Қазақ отбасының мінездік ерекшелігі

Қазақ отбасының мінездік ерекшелігі
Фото: ak-dovurak.su,Baq.kz,

Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың нығаюы қоғамды да, мемлекетті де ойландырады. Отан – отбасынан басталады деп бекер айтылмаған. Отбасы мен неке адам баласының дүниеге келуімен, оның өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етіп отырғандықтан, ол адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі шешуші факторлардың бірі болып табылады. Отбасы мен неке тағдыры қандай болмасын қоғамдық құрылыспен, ондағы өндірістік қатынаспен тығыз байланыста болады да, әлеуметтік өзгерістер отбасы мен неке сипатына әсер етіп, жаңарып отырады. Мұның өзі отбасы мен неке тұрақтылығының үлкен қоғамдық мәселе екендігін айқындайды. 

Осыған байланысты, қазақ этносының некелік және отбасылық-туысқандық қарым-қатынас жүйесін, қазіргі қазақ отбасының құндылықтары мен салт-дәстүрлерін психологиялық ғылым тұрғысынан зерттеу мәселесін ғылыми тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да алға қоюдың маңыздылығы мен өзектілігінде күмән жоқ. 

Қазақ отбасы мен некелік қатынастарын этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін де, күнделікті өмір мүддесі үшін де зор маңызы бар. Этнография ғылымының қазіргі табыстары қоғам дамуы мен этнография тарихын зерттеушілерге аса құнды, жаңа деректер беріп отыр. Қазіргі таңда барлық халық этнографиялық тұрғыда түгелдей жете зерттеліп болды деген ұғым тумауы тиіс. Себебі, дүние жүзінің азды-көпті халықтары мен ұлттары туралы жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер олардың өміріндегі сан алуан сырларды, тарихи шындықты үсті-үстіне аша түсуде. 

Тәуелсіздік алған Қазақстан өтпелі нарықтық қатынастардың ауыр кезеңін бастан кешірген неке және отбасы жағдайы тарихи-этнографиялық және этносоциологиялық зерттеулерді қажет етеді. Қазақстанның болашақта көптеген кетігін бүтіндеуі үшін неке және отбасы жағдайы тұрақты болуы қажет. 

Отбасы және неке, неке-отбасылық қатынас көптеген қоғамдық ғылымдардың – этнология, демография, әлеуметтану, құқық (заң), экономика, педагогика т.б. ғылымдардың зерттеу нысаны. Әлеуметтік институттардың бірі бола отырып, отбасы қоғамдық процестерді қамтиды. Сонымен қатар қоғамның дамуына әсер етеді. Сол себепті отбасы функциялары заңдылығын зерттей отырып, басқа әлеуметтік жүйелермен байланысын талдау, отбасы құрылымы мен туысқандық байланыстарға бұл жүйелердің әсерін анықтау, отбасы-некелік қатынаста дәстүрді түсіну үлкен ғылыми қызығушылық туғызады. 

Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге моральдық-психологиялық нормасын “сегіз қырлы, бір сырлы” делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән-мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.). 

Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тындап, ел аузындағы ұтымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету – тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналды. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен “Өнерді үйрен де, жирен”, “Жігітке жетпіс өнер де аз”, “Шебердің қолы ортақ”, “Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым” сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адамның қадір-қасиеті, оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ержете келе ортақ мүдделікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Психологиялық тұрғыдан “бірауызды” болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәлісіне лайықтанған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке-дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті “қыз мінезді жігіт екен” дейтін болды. 

Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері – қазіргі қазақтардың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын. Өйткені, қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, от басындағы әдет-ғұрпымен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айрылған, “қой мінезді” момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз. 

Жеріміздің ұлан-ғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен, қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қақсатқан көзсіз батырлық, “мың өліп, мың тірілген” кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы. 

“Бұрынғы уақытта – деп жазды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов “Қазақтың өзгеше мінездері” деген мақаласында; - қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен” – дейді (Алаш, 1917, 30 наурыз, № 16). 

Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден “сіңіп” кеткен жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүйездік пен салғырттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. осы секілді келеңсіз қасиеттер әлі күнге дейін алдымызға оралып, заман талабына бейімделуге бөгет жасауда. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке әуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы секілді жағымсыз қасиеттер келіп қосылды. Бізде бұдан басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жәйт еңсемізді көтертпей, құлдық психологияның шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқанын естен шығармауымыз қажет. 

Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадір-қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтан тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленулері тиіс.

Кылханова Толқын 
Тұран Университетінің 2-курс магистранты

А. Қажиев