Адамдар неге ұрсысады?

Адамдар неге ұрсысады?
Фото: massaget.kz

Әлемде бір рет болсын ұрсыспаған адам жоқ шығар. Ұрыс-керіс сияқты жағымсыздықтан алшақ болу үшін барынша тырысу керек, себебі оның пайда болуына себеп толып жатыр. Оның алдын алу үшін адамдардың бір-бірімен неге ұрсысатындығын анықтап алған жөн. Бұл ақпарат сіз бен жақын адамдарыңыздың арасында келіспеушілік туындамас үшін қажет болады.

Адамдар оған басқалар көңіл бөлмегендіктен ұрсысады

Кей адамдарға басқалар оны елемейтін, естімейтін және түсінгісі келмейтін секілді көрінеді. Олар өзін жаман сезініп, әбден шаршап, қолдау күтіп, бірақ оны ала алмаса, жанындағылардың оның проблемасын неге көре алмайтындығын ойлап, жүкті жалғыз көтере алмай қиналады. Оның проблемасы басқаға түкке тұрмайтын секілді көрінгенімен, ол үшін өте маңызды. Ол басқаларының өзін естігенін қалайды. Бірақ ешкімнен көмек сұрамайды. Басқалар оған қарап-ақ білу керек деп санайды. Осының барлығы жиналып, болып жатқан нәрсеге түк қатысы болмаса да, ашуға беріледі. Сол кездегі ұрыстың себебі кез келген ұсақ-түйек болуы мүмкін. Бірақ оның негізін іштегі реніштер құрайды.

Айқай естіген адам не болғанын түсінбей қалуы да мүмкін. Не істеп қойғанын білмей, оның "қорғаныш реакциясы" қосылып, ол да ұрсыса кетеді.

Сондықтан, өзіңізді іштей уайымдатып жүрген нәрселерді жақыныңызға еркін айтып, қолдау сұраудан ұялмау керек. Ал егер сізден біреу көмек сұраса, оның проблемасына түкке тұрмайтын нәрседей қарамай, қолыңыздан келгенше қолдау көрсетіңіз. Әйелдердің көпшілігіне жай жылы қолдау сөздерінің өзі жеткілікті.

Адамдар махаббаттың жоқтығынан ұрсысады

Махаббат сөніп қалған жерде немесе ешқашан болмаған жерде серігінің өтінішіне немқұрайлық білдіру жиі кездеседі. Немқұрайлық адамның жанын қинайды. Соның себебінен адам өзін жаман сезінеді, оны ешкім құрметтемейтін, түсінбейтін, жақсы көрмейтіндей көрінеді. Мұндай адам үндемеуге тырысып, ештеңе айтпай жүре бергенмен, бір күні "жақсы адам" болудан, біреудің көңілінен шығудан шаршап, ұрыс-керіс басталады.

Адамдар өз пікірін қорғау үшін ұрсысады

Әр адам өз құндылығын, ойын және пікірін дұрыс деп санайды. Әркім өз ойын қорғаймын деп бір-бірімен сөзге келеді. Өте намысқор адамдар өзінің көзқарасын ұстанумен қатар онымен келіспейтін адаммен дауласуға дейін барып, әңгіменің соңы ұрыспен аяқталады. Одан кейін оның көңіл күйі түскендіктен, түк қатысы жоқ басқа адамдар да зардап шегеді. Мысалы, ол көңіл күйі болмағандықтан, себепсіз үйдегі жақындарына айқайлауы мүмкін. Әрине, әркімнің өз ойы, пікірі болғаны дұрыс, бірақ басқаның да көзқарасын сыйлауды үйрену керек.

Адамдар басқаны дұрыс түсінбегендіктен ұрсысады

Басқаларды түсінбеу, тыңдай алмау, тек өз ісін ғана ойлау ұрыс-керістің тағы бір себебіне жатады. Біреулер басқаның әрекетін дұрыс түсінбей қалады немесе басқаның әрекетін тек өзіне байланысты қабылдайды. Негізінде, басқа адамдардың әрекеті ештеңе білдірмеуі мүмкін, себебі адамдардың өз шаруалары жетерлік.

Өзін-өзі төмен бағалайтындықтан ұрсысады

Адамдар өз-өзін төмен бағалағандықтан және өзіне деген сенімсіздіктен жиі ұрсысады. Адамның өзін-өзі бағалауы өте төмен болса, ол басқаларға қызғанышпен қарайды, оған бәрі міндетті деп қабылдайды және реніштер ойлап табады. Ал оның бәрі жинала берсе, айқай шығарады.

Өміріңізде ұрыстың аз болғанын қаласаңыз, болып жатқан нәрсеге байыппен қарап үйреніңіз. Бұл басқаның сіздің қызығушылығыңызды бұзуына көз жұму деген сөз емес. Яғни, сіздің көңіліңізден шықпаған затты бірден айтуды әдетке айналдырыңыз. Бірақ айқайсыз, кемсітусіз, сабырмен айтыңыз. Егер өзіңізді ұстау қиынға соқса, ұрыстан және оның салдарынан алшақ болу үшін алдымен кетіп қалып, барлық сезіміңізді қағазға жазып алыңыз. Ренжітуші адамға не айтқыңыз келеді? Физикалық қозғалыс жасаңыз. Бастысы, ашуыңызды баса білуіңіз керек, жағымды нәрсені ойлаңыз. Ашуыңыз басылған соң, болған жайтқа басқа көзқараспен қарап көріңіз. Содан соң ғана ренжіткен адамға оны кінәламай, түсіндіре отырып, неге ашуланғаныңызды айтыңыз. Сізді құрметтейтін және бағалайтын адам ойыңызды тыңдайды. Кей адамдар ұрсысу үшін өздері себеп іздеп тұрады. Мұндай кезде ұрыстан кетіп қалу үшін нағыз тапқырлық керек болады. Әйтпесе, мұндай адамдармен араласа отырып, өз денсаулығыңыз бен жақсы көңіл күйіңізді қорғау қиынға соғады.

Өз қарым-қатынасымызды басқалармен салыстыруды қалай доғарамыз?

А. Жапатова