Кейде ұйқыдан тұрғанда мынадай күйге тап боласыз: дала қараңғы, жұмысқа барғыңыз келмейді, сүйікті ісіңіз бұрынғыдай қуантпайды және айнала сұрдан басқа бояуларын жоғалтып алғандай көрінеді. Мұндай уақытта тек дәмді тамақ жеп, төсекте жата бергіңіз келеді. Бұл хандра. Ол неге жиі күзде болады және оны жеңудің қандай әдістері бар?
Хандра – қуантатын нәрселердің барлығы кенеттен қызықсыз бола түсетін жабырқаңқы көңіл күй. Ол кезде ештеңе жасағыңыз келмейді.
Хандра күн сәулесінің азаюынан, жаңбырлы күндердің көбеюімен және табиғаттың солуымен тікелей байланысты. Күңгірт ауа райы өмірге құштарлықты азайтады. Оның орнына әлсіздік, ұйқышылдық, енжарлық орын алады. Көңілсіздік кезінде, әдетте, адамның тамаққа тәбеті жақсы болады. Тамақ көп жеу артық салмақ туралы ойға әкеледі. Сөйтіп, жабырқаңқы көңіл күйіңізге тағы бір уайым қосылады.
Әлемдегі адамдардың көпшілігі көңіл күйдің маусымдық ауысуын байқамай қалады. Бірақ кей адамдар әдеттегі жұмысын атқара алмай қалады. Олар сәл нәрсеге қайғырады, тез жылап қалады және ұсақ-түйекке ренжиді.
Ғалымдар хандраны жарық пен күннің жетіспеушілігінен деп ойлайды. Маусымның ауысуы бәрінен бұрын көзбен сезіледі. Жарық аз болғаннан кейін ұйқыны шақыратын мелатонин гормонының бөлінуі көбейеді. Бір уақытта бақыт гормоны – серотонин жетіспеуішілігі білінеді. Мұның барлығы көңіл күйдің өзгеруіне ықпал етеді.
Маусымдық хандраны депрессиядан айыра білу керек. "Депрессия" сөзін көпшілік сауатсыз қолдана береді: онымен нашар көңіл күйді, сәтсіз жұмыс күнін немесе маусымдық хандраны түсіндіреді. Депрессия мен маусымдық хандраның мынадай айырмашылықтары бар:
- Хандрамен қиналатын адамдар өздеріне ерекше эмоция керегін нақты түсінеді. Депрессия – енжарлықпен, немқұрайлықпен және өмірге мотивациясын жоғалтумен бірге жүретін жағдай.
- Өзіңізді қолыңызға алу арқылы хандрадан құтулыға болады. Ал депрессия – ауыр ауру: ол кезде "өзіңді қолыңа ал", "жинақтал" деген сөздер көмектеспейді. Депрессияны кәсіби маман емдей алады.
- Шуақты күндері адам хандраға түсе бермейді, ал негативті көңіл күй нашар ауа райымен бірге келеді. Депрессия кезінде немқұрайлық ұзақ уақытқа созылады және көңіл күй себепсіз түсе береді.
- Хандра кезінде адамды бірдеңе ашуландырады, жындандырады немесе жүйкесіне тиеді. Ал депрессия кезінде ешқандай сезім болмайды: ол кезде адам барлық нәрсеге немқұрайлы қарайды.
- Хандра жиі өмірдің тек бір-екі өрісіне тарайды. Мысалы, ол кезде адам жұмыс жасағысы келмеуі мүмкін, бірақ кешкісін достарымен кездесуге көңіл күйі болады. Ал депрессия кезінде адамның ешқандай әрекетке сүйіспеншілігі болмайды.
- Хандра кезінде адам сәтті әзілге күле алады. Ал депрессиядағы адамды ешкім күлдіре алмайды.
Маусымдық хандраның пайдасы да бар...
Уайым-қайғы мотивацияны жоғалтып, мидың жалқаулануына әкелетін секілді көрінеді. Бірақ ғалымдар басқа ойда: орынды мөлшердегі хандраның пайдасы бар.
Ғалымдардың зерттеуінше, жақсы ауа райы мен жақсы көңіл күй адамдарды бос, ұмытшақ және асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Ал ауа райы нашар болған сайын ми жақсырақ жұмыс істейді. Ал нашар көңіл күй адамның жинақы бола түсуіне және ақылға салып ойлануына ықпал етеді.
