- Негізгі бет
- Психология
- Қызғаныш сезімі қаншалықты...
Қызғаныш сезімі қаншалықты орынды?
Қызғаныш ұғымына бірнеше анықтама беруге болады. Оған ертеде өткен ұлы тұлғалар да екі түрлі көзқараста болған. Бірі «махаббат қызғанышсыз болмайды», «жұбын шын сүйетін жан қызғанады» десе, енді бірі қызғанышты жазылмас дертке, ұрыс бастайтын өртке балайды.
– Сүйіктіңнің сезімі жеткіліксіз болып, басқаға көбірек болып кетті-ау дегенде туатын жағымсыдық.
– Тек «мен» деп өскен адам жақын адамын басқалармен бөліскісі келмегенде туатын сезім.
– Жұбына өзгелер көз салғанда туатын, сыңарына ұнайтын, жағымды сезім.
– Кез келген жағдайға ұрыс туғызуға себеп болатын орынсыз сезім.
Осының барлығы қызғаныш ұғымын аша алады. Ілияс Есенберлин «Қызғаншақтық — кең дүниені тар ететін кесел. Ол адамды іштен жегідей жейді. Бір кездегі денелі, салмақты жас жігіт, енді күжіреген, қас-қабағы түнерген, ашулы кісіге айналады» десе, Жүсіп Баласағұн «Қызғаныш қайда болса, ұрыс сол жерде» дейді. Оның жағымды да, жағымсыз да жақтары болатыны белгілі. Қай нәрсені де орнымен орындаса, жайсыздық тудырмас.
Сүйгеніңді қаншалықты жақсы көрсең де, оған қызғанғаныңды білдірмеген жөн. Әр басқан қадамын аңдып отырсаң, күмәндана бероесің. Шайтанның азғыруына түсіп, бойыңды жаман ойлар билейді.
Қызғаныш кейде тәтті сезім. От шығармай ойнап, арасында қызғандырып, қызғануда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ қызғану деген әлеуметтік желіде кіммен не деп сөйлескенін бақылап, әр қызға басқан лайк үшін жазғырып, дау туғызу емес.
Жігіттер қызының жабық киінуін қадағалап, сұқтанған сырт көзден сақтау арқылы қызғануы тиіс. Қыздар бар махаббаты мен мейірімін тек өзінен төгіп, жат құшақты аңсамауына жағдай жасап қызғанғаны жөн.
«Қайда болдың?», «Ол неге саған қарап күлді?», «Бетінен неге сүйдің?», «Түн ішінде таусылмайтын не жұмыс?» деген мазасыз мылжың сұрақ орнына «Саған сенемін» деген салмақты сөзді мойнына артып қойған абзал. Басқа жаққа қарайын десе де, қорғасындай ауыр жауапкершілік жан-жаққа мойын бұрғызбайды. Махаббатағы парасаттылық осы қасиетпен өлшенбек.
Әлемдегі ең қызғаншақ жан болсаңыз да, ондай тентек сезімді тасада ұстаңыз.
@. @assel_assanova