- Негізгі бет
- Психология
- Жапон философиясы: икигай...
Жапон философиясы: икигай деген не?
Икигай сөзі жапон тілінен шыққан. Мағынасы – таңертең оянуға мәжбүрлейтін өмір мәні. Икигай – сіздің қызығушылықтарыңыз бен сізге қуаныш сыйлайтын әрекеттің толық жиынтығын білдіретін шығыс Азия термині.
Окинава аралының тұрғындары (жапондар) бұл сөзді өз философияларының бір бөлігіне айналдырған. Бұл сөз Батыс мәдениеті мен Орта Азияда таңсық деу де дұрыс емес. Өйткені, өз өмірлерінде белестерді бағындырғандар арасында бұл философия негізінде өмір сүргендер көп:
• «Жұмысқа кірісу үшін таңды асыға күтетінбіз» (Уилбур Райт – ұшақты ойлап тапқан адам)
• «Өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Бұл сізді жетістікке әкеледі. Әр таң сайын айнаға қарап, өзімнен сұрайтынмын: Егер бүгін өмірімдегі соңғы күн болса, мен не істер едім?»
Стив Джобс – Apple негізін қалаушы
Өмірге деген қызығушылық, өз ісіне дереу кіріссем деген құмарлық адамға істі тиянақты орындауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өзінің маңыздылығын ұғынып, рахаттану сезімін бастан кешіруге жағдай жасайды.
Өзінің икигайын білетін адамдарға күйзеліс ұғымы таңсық. Сондықтан, ұзақ әрі мәнді өмір сүруді қалайтын адамға таңертең ұйқыдан оятатын себеп табу керек.
Өз икигайын қалай табады?
Өмірдегі басты миссияңызды орындау үшін сізден уақыт пен күш-қуат керегі анық. Сізге таңдау жасауға тура келеді. Белгілі бір нәрседен бас тартып, өмірдегі баспалдақты қайта жүруге тиісті боласыз. Сіз дайынсыз ба?
Неғұрлым өз икигайыңызды іздеуді ертерек бастасаңыз, соғұрлым ертерек сіз тыныштық пен рахаттануды сезіне аласыз. Іздеу барысында септігін тигізетін сұрақтар ретін ұсынамыз:
• Жетістік: Өміріңіздегі қай жетістігіңіз сіз үшін бағалы? Ақ парақ алыңыз да, шынымен мақтан тұтатын бірнеше жетістігіңізді жазып шығыңыз.
• Білім: Бойыңыздағы білім мен дағдылар несімен ерекше? Өзіңізді қай салада маман санайсыз? Қай тақырыпта рахаттана әңгіме айтасыз? Қай жанрдағы әдебиетті оқисыз? Бос уақытыңызда қай сайтқа кіресіз?
• Сезім: Өзіңіздің қызығушылығыңызға сәйкес келетін бағыт бойынша жұмыс істейтін болсаңыз, жетістікке жетесіз. Икигай іскерлік жетістіктерден гөрі, жүрек тыныштығына көбірек көңіл бөледі.
• Өзін-өзі бағалау: Арманыңыздағы бейнеңіз қандай? Сіз кімсіз? Қандай болуға тырысып жүрсіз?
• Тұлға: Өмірде бірдей адам жоқ. Тіпті, бір-біріне қатты ұқсайтын егіздердің мінезі әр түрлі. Өзіңізге тән қасиеттеріңіз бар ма? Ол сізді өзгелерден несімен ерекшелендіреді?
Осы сұрақтарға сауап бере отырып, өмірден өз икигайыңызды табатын шығарсыз. Таңертең ұйқыңыздан еріксіз оятатын, өміріңіздің мәнін тапқан шақта жүрегіңіз де өз бақытын жолықтырады.
Т. Есқали