Қыз бен жігіт қарым-қатынасы: қате қағидалар

Қыз бен жігіт қарым-қатынасы: қате қағидалар
Фото: Любовь Харламова

Қыз бен жігіттің қарым-қатынасында ғашықтардың барлығы дерлік жіберетін қателерді байқауға болады. Бірақ кезекті материалымызда айырылысуға әкелетін қателіктер мен әдеттерді талдауды жөн көрдік.

Қызғаныш

Ең нәзік, ең пәк, сабырлы деген адамның өзі сүйіктісіне өзге біреудің көз салып, оның назарын өзіне аудару үшін әрекет жасап жатқанын көрген кезде, ашуланып, дөрекілік танытуы мүмкін. Ал ең «сорақысы» — сүйіктісінің көңіліне келіп, намысын аяқ асты ететін сұрақ қоюы, оны ашуландырып, еркіндігін шектеуі. Сүйіктіңізді ешуақытта қызғанбаңыз. Ол сізді таңдаған екен, оған сенім артыңыз. Ал егер ондай арам ниетті адамдардың араларыңызға түсуіне жағдай жасай беретін болса, одан бас тарту керек шығар? Мұндай адам сізді отбасылық өмірде бақытты ете ала ма?

Әлеуметтік желі

Мынадай бір қызық оқиға болған екен: Бір жігіт вконтакте желісінің негізін салған Павел Дуров есімді азаматқа «Сіздің арқаңызда мен өмірлік жарымды тауып, екеуіміз шаңырақ көтердік, рахмет» деп алғысын білдірген екен. Ал Павел өз кезегінде «Оқасы жоқ, сендер енді біздің арқамызда ажырасасыңдар» деп жауап берген екен. Әлеуметтік желі адамдарды табыстырып қана қоймай, олардың ренжісіп, тіпті араласпай кетулеріне де себепші болуы мүмкін. Павел мырза айтқандай жағдайға тап болмас үшін гаджеттің көгілдір экранына емес, сүйіктіңіздің жүзіне қараңыз. Жеке кеңістікке өтіп, болмашы майда-шүйделермен бөлісе берудің қажеті жоқ.

Тәжірибесіз кеңесшілер

Құрбыларың мен достарыңның көп болғаны жақсы. Олар расымен де, жаны ашып, дұрыс жолға салуы мүмкін. Бірақ адамдар әртүрлі. Осыны ұмытпаңыз. Барлығын бір қалыпқа салып, бірдей ой қорытуға болмайды. Кейде құрбылар қызғаныштан айырылысуларыңызға себеп болатын кеңес беруі мүмкін. Сондықтан тек өзіңізге сеніңіз. Қатты қиналсаңыз, сүйіктіңізбен барлығын ашып сөйлесіңіз.

Аңду

Сүйіктіңіз сізден бір нәрсе жасырып жүр деп ойлайсыз ба? Әлде оның қалтасындағы заттары мен телефонындағы суреттер қызықтыра ма? Қанша жерден қатты қызықсаңыз да, сүйіктіңіздің жеке кеңістігін сыйлаңыз. Сізден бірнәрсе жасырса, оның да маңызды себебі бар.

Бұрынғы ғашығым

Бұрынғы жігітіңізбен немесе қызыңызбен қарым-қатынасыңыз жақсы болса, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда мұның қазіргі сүйіктіңізге жақпайтынын біліңіз. Той-думанда бірге отырғандарыңыздан бөлек, телефонмен сөйлесулеріңіздің өзі оның ашуын келтіреді. Осыдан кейін айырылысып кетулеріңіз де ғажап емес.

Ең бастысы, сүйіңіз, сүйе біліңіз. Өмірде одан асқан бақыт жоқ екенін біліңіз!

Қ. Бүйенбай