Қошемет сөзді қалай қабылдаймыз?

Қошемет сөзді қалай қабылдаймыз?
Фото: unsplash.com

Біреу сіздің жұмысыңызды бағаласа, сыртқы келбетіңізді немесе мінезіңізді мақтаса, іштей бір қуанып қаласыз. Бірақ іс жүзінде не айтарыңызды немесе не істеріңізді білмей, абдырап қалатын кездер бола ма? Неліктен бұлай болады және мұндай жағдайдан қалай шығамыз?

Қошемет сөздер айту — мақтаудың бір түрі. Қошемет сөздермен алмасу — дұрыс қолдану арқылы әңгімелесушілердің қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік беретін тұлғааралық ойын. Бір жақсысы, бұл ойында жеңілуші жоқ, себебі екі жақ та өзіне және бір-біріне риза болып қалады.

Қошемет сөздер мотивация береді, эндорфиндердің өңделуіне ықпал етеді және өзін-өзі бағалауын жақсартады. "Адамдар ойнайтын ойындар" кітабының авторы, америкалық психолог және психиатр Эрик Берн "сипау" түсінігін енгізді: адамды және оның қоғамдағы жетістіктерін мойындау.  Оған мұқтаж болу сенсорлық ашығумен, яғни, адамдардың айналасындағылардан қолдау мен сүйіспеншілік алғысы келуімен түсіндіріледі.

"Сипаудың" бір түріне қошемет сөздер айту жатады. Бұл тек сыпайылық білдіру ғана емес, оны өмірлік қажеттілік десе де болады. Себебі мақтау бас миының торлы ұлпасын ынтландырады. Егер ынталандыру жетіспесе, жүйке жүйелерінің қайтымсыз өзгерісі болады. Онда неліктен көпшілік қошемет сөздерді дұрыс қабылдай алмайды?

Тәрбие
Бұрын көпшілік ата-ана баласын тәрбиелеу кезінде адамның жақсы қасиеттерінің бірі — ұялшақтық деп өсірді. Алайда, заманауи әлемде өз күшіне сену, өзін жоғары бағалау және лидерлік қабілеттерін көрсете алу маңызды. Сондықтан кей жағдайларда, мысалы, қошемет сөздер қабылдауда, жалақыны көтеру жайлы сөйлесуде немесе наразылық білдіруде ұялшақтық кедергі келтіреді.

Өзін-өзі бағаламау
Бұл ең көп таралған себептердің бірі. Біреудің шын жүректен айтқан қошемет сөздерінің сізге еш қатысы жоқ деп ойлайсыз. Бұл адамның өзін-өзі жақсы көрмейтіндігін көрсетеді. Егер беделді адамнан "жалқаусың" деген сөзді жиі естісеңіз, басқа адамның "сен еңбекқорсың" деген сөзін өтірік деп қабылдайсыз.

Әңгімелесуші адамға сенбеу
Қоғамда екіжүзді адамдардың кездесетіні рас. Әңгімелесуші жағымпазданып немесе күлкі қылып тұрған секілді көрінетіндіктен, кей адамдарға қошемет сөздерді қабылдау қиынға соғады. Тіпті, ол адам айтқан сөзімен сізге тіл тигізгісі келмесе де, сіз бірдеңені дұрыс істемеген секілді сезімнен арыла алмайсыз. Сондай-ақ, керісінше, егер әңгімелесуші жақын досыңыз болса, ол қошемет сөзді сізді ренжітіп алмас үшін айтты деп ойлайсыз.

"Жалған атақты пайдаланушы" синдромы
Бұл адамның өз жетістіктерін бағалай алмауынынан туындайтын психологиялық құбылыс. Мұндай жағдайда адам өз жетістіктерін кездейсоқтық деп қабылдайды: «Менің жай жолым болып кетті», «Туыстарымның көмегінсіз қолымнан келмес еді» және т.б. Бұл синдромның пайда болуына үйдегі тәрбие әсер етеді: ата-ананың баласын басқалармен жиі салыстыруы, ата-ананың баланы мінсіз еткісі келуі, ата-анасының көңілін өзіне қарату үшін үйдің үлкен баласының кішілерімен санасуы және т.б.

Қошемет сөздерді қалай дұрыс қабылдау керек?

- Ризашылығыңызды білдіріңіз. Тіпті, әңгімелесушінің айтқан қошемет сөздерімен келіспесеңіз де, онымен сөз таласып, оның дұрыс еместігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Оның орнына жай «рақмет» деңіз. Оның сіздің еңбегіңізге мән бергеніне алғыс айтып жатырмын деп ойлаңыз. Күтімді әрі әдемі көріну де еңбек екенін ұмытпаңыз;
- Сіз үшін мұндай сөздер есту маңызды екенін айтыңыз. Егер әңгімелесуші адамға сенбесеңіз немесе оның сіз туралы не ойлайтыны маңызды болмаса, «мен ризамын» немесе «мен тырыстым» деп қысқа қайтарыңыз;
- Жымиыңыз. Бастапқыда ми әр қошемет сөзден соң дүрліге түседі, себебі ол бұл сөздердің артында не тұрғанын түсінуге тырысады. Бірақ сіздің еңбегіңізді бағалағанын және сіз шынымен де мақтауға лайықты екеніңізді түсіне бастағанда бұның бәрі кетеді;
- Ұялмаңыз. Егер адам сізді мақтаса, оның себебі болғаны анық;
- Әңгімелесуші адамға ешнәрсе міндетті емессіз. Қошемет сөздерден соң өзіңізді сол адамға міндетті сезінбеңіз;
- Өзіңіздің мықты тұстарыңызды біліңіз. Егер тәкаппар және менменшіл көрінгіңіз келмегендіктен қошемет сөздерді қабылдай алмасаңыз, бұл мақтауға лайық екеніңізді сезініңіз. Егер әңгімелесуші адам әдемі болып тұрғаныңызды немесе жақсы жұмыс істегеніңізді айтса, сол үшін көп күш салғаныңызды, ал басқалары соны байқағанын мойындаңыз. Мұндай кезде «Рақмет! Мен көп жұмыс істедім, еңбегімді бағалағаныңызға өте ризамын» деп жауап қайтарсаңыз, орынды болады.

А. Жапатова