Гүлді таңдау, сыйлау және оның бағасы жайлы

Гүлді таңдау, сыйлау және оның бағасы жайлы
Фото: massaget.kz

Кейінгі орта ғасырдан бастап гүл сыйлау мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Ерлер гүл таңдап сыйлағанда сезімдерін білдірді, жұбатты, тіпті керек кезде гүлмен кемсітті. Осылайша гүл адам ықыласын білдіретін көрнекі затқа айнала бастады. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді. Ендеше гүлді қалай дұрыс таңдаймыз?

Әйелдердің барлығы дерлік гүл алғанды ұнатады десек қателеспейміз. Ол кез келген гүлдер шоғы немесе құмырадағы бөлме гүлі де болуы мүмкін. Әйелдерге бір қызғалдақ берсеңіз де, қатты қуанатынын айта кетейік. Себебі, сыйлық алғанда олар оның бағасын сынап, түріне қарамайды. Олар үшін ең бастысы – сіздің зейініңіз, қамқорыңыз және ыстық сөздеріңіз. Анаңызға немесе жарыңызға гүл ұсынып, оған деген сезіміңізді, оның өміріңіздегі маңызды рөлін айтып, шын жүректен құттықтап, бетінен сүйсеңіз, оған одан артық бағалы сыйлықтың керегі жоқ.

Margo Flowers гүл дүкенінің қызметкері Мадина Нұрманова жігіттерге гүлді таңдау туралы кеңес беріп,  қыздарға оны қалай күту керегін айтты:

"Қазір мереке қарсаңында раушан мен қызғалдақ көп сатылып жатыр. Көктемнің гүлі – қызғалдақ. Сол себепті де келушілердің таңдауы қызғалдақтың әр түрінен бір шоқ гүлге түседі.

Жігіттер сүйікті қызына не жарына қызыл түсті гүл бергені дұрыс. Сезімін білдіргісі келсе алқызыл түсті раушанды таңдаған жөн. Ал сыйластықтың белгісі – ақ түс. Сол үшін де ана-әпкелерімізге ақ түсті раушанды сыйлау қажет. Әріптестерге, мұғалімге ақ түсті қызғалдақты сыйлауға кеңес берер едім.

Қыздарға кеңес: сыйға гүл алсаңыз қауызын ашпай, сол күйі сақтаған жөн. Гүлді үй жағдайында ұзақ ұстау үшін салқын бөлмеге қойып, суын күнде ауыстырып тұрған дұрыс. Қажет болса қант не ацетилсалицил қышқылын суға қосуға болады. Оған қоса астын қырқып тұру керек. Сонда гүлді бір аптаға дейін балғын қалпында сақтауға болады. Сондай-ақ гүлдің күн көзін жақсы көретін не керісінше ұнатпайтын түрлері де болады", - дейді гүл дүкенінің қызметкері. 

Гүлді таңдау кезінде қай оның  қандай мағына беретінін де ескеру қажет:

• орхидея – сұлулық пен махаббат;
• раушан – ғашықтық (тікенексіз раушан – бір көргеннен ғашық болу);
• қызғалдақ – тәнті болу, махаббат;
• нарғызгүл – нәзіктік;
• нәркес – құрмет;
• азалия – байсалдық;
• көкнәр – ләззат;
• ақкекіре – сұлулық;
• гладиолус – ынтызарлық;
• құралайгүл – адалдық, шынайы махаббат; 
• бәйшешек – үміт;
• мимоза – кішіпейілдік;
• сүмбіл – ұнату; 
• кекіре – әсемдік;
• қараған – сырлы махаббат;
• бөртегүл – алғашқы махаббат;
• магнолия – тәкаппарлық.

А. Рысдәулет