Екі адам махаббат қаласына бірге аттанғанда, екеуінің де өмірі жақсы арнаға бұрылуы тиіс. Біреуі бақытты болғанымен, екіншісінің көзінен шаттықтың ізі білінбесе, кеш болмай тұрғанда, бірден кейін шегініп, қайта оралғаны дұрыс.
Ақ боз атты ханзадаға тұрмысқа шығу үшін өзіңіз жайдарлы да назды ханшайым болуыңыз керек екенін естен шығармаңыз. Өмірлік көзқарастарыңыз, ұстанымдарыңыз үйлесуі тиіс. Өзіңізді оның жанында жайлы да ыңғайлы сезіну үшін әлеуметтік дәрежеңіз тең болғаны жөн.
Қызғаныштан қашыңыз. Қызғанышты қаулатамын деп, өртіне өзіңіз күйіп қалуыңыз бек мүмкін. Ойыннан от шыққанда, қос ғашықтың бірі күйеді. Орынсыз қызғанбаңыз, қызғандырмаңыз.
Махаббат сау да саламатты болуы сүйген жүректің екеуіне тең дәрежеде байланысты болмақ. Сезім гүліне қос тараптан да су құйылмаса, солып қалады.
Қыздар өзінің сүйіктісі жын ұрған күйгелек емес, ешкімнің қолы жетпейтін ханзада болғанын қалайды. Жігіттер де сүйген сұлуы қай кезде жарылатыны беймәлім бомба емес, сабырлы болғанын ұнатады. Жанындағы адамы бабы таптырмайтын, өзіне не керегін өзі білмейтін жан болса, жүйке жұқарып, ұрыс-керіс көбейіп, сезім солып қалады.
Екі жас күнделікті бір-бірін сөзбен шағып немесе нағыз жындыхана адамдарындай есуас қылықтар көрсетіп, ақымақтарша араласуға еті үйреніп кетсе, қалыпты күйге қайта түсуі оңай болмайды.
Тез өршіген сезім тез өшеді. Мәңгілік махаббаттың шыңына шығу үшін қос жүрек те махаббат ұғымын жете түсініп, сезінуі тиіс. Сіз ашу шақырып, бұлқан-талқан боп жатқанда, жұбыңыз үнсіз отырса, ол саңырау, мылқау, жүрексіз емес, барлығына төзе білетін, өзін-өзі ұстай білетін қасиеті деп ұғыныңыз.
Өміріңіздің мәніне айналған кісіні өзгертуге ұмтылмаңыз. Сіз қолдан жасап шығарған «жаңа адам» өзімен біге талғамы да өзгеріп, сіздің жаныңызда қалғысы келмеуі мүмкін.
Егер ол кей әрекеттерін әдейі істейтіндей көрініп, жирене бастасаңыз, басыңызға жақсы ой келгенше күтіңіз.
Шынайы сезімдерден туған махаббат – теорема емес, аксиома. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Күн сайын өздігінен дәлелденетін дәйектерді көре білетін, сезіне білетін жүректер ғана керек.
Махаббатты сатып алуға болмайды. Бұл қадамға барған екенсіз, саудаласпаңыз. Бәрібір сіздің ұпайыңызға шешілмейді. Саудада міндетті түрде құлдырау болады. Шығын болған сезімдеріңіздің қайтарымын сұрамаңыз.