар ойындарға тәуелді адамның тұрмыстық заттарға қызығушылығы болмайды, жақындарына азырақ көңіл бөле бастайды, өз өмірінің сапасына мән бермейді және барлық уақытын ойындарға жұмсайды.
Интернет және технология
Қазір «номофобия» деген түсінік пайда болды, ол ұялы телефондардың болмауынан қорқуды білдіреді. Ол кей адамдардың өз гаджеттеріне деген психологиялық тәуелділігін көрсетеді.
Интернет-тәуелділік әсіресе жастардың арасында кең тараған. Оның белгілеріне ашынушылық пен мазасыздық жатады. Бұл белгілер адамнан смартфонын немесе басқа үйреншікті гаджетін біраз уақытқа алып алған кезде пайда болады.
Қандай да бір әлеуметтік желіні өте көп қолдану рақаттану сезіміне жауап беретін домафин гормонының артуына әкеледі. Сәйкесінше, қосымша дофаминнің өңделуі тоқтатылса, яғни, сүйікті техникасын алып алса, тәуелді адамның көңіл күйі түсіп кетеді.
Интернет шынайыдан өте алыс орналасқан виртуалды әлемге апарар «жолсерікке» айналды. Тәуелді адамдар үшін виртуалды әлем шынайыға қарағанда тартымдырақ көрінеді. Сондықтан да олар достарымен және отбасысымен уақыт өткізгеннен гөрі гаджеттің алдында отқанды жөн көреді.
Тамақ
Әлем бойынша көптеген адамда тамақтану проблемалары, тамақтанудың бұзылуы немесе тағамдық тәуелділіктер кездеседі. Бұл аурулардың көбі эмоциялық және психологиялық проблемалармен байланысты. Тамақ зиян емес көрінгендіктен және мол болғандықтан, ол теріс пайдалану объектісіне айналуы мүмкін. Кей жағдайда адамдар тамақ жеу арқылы күйзелісті түсіреді және көңіл күйін көтереді.
Сатып алуға тәуелділік
Бірдеңе сатып алуға деген шамадан тыс сүйіспеншілікті ониомания деп атайды. Бұған тәуелді адамдар заттарды жиі ойланбай ала салады. Олар мұны күйзелістен арылу үшін немесе өздерін бақыттырақ сезіну үшін жасайды. Сондай-ақ олар сатып алған заттан емес, сатып алу процесінен ләззат алады. Олар дүкендерге қажет кезде ғана емес, сол жақта уақыт өткізу үшін барады.
Ониоманияның себептері әртүрлі. Мысалы, кей тәуелді адамдар арзанырақ немесе сирек кездесетін киімді тапқаннан рақаттанып, қосымша адреналин алады. Алайда, нәтижесінде, ониомандардың көпшілігі өзінің бұл әдетін бақылай алмағандықтан, ұялады. Бірдеңе сатып алуға тәуелділік қарыздарға, отбасысымен қатынасының нашарлауына және депрессияға әкелуі мүмкін.
Пластикалық хирургия
Дисморфофобия — адамның өзінен хирургиялық немесе басқа да араласуды қажет ететін кемшіліктерін іздей беретін психикалық бұзылысы. Адам өзіндегі сол кемшілікті түземейінше, бұл идеяға оған тыныштық бермейді. Әдетте, денесіндегі «проблемалық жер» тек дисморфофобиямен қиналатын адамның көзіне ғана солай көрінеді. Пластикалық және косметикалық хирургияға тәуелді адамдар алған нәтижеге көңілдері толмайды да, оны жалғастыра бергісі келеді. Ұлыбританияның пластикалық хирургтар қауымдастығының зерттеуі бойынша, бір рет ботокс қолданған адамдардың 40%-ы процедура нәтижесі көңілінен шықса да, оны қайта-қайта жасай бергісі келген.
Алкоголь мен темекі
Алкоголь — үйренуді тудыратын және денсаулыққа қауіпті ішімдік. Оның 60 түрлі аурумен байланысты екені ғылыми дәлелденген. Оған қоса, алкоголь адам өлтіру мен жол-көлік оқиғаларының статистикасына үлкен үлес қосады.
Барлық адам темекі тартудың зиян екенін білсе де, ол әлем бойынша денсаулыққа қауіп төндіретін негізгі фактор болып қала береді.
А. Жапатова