Оның үстіне маусымдық хандра мен шығармашылық қабілеттің арасында тығыз байланыс бар екені белгілі. Бұл нашар көңіл күй сізді данышпан етеді деген сөз емес, бірақ креативті ойлайтын адамдар әлемді "басқаша" қабылдайды. Атақты тұлғалардың кей туындалары хандра кезінде жарыққа шыққан. Сондықтан күзгі меланхолия – өз дарыныңызды дамытуға арналған жақсы уақыт.
Оның үстіне кейде өзіңізді аяуға да болады. Табиғаттың өзі қайғыратын мерзімді жан жабырқауына қолдануыңызға болады. Әсіресе, егер ұзақ уақыт өте белсенді болып, қарбалас өмірдің артында жүріп, кей маңызды нәрселерді ұмытып кеткен болсаңыз, күзгі хандраның сізге пайдасы да тиіп қалады. Бірақ маусымдық хандрада ұзақ болмау керегін ұмытпаңыз.
Жабырқаңқы көңіл күйдің кемшіліктері де бар...
Біріншіден, оған жылдам үйреніп кетесіз. Екіншіден, хандрада ұзақ болған сайын одан шығу қиын бола түседі. Үшіншіден, ұзақ негативті көңіл күйде жүру иммунитетті әлсіретіп, тұмау секілді ауруды оңай жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін.
Күзгі хандра оптимистердің де басынан өтуі мүмкін. Сондықтан күздің күңгірт күндері көңіл күйіңізге аса әсер етпес үшін мына ұсыныстарға көз жүгіртіңіз:
"Озып түсу" ойынын ойнау
Жылы көрпенің астында жатқыңыз келетін жағдайды күтпей, алдын ала көңіл күйді түсірмеудің амалдарын қарастырыңыз. Мысалы, жақындарыңызбен немесе достарыңызбен кездесу, бұрын істеп көрмеген нәрсемен шұғылдану және т.б.
"Төсек-теледидар-зиянды тамақ" тізбегін үзу
Қайталамалы сценарийді өзгерту үшін бір уақыт теледидарды сөндіріп, гаджетті әрі қоюдың өзі жеткілікті. Жұмыс құжаттарын ысырып, музыка да қоспаңыз. Мұндай үзіліс ойлануға мүмкіндік береді. Тыныштықта ойыңызға жаңа идеялар келуі мүмкін.
Үйге мысық алу
Мысық адамның көңіл күйін көтеруге көмектеседі. Мысықты сипау кезінде адам ағзасында құшақтау гормоны – окситоцин бөлінеді. Сондықтан тыныштық сезімі күшейіп, мазасыздық пен қобалжушылық азаяды.
Көп оқу
Қиын уақытта адам бәрінен эмоциялық тұрғыда шаршайды және жалығады. Бұл уақытты өткеруге кітап оқу көмектеседі. Ол күлкілі әңгімелер, әдемі романдар, жеңімпаздардың өмірбаяны, өзін-өзі дамытуға және танығу арналған кітаптар болуы мүмкін.
Қозғалу
Физикалық белсенділік көңіл күйді жақсартатыны туралы айтылып жүр: жүрек белсенді жұмыс істейді, қан жүреді, буындар мен бұлшықеттер тонусқа келеді. Сондықтан серуендеу, спортпен айналысу немесе билеу міндетті түрде оптимизм сыйлайды.
Күңгірт ауа райына ашық түсті киім таңдау
Жылы киім ашық түсті болмайды деп кім айтты? Әсіресе, соңғы жылдары өте ашық түсті сыртқы киімдер, шапкалар және басқа да жылы киімдер сәнге айналуда. Әрине, бірден гардеробты ашық түсті киімдерге ауыстыру қиын. Ендеше, аздан бастаңыз: мысалы, әдемі, жұмсақ, көлемді және ашық түсті шарф сатып алыңыз. Ол өзіңізге де қасыңыздан өткен адамдарға да жақсы көңіл күй сыйлайды.
Басқаларға жағымды нәрсе жасау
Жақсы іс міндетті түрде адамға бақыт сыйлайды. Басқаларға көмектесу жанның қалауы екені дәлелденіп қойған. Мейірімді іс жасау арқылы өзіңізге де басқаға да көмектесесіз.
Жарыққа шығу
Маусымдық көңіл күй өзгерісі күн сәулесінің жетіспеушілігінен пайда болатынын білдік. Ендеше, далаға күндіз шығыңыз және жұмыста терезеге жақын жерге отырыңыз. D дәруменін ішіңіз. Бірақ қандай да бір қосымша препаратты ішерде дәрігердің кеңесін алған жөн.