Бақытты бала тәрбиелеуге 4 кеңес

Бақытты бала тәрбиелеуге 4 кеңес
Фото: pixabay.com

Баланы қалай бақытты етіп өсіреміз? Оның табысты және қайырымды болуына, физикалық және психологиялық тұрғыда сау болуына және өмірге рақаттанатын қарапайым адам болуына қалай әсер етеміз? Бала тәрбиелеуде ата-ана бұл сұрақтарға ойланатыны анық.

Көбінесе, бұл жол "баланы ойыншықтарын жинауға, ересектерді тыңдауға, уақытында сабағын орындауға  қалай үйретемін" деген секілді күнделікті сұрақтардан басталады. "Балаңызды тәрбиелемеңіз, ол бәрібір сізге қарап өседі, өзіңізді тәрбиелеңіз" дегенді жиі естіп жатамыз. Біз балалық шақта өзіндік тәртіпке үйренеміз, ережелерді меңгереміз және әркез өзімізге ұнай бермейтін нәрсеге дейін жасап үйренеміз. Алайда бақытты баланы тәрбиелеуге  ықпал ететін немесе кейде керісінше, кедергі келтіретін терең тамырлар бар. Барлығы неден басталатынын қарастырайық.

Баланың бақыты бақытты ересектерден басталады. Алдымен оның ата-анасы, содан соң оның айналасындағылар, әжесі, атасы, ағалары, әпкелері және басқа да жақын туыстарының маңызы зор. Отбасы – ол өз қағидалары мен заңдылықтары бар жүйе. Отбасының бір мүшесінде болған өзгерістер әрқашан басқаларына  әсер етеді. Әсіресе, бала мен ата-ана арасында тығыз әрі маңызды байланыс болады. Кішкентай балалардың өзі анасының эмоционалды жағдайына сезімтал болып келеді. Егер анасы бірдеңеге мазасызданып тұрса, ол санасыз түрде балаға беріледі. Баланы түсініксіз үрей жаулай бастайды.  Бала  үй іші аман ортада және айналасын  өмірге қанағаттанатын адамдар қоршаған жерде өссе, ол оны сезеді. Солай баланың да солар сияқты бақытты болып өсуіне деген икемі қалыптасады.

1- кеңес: Баланың еркін дамуына мүмкіндік беру.

Еркіндік барлығына рұқсат ету немесе немқұрайлықпен қарау дегенді білдірмейді. Ол балаға өз шамасын, өз мүмкіндігін өзі білдіруіне мүмкіндік беру керектігін айтады. Бала дамуындағы негізгі өзгеріс балалық шағында болады. Бала өз күшін сынап көргісі келеді, мүмкіндігін білгісі келеді, "егер оны істесе" не болатындығын түсінгісі келеді. Осындай зерттеулердің себебінен ол дамиды.  Алайда ата-ана баланы жиі шектеп жатады. Бала әлемді тану мақсатында сұрақтар қойғанды ұнатады. Ол күнде "неге? не үшін?" деген сұрақтарды қойып, мазаңызды алуы әбден мүмкін. Әр сұрағына дұрыс жауап қайтаруға тырысыңыз.Егер керісінше, ересек балаға "Оны не үшін сұрай бересің? Ол ұсақ-түйек, оның маңызы жоқ" десе, ол баланың тану процесінің сөніп қалуына әкеледі.

2-кеңес: Екі түрлі стандарттан құтылу.

Екі түрлі стандарт дегеніміз – отбасыда баланы тәрбиелеуде бір жүйенің болмауы. Бүгін оны істеуге болады, ал ертең болмайды. Анасы бір нәрсені айтса, әжесі басқаша дейді. Үлкен адам өз әрекетімен үлгі көрсеткені маңызды. Мысалы, егер өзіңіз артыңыздан жинап жүрмесеңіз, балаға ойыншықтарын жинамайтындығын айтып ұрсудың қажеті жоқ. Бала сөзге емес, әрекетке мән береді. Екі түрлі стандарт бала психикасына кері әсерін береді. Ол ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіне алмайды. Қауіпсіздік сезімі болмайды, себебі оның әрекетіне анасы бүгін қалай әсер беретінін білмейді. Сондықтан ережелер барлық отбасы мүшелеріне бірдей болуы тиіс.

3-кеңес: Қателесуге мүмкіндік беру.

Егер жағдай төтенше болмаса және қауіпсіздікке әсер етпесе, баланың қателесуіне мүмкіндік беріңіз. Мысалы, бала ойнап жүріп, аздап қиындыққа тап болса, ата-анасы бірден көмекке жүгіреді. Сол әрекетімен олар баланың өз әрекетіне анализ жасауын, қателік жіберіп, ақырын дұрыс шешім қабылдап үйренуін және бастысы, өз жеңісіне қуану мүмкіндігін тартып алады. Егер бала бірдеңемен алаңдап отырса, араласпаңыз. Мәселені оның орнына шешіп бермеңіз.

4-кеңес: Бала қажеттілігін түсініп, оны есепке алу.

Тек базалық қажеттіліктер емес, сонымен қатар баланың қалауы, қабілеті мен бейімі туралы ойланыңыз. Қажеттіліктер баланың өсуімен бірге өзгереді. Егер ересек адам оны бала кезден бастап тыңдай білсе, екеуінің арасында сенімді қатынас пайда болады. Баладан не нәрсеге қызығатынын, немен әуестенетінін және оның құрдастарына қазір не маңызды екендігін сұраңыз.

Бақытты бала өсіру – қиын болғанымен, шешімі бар тапсырма. Өзіңіз туралы ұмытпаңыз. Балаға ата-ананың үлгі-нұсқасын көру маңызды. Бақытты бала тәрбиелегіңіз келсе, өзіңізден бастаңыз.

А. Жапатова