Үйлену тойында жетімдерге дастархан жайған жас жұбайлар өмірі

Үйлену тойында жетімдерге дастархан жайған жас жұбайлар өмірі
Фото: tengrinews.kz

Шымкентте қайырымдылығымен танылған күйеу жігіт өзі және қалыңдығы жайлы айтты. Мейірман Сауранбек "лимузинмен" өткізетін той күнгі серуенінің орнына жетім балаларға дастархан жайды. Бұл шараның видеолары мен суреттері әлеуметтік желілерде, жаңалық сайттарында жарияланып жатты. Tengrinews.kz тілшісі мәрт жігітпен әңгімелесті. 

Мейірман Сауранбек Сайрам аудан орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес-тәлімгер болып жұмыс істейді. Ал қалыңдығы − жоғарғы оқу орындарының біріндегі экология факультетінде мұғалім. Жас жұбайлар бірге жұмыс істеген жеке меншік компанияда танысыпты. Алайда жігіт жұмыс орнын ауыстырғаннан кейін сезімін білдіріпті. Жұп 2013 жылдан бастап кездесе бастаған. Биыл Сауранбек сүйіктісіне кафеде ұсыныс жасапты.

Қазіргі уақытта жұп Шымкентте пәтер жалдап тұрып жатыр. Күйеу жігіттің айтуынша, ол үйлену тойының осындай резонанс туғызатынын ойламаған екен. Оның достарының бірі жетімдерге дастархан жайған сәтін видеоға түсіріп алып, Facebook желісіне жариялапты. "Барлығының біз жайлы білгісі келетінін өзім де ойлаған жоқпын, − дейді Сауранбек.  Мен балалар үйіне келіп, ата-ана махаббатынан айырылған балаларға жақсылық жасағым келетін. Серуендеуге және лимузинге ақша жаратқым келмеді. Оның үстіне осындай қиын кезеңде балалар үйінде дастархан жайдым. Қалыңдығыма бұл жайлы тойға екі күн қалғанда ғана айттым. Бастапқыда ол барлық қарапайым қыз секілді лимузинмен серуен құрғысы келді. Бірақ ол менің шешіміме түсіністікпен қарады. Кортежге 100 мың теңге жұмсалар еді. Осы соманы мен балаларға жараттым", − дейді жігіт. 

Ол балалар үйінің әкімшілігімен алдын ала келісіп қойыпты. Балалар болса бұл кезде мерекеге дайындалып жатқан. Сауранбек үш мақсаты болғанын айтады: балаларға қуаныш сыйлау, ысырап жасамай, ата-ана қуанышынан айырылған балаларға нағыз тойдың қалай болатынын көрсету және қайырымдылықпен айналысу. Жігіт балалардың қатты қуанғанын, себебі ақ көйлек киген қалыңдықты көрмегенін айтады. Сыйлықтар көп болған, бірақ Сауранбекке балалардың тақпақтары мен әндері ұнапты. "Олардың айтқан өлеңдері мен әндері жүрегіме жетті, − дейді ол.  Балалар өте шынайы, қатты таңғалдым (...) Олардың дайындығына таңдандым. Әрине, осының бәрі қуаныш сыйлады. Ал кешке тойымыз өтті, онда 350 адам болды. Бұл дәстүр ғой, туыстарымыз, достарымыз, ауылдастарымыз болды. Сөйтсек, ата-анамыз балалар үйінде дастархан жайғанымызды әлеуметтік желілер мен жаңалықтардан оқыпты. Барлығы бізді қолдады",  деді ол. 

Сауранбектің айтуынша, ол жаңалықтар сайтында жазылған пікірлерді оқып қуанған. Жас жұптың қайырымдылығы көп адамға шабыт сыйлапты. "Мен бұл істі бастадым, қазақстандықтар менің жасағанымды үлгі етсе, қымбат-қымбат көліктер жалдап, серуендегенше, балалар үйіне барып, қайырымдылықпен айналысса деген ниетім бар. Осындай дағдарыс кезінде бос шығын келтіру орнына осылай жасасақ игі болар еді", − деді Мейірман. 


С. Ерсін