Жексенбіні қалай өткізем?

Жексенбіні қалай өткізем?

Бүгін жексенбі. Алматылықтар қала күнін асыр салып тойлап жатқан болса, басқа қаланың тұрғындары үшін кәдімгі жексенбілік күн. Алматыда тұрмасаңыз, сіз үшін де осы жексенбіні есте қаларлықтай етіп өткізудің сан жолдары бар. 

Жексенбі адам ағзасы демалатын күн ретінде өтуі тиіс. Жұмыс күндері қарбаласып, жұмыс істеп, не сабақ оқып күніңізді өткізетін болсаңыз, жексенбіде бір күн болса да, өзіңізді тынықтыруға жол беріңіз. Бұл жылы төсектің астында күні бойы ұйықта деген сөзіміз емес, әлбетте. 

Өз-өзіңізді тыңдаңыз. Ауа райы көңіліңізді көншітпей тұрса, үйде отырып-ақ күнді көңілді етіп өткізуге болады. Сүйікті ісіңізбен айналысып, интернеттен әлдебір пайдалы кеңес оқып, соны іс жүзінде жүзеге асыруыңызға болады. Қыздар үшін аспаздық шеберлігін көрсету үшін таптырмас кез. Әрбір адамның жүрегінің түбінде өз қалауы бұғып жатады. Тіпті нағыз дарынсызбын деген күннің өзінде, бір іске деген ерекше икемділігіңіздің болатыны заңдылық.

Үйдің тазалығы - көтеріңкі көңіл-күйдің кепілі. Үйді жинастырып, тазалықтан рахат алыңыз. Белгілі бір істі жеріне жеткізіп тындырып болған соң, бойыңыздан жүк түсіп, жеңілдегендей күйге түсесіз. Адамға өз ісінің жақсы нәтижесі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Жаңа зат. Қыздар үшін шоппинг - нағыз демалыс. Көптен алғыңыз келіп жүрген затыңызды бүгін сатып алсаңыз, бұл жексенбінің есіңізде көпке дейін сақталатынына сенімдіміз. Бұл кеңесіміз тек қыздарға ғана қатысты емес, жігіттеріміздің де жексенбінің жартысында киім-кешекке көңіл бөлгендері дұрыс. Ал қалтаңызда қаражат болмаған жағдайда, қапаланбаңыз. Мына кеңестер сіз үшін. 

Достар, достар, жүрсің қайда? Достарыңызбен араларыңыз суып кеткендей сезімде жүрсеңіз, жексенбі олармен кездесу үшін таптырмас кезең. Сондықтан, достармен жиналып, киноға, театрға барып, не жай ғана әңгімелесу үшін тыныш жерге барып көңілді уақыт өткізуге болады. 

Еріншектің ертеңі бітпес. Жексенбі демалыс күні дегенімізбен, демалысыңыз демалыс құрлы болмай, көкейіңізді әлдебір мәселе, әлдебір жұмыс мазалап жүрсе, сол нәрсені неге бүгін тындырып тастамасқа? Кейде өз қалауымыздан тыс жұмыс істеуімізге тура келеді. Сондықтан ол мейлі жұмыста істелмей қалған шаруа болсын, жазылмай қалған сабақтың тапсырмасы болсын, бүгінгі істі ертеңге қалдырмағаныңыз жөн. Тек бұны біреу үшін істейтіндей қапаланып, қайғармай, "осыдан кейін рахаттанып демалып қаламын" деген оймен істесеңіз, бұның өзі демалыс болмақ.

Сіздің жексенбіңіз қалай өтуде? 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: icamerist.ru

М. Оңғарова