Көтеріңкі көңіл күйдің 5 құпиясы

Көтеріңкі көңіл күйдің 5 құпиясы
Фото: Аршат Данияров

Уайым мен жабырқау өмірімізді күңгірт сұр түске бояйды. Бағалы уақытыңызды уайыммен өткізбей, көңіл күйді басқара білу керек.  

Ұйқыны қандырыңыз!

Неліктен таң атысымен ашуланып, бажылдап, төсектен тұрғымыз келмейді? Ұйқының қанбауынан күш азайып, үнемі шаршап жүресіз. Сондықтан түнде фильм немесе ұялы телефон қараудан бас тартып, жылдам ұйықтауға тырысыңыз. Сол кезде жұмысқа қабілетіңіз артып, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай алатыныңызды байқайсыз. Төсектен тұрған соң, өзіңізге жағымды эмоция сыйлаңыз. Терезені ашып, үйді жарықтандырыңыз. Егер дала қараңғы болса, электр жарығын қосыңыз. Күлімдеңіз!

Қуаттаныңыз!

Өзіңізді хош иіспен еркінсітуге кезек келді. Душ қабылдасаңыз, ұнататын гельмен жуыныңыз. Жуынудың соңында салқын сумен шайыныңыз. Ол қуаныш сезімін қамтамасыз ететін нейромедиатрларды жандандырады. Парабенсіз және сульфатсыз табиғи косметика таңдаңыз. Ол теріңізді тиімді қорғайды, ал балғын хош иіс таңды қуанышқа толтырады.

Жігерленіңіз!

Қажетті қалыпқа келу үшін бос уақытыңызды қолданыңыз. Мақала оқитын мүмкіндігіңіз болса, позитивті жаңалықтар, күлкілі әңгімелер, қызықты суреттер және қанатты сөздер оқыңыз. Бірнеше минут оқуға жұмсағанның өзінде күлкіңізді ұстай алмайтыныңыз анық.

Жаттығыңыз!

Қарқынды жүріс те денсаулыққа пайдалы. Физикалық жаттығулар бақыт гормоны эндорфиннің түзілуіне әкеледі. Жаныңыз қалайтын спорт түрін таңдаңыз. Ол велосипед тебу, билеу немесе жүзу болуы мүмкін. Бастысы жүктемені ретте ұстаңыз. Ол сізге қуаныш сыйлау керек. Егер күнделікті жаттығуға уақыт болмаса, қарапайым жүрістің өзі жарайды. Жұмысқа немесе сабаққа дейінгі жолдың жартысын қарқынды жүріске арнаңыз. Қарқынды жүріс сізді қуаттандырып, көңіл күйді көтереді.

Өзіңізді еркелетіңіз!

Босаңсуға және демалуға жақсы күтім көмектеседі. Теріңізді нәзік тазартушы құралмен тазартып, крем жағыңыз. Дұрыс тамақтануды қолыңызға алыңыз. Айна алдына келіп, өзіңізді мақтаңыз. Бұл - сіздің сеніміңізді арттырады. 

А. Жапатова