Жаның жай табатын үш әрекет

Жаның жай табатын үш әрекет
Фото: medium.com

Тұлға қалыптастыру бағытындағы кеңесші, психолог әрі бірнеше кітаптың авторы Марк Мэнсон "өзіңді жақсы сезіну" үшін істеу керек үш әдісті ұсынды. Оған терапия, күнделік жүргізу және медитация кіреді.

Терапия

Біреуге ішкі жан-дүниемізді ақтарып, мәселемізді ашып айтқанда жеңілдеп қалатынымыз рас. Сол себепті терапияның берер пайдасы зор. Терапия өткендердің көбі уақыт өткен соң өзін жақсы сезініп, артық уайым-қайғыдан арылады. 

Психологияда терапияның ондаған түрі бар. Оның ішінде отбасы терапиясы кеңінен тараған. Дегенмен әр адам санасына, мінезіне және проблемасына қарай қай терапиядан өтетінін өзі таңдауы шарт. Ғалымдар терапияның бәрі де нәтиже беретінін айтады. Бірнеше мәрте жасалған зерттеуге сәйкес терапияның барлық түрі әртүрлі дәрежеде көмегін тигізеді.

Күнделік жүргізу

Терапияға ұқсас әдіс – күнделік жүргізу. Тарихта ғұламалар көбірек ойлау үшін күнделік жүргізген. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары күнделік жүргізудің терапиялық көмегі бар екені анықталды. Сол жылдары психологтар проблемасын айтып келген адамдарға күнделік жүргізуге кеңес берген. Нәтижесінде бұл әдіс адамның психологиясы мен өзін жақсы сезінуіне едәуір әсер ететіні белгілі болған. 

Медитация

Бұл – кейінгі кезде кеңінен тарай бастаған әдіс. Қазір әлемнің әр жерінде түрлі іс-шарада, жиналыста, мектепте, тіпті, түрмеде медитацияның рөлі артып келеді. 

Медитация – рухани жаттығу. Егер спорт денеңізді шынықтырып, тәртіпке баулыса, медитация жаныңыздың, рухыңыздың, ойыңыздың тазарып, "шынығуына" сеп болады.

Терапия, күнделік жүргізу және медитацияны не біріктіреді? 

Бұл әдістер жан-тыныштығын беріп, мазалап жүрген артық ойдан құтылуға көмектеседі. Терапия адаммен сөйлесу арқылы ой мен сезімді жеткізуге мүмкіндік береді. Ал күнделікке мазалап жүрген ой мен сезімді жазамыз. Медитация ой мен сезімді басқаруға, оны қадағалауға үйретеді.

А. Рысдәулет