- Негізгі бет
- Психология
- Виртуалды әлемнен шығыңыз!...
Виртуалды әлемнен шығыңыз!
Уақыт өте технология біздің өмірімізге тереңірек енуде. Ол үлкен көлемді ақпаратқа мүмкіндік береді және басқа адамдармен байланысуға көмектеседі. Адамдардың көпшілігі гаджеттермен әуестенетіні соншалықты, тіпті, виртуалды мен шынайы әлемнің арасынан тепе-теңдікті әрең табады. Интернетте көп уақыт өткізу арқылы не жоғалтамыз?
1. Басқалармен байланыс
Смартфонды құшақтап, ақпарат алып, жаңалық оқып, басқаның өмірін бақылап отырғанда нағыз тірі адамдарға уақыт аз қалады. Иә, олармен әлеуметтік желілерде көп сөйлесетін шығарсыз. Бірақ алыс емес, қашықтықта отырған жақыныңызбен жиі кездесесіз бе? Далаға шыққанда ұялы телефонын сөмкесіне салып, тек байланысқа ғана қолданған адам айналасына қарап, зерттеп, күлімдеп, кейде ұялып жүреді. Алайда смартфонынан көз алмай, басы төменге салбырап жүретіндер де аз емес.
2. Бақылау қасиеті
Аңғарғыштық – адамның маңызды сипаты. Ол басқаны түсінуге, қатынаста болуға, әсер етуге және жауап беруге көмектеседі. Бірақ виртуалды әлемнен қолы босамай отырған адамның сезім мүшелері жұмыс істемейді. Айналада не болып жатқанын байқайсыз ба?
3. Өзіңізге деген уақыт
Кейде біреудің идеясы, пікірі, сенімі өзіңіздікінен маңыздырақ болып кететін кездер бар. Кей адамдар өз-өзімен болудан қалады. Жеке тұлға ретінде даму үшін өзіңізге уақыт керек: өзіңіз, мақсаттарыңыз және армандарыңыз туралы ойлау.
4. Қоршаған орта байланысы
Интернетте отырған кезде айналада болып жатқан ұсақ-түйек түгілі, маңызды жағдайларға да мән бермейміз. Қиял басқаның суретін қараумен шектеледі. Автобуста немесе машинада келе жатып, терезеден даладағы заттарға қарап отырасыз ба?
5. Шынайы өмір
Виртуалды әлемде өмір сүруді доғару керек. Оған күнделікті кестеңізден уақыт бөлуге болады, бірақ ол шынайылықты алмастырмау керек. Себебі шынайы өмірде ғана алға жылжисыз, бірдеңеге қол жеткізесіз. Оны жоқ нәрсемен ауыстыруға болмайды. Сезім мүшелерін қолданып, шешім қабылдап, болашақты жоспарлау керек. Интернет күнделікті проблемалардан қашатын жер емес, құрал ғана болып қалу керек.
А. Жапатова