- Негізгі бет
- Психология
- Ми жұмысын жақсартатын...
Ми жұмысын жақсартатын 7 жеңіл жаттығу
Ми жұмысын жақсарту үшін жаңа әрекеттер істеу арқылы миға күн сайын шабуыл жасап тұру керек. Мидың күш-қуатын мол пайдаланғыңыз келсе, жаттығулар жасаңыз.
Біз спортпен шұғылдану арқылы мүсінімізге мән береміз. Күніне бірнеше сағат уақытымызды сұлу сымбаттың иесі болу мақсатына арнаймыз. Ал миымызды шынықтыру үшін осы кезге дейін не істедік? Бітпейтін қиындықтар мен күйзелістер миға күш түсіріп, кейде терең ойлана алмай қалып та жатамыз. Ендеше ми жұмысын жақсартатын жеңіл жаттығуларға назар салайық.
1. Көзіңізді жұмып тұрып киініп-шешініңіз.
Бұл жаттығуды күніне бір рет жасау керек. Басында бұл сізге күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ аталған жаттығу іс-қимыл координациясын жақсартады, мидың оң және сол бөлігін бір-бірімен тығыз байланыстырады, ұсақ моториканы дамытады, т.б. Пайдасы мол жаттығу сіздің сезімталдығыңызды арттырады.
2. Санау ойындары.
Ми әдеттегі ырғақты бұзғанды жақсы көреді. Жаңа мақсаттар миға да серпін береді. Сондықтан айналаңызға назар салып қарап, мына сұрақтарға жауап іздеңіз: "Жұмыста қанша баспалдақ бар?", "Автобустағы қанша жолаушы үстіне бірдей түсті киім киген?", "Жанымнан өткен екі машинаның нөмірлерін бір-біріне қосқанда қанша болады?", "Аялдамада тұрған қай адам қай адамға ұқсайды?", "Сөмкемдегі кітаптың мұқабасында қандай сурет қай жерде тұр?", "Жұмыстас қыз кеше қандай киім киді?", "Қонақ бөлмедегі перденің қанша оюы бар?" т.б. Бұндай сұрақтарды өзіңіз де құрастырсаңыз болады.
3. Күн сайын 3 шетел сөзін жаттаңыз.
Қандай тіл екені маңызды емес. Күн сайын жаңа тіл болса да артық емес. Күн сайын 3-5 жаңа сөзді жаттасаңыз, миыңыз жақсырақ жұмыс істей бастайды. Қазіргі таңда ағылшын тілін білу керек. Сондықтан ағылшын тіліндегі сөздерді жаттай беріңіз. Соңында ағылшын тілін меңгеріп те аларсыз.
4. Сөйлеңіз, сөйлесіңіз, пікірталасқа қатысыңыз, қорытынды шығарыңыз.
Бұлар дүниетанымыңызды кеңейте береді. Қоршаған ортаға ақпарат беріп, айналаңыздан хабар алыңыз.
5. Күнделік жазыңыз.
Көп адам үшін күнделік жазу дағдыға айналған. Өйткені бәрі өз ойын бөлісетін құрал іздейді. Күнделік жай ғана жазба емес, әлдебір іс-әрекетті қайта қалпына келтіру барысында күнделік жақсы көмекші бола алады. Қолымызға қалам алып өз-өзімізге үңілген сәтте ми талшықтары жақсылап оянып, өз-өзімізге айнадан қарағандай боламыз.
6. Күн сайын жаяу серуендеңіз.
Дене мен ми бір-бірімен өте тығыз байланыста. Дене шаршағанда ми да қажиды. Сондықтан күн сайын жүгіріп, спортпен шұғылданып тұру керек. Біз қадам аттағанда миға оттегі көп бөлінеді, сәйкесінше қоректік заттар да миға әдеттегіден мол жетеді.
7. Кітап оқыңыз.
Бұны біз айтпасақ та жақсы білесіз. Кітап – асыл қазына, ол білімімізді байытып, танымымызды кеңейтеді. Кітап оқып отырып қиялдайсыз, рухани ләззат аласыз. Миға демалыс сыйлайсыз.
Миыңыздың жұмыс істегенін қаласаңыз, оған уақыт бөліңіз. Оны қозғаңыз. Сонда ғана әр нәрсенің шешімін тез табатын ұшқыр ойлы адамға айналасыз.
М. Оңғарова