- Негізгі бет
- Психология
- Неге жас ұлғайған...
Неге жас ұлғайған сайын уақыт зымырай түседі?
Калифорния Университеті психология ғылымының докторы Джеймс М.Бродуэй және оның студенті Бритни Сандовал неге жас ұлғайған сайын уақыттың жылдам өтетінін түсіндірді.
«Уақыт қайда зымырап барады?» – орта жас пен қарттар уақыттың жылдам жүру үрдісін сезе бастайды. Кейде бұл сезім адамның бойындағы өкінішті оятады. BBC шолушысы және психолог Клаудии Хаммонд бір сөзінде «Уақыттың тым жылдам жүру үрдісін сезу – әлемдегі шешімі белгісіз жұмбақтардың бірі»,– деген болатын.
Қуанышқа орай, бұл сырдың жауабын білуге деген талпыныс өз нәтижесін берді. Мысалы, 2005 жылы психолог мамандар Марк Уиттманн (Marc Wittmann) және Сандра Ленхофф (Sandra Lenhoff), екеуі де Людвиг-Максимилиан Мюнхен университетінен, 14-94 жас аралығындағы 499 қатысушыға тәжірибе жұмысын жүргізді. Олардың негізгі мақсаты «өте баяу» және «өте жылдам» жүру мүмкіндігін адамның жасына байланыстыра отырып, жасалған тұжырымдардың шын-өтірік екенін анықтау болатын. Қысқа мерзімді уақыт аралығында (апта, ай,тіпті жыл) жастарға да, қарттарға да уақыт жылдамдығы бірқалыпты болған. Ал, ұзақ мерзімді уақыт аралығында, мысалы 10 жыл қарттар үшін «кеше ғана орын алғандай» сезілген. Яғни, олар уақыт жылдам өтіп жатыр деген пікірді ұстанған. Ал, өмір туралы ойлану өтінішіне 40 жастан асқандар балалық шағында уақыт жылжымағанын, ал жасөспірім шақта жылдамдығы арта түскенін, есейген шақта ешнәрсеге үлгере алмағанын алға тартқан.
Біз уақытты қабылдаймыз: оқиғаның созылу ұзақтығын сипаттау үшін психологияда екі қағида қалыптасқан. Бірі перспективті қағида – оқиға жалғасып жатыр немесе ретроспектиаті қағида – оқиғаның аяқталуы. Сонымен қатар, уақытты қабылдау дағдымыз біздің ойымызбен, іс-әрекетімізбен бірге өзгеріп отырады. Біз көңіл көтерсек уақыт жылдам өтіп кетеді. Өзімізге ұнайтын іспен айналыссақ та, уақыт байқалмастан сырғиды. Бірақ, кейін оны еске алғанда сіз ойлағаннан әлдеқайда ұзаққа созылған үрдіс екенін түсінесіз.
Оның себебі неде? Біздің миымыз жаңа тәжірибені кодтайды. Сонымен қатар, ретроспективті көзқарас белгілі бір уақыт аралығында жасалған жаңа естеліктермен өлшенеді. Демалыс күндері біз неғұрлым көп естеліктерге мүмкіндік береміз, соғұрлым уақыт баяу өтеді. Мұны Хаммонд «мерекелік парадокс» (holiday paradox) деп атады. Балалық шақтан ересек шаққа аяқ басқанға дейін сан алуан естеліктер мен тың сезімдерді бастан кешеміз. Ал, есейген шақта біздің санамыз таңғалдыра алатын, таныс емес сәттерді кездестіру мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан, адамның алғашқы жылдары ұзағырақ өткендей сезім тудырады. Сіз есейген шақта да уақыттың жылдамдығын азайтуға мүмкіндігіңіз бар. Жаңа дағдылар, жаңа орта мен сіз көрмеген бар жаңашылдық санаңыздағы уақыт өлшемін ұзартады.