Перфекционизм: Мінсіздіктен туған дерт

Перфекционизм: Мінсіздіктен туған дерт
Фото: elitarium.ru

Заманның талабы сол ма, адамдардың барлығы мінсіздікке ұмтылады. Фильмдердің арқасында туған образдар, атақты адамдардың өмірлік оқиғалары, өзгелердің сәттілік ережелері және әлеуметтік желіде тараған жазбалардың барлығы мінсіздікті талап етеді. "Сен бұдан да жақсыға лайықсың" дегендей...  

Перфекционист аталатын ұғым кеңінен танымал. Кейде бұл дағды адамды жетістікке жетелесе, енді бірде адамның жеке өміріне кедергі келтіретін қауіпті дүниеге айналады. Мінсіздік қандай қауіп төндіреді? Америкалық Психологтар ассоциациясының мәліметіне сүйенсек, бүгіннің жастары аға буынға қарағанда, өздерін жиі сынға алып, қатал талап қояды.

Бұрыс пікір : Перфекционизм жетістік үшін қажет.
Дұрыс: Перфекционизм өнімділікті жояды.

Procrastinate Zero психологиялық ұйымның жетекшісі  Дариус Фору перфекционистерді екіге жіктейді:
• Ешқашан жұмысқа кіріспейтіндер: Егер мінсіз болмайтын болса, оны істеудің қажеті қанша?
• Жұмысты бастап және оның жоғары талапқа лайық болуын көздейтіндер.

Перфекционистердің басым көршілігі “жұмыстың мінсіз аяқталмайтынын” алға тарта отырып, ылғи кейінге шегерумен болады. Олар ешқашан тумайтын мүмкіндік пен ыңғайлы сәтті күтумен болады.  Өзіне қоятын жоғары талаптардың орындалмауы оны күйзеліске түсіреді.

Бұрыс пікір: Перфекционизм  адамның өзіне деген бағасын арттырады.
Дұрыс: Перфекционизм созылмалы күйзеліске алып келеді.

Перфекционистердің арасынан өзіне деген бағасы жоғары адамдарды табу мүмкін емес. Неге? Олардың ойындағы мінсіздік кейпіне жету мүмкін емес. Ылғи бір қателік тауып алады. Не сымбаты келіспейді, не ақылы мен іскерлігі қажетті деңгейде емес. Сіз білесіз бе?

• 82%  өзіне деген бағасы төмен адамдар өзгелердің ойына тәуелді.
• 74% адам өзі қалыптастырған протипке сәйкес келмейтінін мойындаған.
• 61% адамға сәтсіздікті қабылдау қиынға соғады.
• 60% маңызды істегі сәтсіздік аутсайдер атануға себеп болады.  
• 56% адам егер басшылық құптағанда ғана өз жұмысымен мақтана алады.
• 53% жеңістен гөрі, сәтсіздікке көбірек мән береді.
• 42% кішкентай қателіктің өзі басшылықтың алдында беделін түсіреді деп ойлайды.
• Тіпті, қателік болуы мүмкін деген ой  78% адамды мазалайды.

Мұның барлығы перфекционист адамның өзіне деген бағасының төмендігінен хабар береді. Мінсіздікке ұмтылған дұрыс. Бірақ, әлемде мінсіз ештеңе жоқ екенін де естен шығармаған дұрыс.

Т. Есқали