- Негізгі бет
- Психология
- Нағыз жігіт қандай...
Нағыз жігіт қандай болуы керек?
Бұл сұраққа әркім әр түрлі жауап беретіндігі белгілі. Нағыз жігіттің образын аналарымыз бір түрлі елестетсе, әкелеріміз бен бауырларымыз мүлде басқаша қабылдайды.
Барлық адамға ортақ белгілі стереотип жоқ десек те болады. Мысалы, кейбір қыздар жігіттің әрдайым қасында болып, оны аялап, сүйетіндігін айтып отырғандығын қалайды. Ал кейбір нәзік жандылар жігіттің тым мүләйімсіп кеткендігіне төзе алмайды. Ал тағы біреулері жігіттің үйі тыс, түз деп есептейді.
Дегенмен біз тақырыпты Массагеттіктермен бірге талқылағымыз келіп отыр.
Ақерке Әбілхан: Менің ойымдағы нағыз жігіт екі сөйлемейтін, басына күн туған шақта тез мойымайтын жігіт. Әйел адамдар ер адамдарға үнемі сенім артады, арқа сүйейді. Солардың артқан сенімін ақтауы керек деп білем. Нағыз жігіттің жанында әйелдер қауымы өздерін биік қорғаны бардай сезінуі керек. Нағыз жігітке айтылар сын мұнымен ғана шектелмейді. Жігіттерде де жүрек барын білем, әйткенмен олардың нәзік жандылар алдында көз жастарын төгіп егілгенін ұната бермеймін. Менің ойымдағы нағыз жігіт атына лайық жандар қыздардың алдында әлсіздігін көрсетпеуі керек.
Болат Қосмағамбет: Ең бірінші, ол - жігіт деген атқа әбден лайық болуы керек. Ал жігіттіктің дәлелі - жігіттің мінезі мен ақылында, іс-әрекетінде жатыр деп білем. Мен жігіттерді осы нәрселерімен бағалаймын. Ал жігіттік мінез адалдық пен намыстан тұрады. Бұл жігіттерді тануда индикатор іспеттес.
Мейіргүл Оңғарова: Қайдан пайда болғанын білмеймін, әйтеуір үнемі жігіт менен бір саты жоғары тұрғанын қалаймын. Қай жағынан болса да. Үнемі оның айтқан сөзі маған дұрыс көрінсе, кез келген жағдайда оның шешімін қолдай кетсем, міне, мен үшін нағыз жігіт осындай болуы керек. Сосын тағы да аса мән беретінім - жігіттің ата-анасына, бауырларына қандай қарым-қатынас жасайтыны. Ата-анасын, бауырларын сүйіп, оларға қамқор бола білетін жігіт қызының да қадірін біледі деп ойлаймын.
Алшын Матай: Өмірлік ұстанымы бар адамды азамат деп білемін. Мен ер азаматты сана-сезіміндегі ұлттық құндылығымен бағалаймын. Осылай ойлаған кездерімде бізде ер азаматтар көп пе осы деген ойға қалатыным бар. Әр азамат ұлты үшін, елі үшін жұмыс атқара білсе, онда біз әлемді билеген болар ек. Жалпы дәстүріне табанды болғанға не жетсін. Осы сұрақ қойылмас бұрын, өзіміз туралы ойланып алғанымыз абзал сияқты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: morozov.artphoto.pro