Заманауи ата-ана жіберетін 5 қателік

Заманауи ата-ана жіберетін 5 қателік
Фото: unsplash.com

Ата-ана болу оңай емес. Ата-ана мен балалар қатынасы әртүрлі болады, себебі әлемде бірдей адам жоқ. Бірақ кей қателіктер көпшілік отбасы үшін ортақ болып келеді.

1. Шамадан тыс қамқорлық
Балаға назар аудару, оны жан дүниеңмен жақсы көру және барынша қамқор болу – ата-ананың басты міндеті. Алайда, кейде ата-ананың шамадан тыс қамқорлық білдіруі балаға кері әсерін де береді. Ата-ана баланы өздігінше жіберуге іштей дайын болу керек. Олар баланың өздігінше шешім қабылдауына, қателесуіне және қателікпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс.

2. Тапсырманы баланың орнына шешу
Кей ата-аналар баланың орнына үй тапсырмасын шешіп береді, мектептегі мәселелерді орнына қояды және құрдастарымен болған келіспеушіліктерді де өздері шешеді. Содан соң баланың өзін-өзі бағалауы төмендейді, ол басқалармен мәселені өзі шеше алмайтын болады немесе бала ата-анасына әбден сеніп қалады. Ол мәселені шешудің оңай жолы бар екендігін, өз күшін жұмсамай-ақ ата-анасы шешіп беретіндігін біліп, жалқаулыққа салынады. Нәтижесінде, мұның барлығы психологиялық мәселеге әкеліп соғады.

3. Құнсыздану
Бұл баланың эмоциялық реакциясына байланысты болып келеді. Мысалы, кішкентай кезінде баланың сүйікті ойыншығы сынып қалып, ол қатты жыласа, ата-ана оның түкке тұрмайтындығын айтып ұрсады ("соған бола жылауға бола ма?!") және оның орнына жаңасын сатып алып беретіндігін айтады. Әрдайым мұндай реакция алған бала өз сезімін жасыруды және ол затты басқамен ауыстыруды үйренеді.

4. Тұрақсыздық
Кей ата-аналар ашу үстінде ұялы телефонын тартып алып, ешқашан қайтармайтындығын айтады.  Бірақ өз сөзінде тұрмайды. Қандай да бір шекара қойып, оны өздері бұзады. Сол секілді бірдеңе алып беруді айта салады да, оны істемейді. Содан соң бала ата-ана айтқанын шынайы қабылдамайды.

5. Шектен тыс еркелету
Егер балаға үнемі оның басқалардан күшті екенін және ең жақсының бәрі ода болу керектігін айта берсе, баланың өзіне және басқаларға деген қатынасы өзгеріп кетуі мүмкін. Әрине, барлық ата-ана өз баласына барын беруге тырысады, бірақ баланың қарапайым және басқаларды құрметтейтін адам болуына да аса мән беру керек.

А. Жапатова