- Негізгі бет
- Психология
- Ер мінезді арулар...
Ер мінезді арулар табысқа жете ала ма?
Коко Шанель 1883 жылы Сомюрде дүниеге келді. Өз есімі - Габриель Бонер Шанель. Шанель сән әлемін бір мезетте танымастай түрлендіріп, өзгерткен әйгілі модельер.
Габриель жұртқа өзінің 1893 жылы туғанын айтып, сендіруге тырысатын. 12 жасында анасынан айырылып, әкесі оны бауырларымен тастап кетеді. 18 жасында киім сататын дүкенге сатушы болып қызметке тұрады. Бос уақытында кафеде ән айтады. Оның сүйікті әндерінің бірі "Ko ko Ri ko" еді, сондықтан жұрт оны Габриель емес, Коко деп атап кетті.
Ән айтуға талабы зор болмаған. Бір күні кафе қонағы Этьен Бальзан атты офицер Кокоға қызығады. Габриель сол кісінің Париждегі үйіне көшеді. Біраздан кейін Артур Кейпель атты ағылшын кәсіпкеріне кетіп қалады.
Алғашқы дүкенін 1910 жылы Парижде ашып, бас киімдер сатып бастаған.
Әйгілі Chanel #5 әтірін Ресейден келген Эрнест Бо атты эмигрант шығарған еді. Ол Кокоға 20 шақты иіс ұсынып, соның бірін таңдатқызды. Шанель бесінші нөмірдегі иісті ұнатты. Содан бері ол бесінші Шанель атты атау алып, әлемдегі ең танымал әтірлердің бірі болып келеді.
20 ғасырдың сән әлемін өзгерткен Шанель ұзын көйлек, тырысқан блуза мен корсетті ұнатпайтындықтан, ерлер сәніне қызығып, әйелдер киімін түрлендіре бастады.
Кішкентай қара көйлек сәнін де Коко Шанель енгізген еді. Қыз-келіншектер көйлекті тек кеште емес, кез келген жерде, кез келген уақытта киюге болатынын айтып, танымал етті. Халық бұл тенденцияны Шанельдің көлік апатында қайтыс болған сүйіктісі Артурды жоқтау мақсатында тігілген киім деп түсінді.
Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін Шанельді немістерге көмек етті деп тұтқындаған еді. Уинстон Черчилльдің кеңесімен Коко тұтқыннан босатылып, Швейцарияға айдалды.
1954 жылы Коко Шанель сән әлеміне қайта оралды. Бұрынғы танымалдылығы мен халық құрметінен айырылған Габриельге қайта орнығу оңай болған жоқ. Дәл осы кезеңде твид матадан тігілген костюм, киімдер, әдемі көйлектер, жағасы жоқ жакеттер, жасанды қалталар мен алтынмен қапталған түймелер подиумда таныстырылды.
1950−1960 жылдары Одри Хепберн, Лиз Тэйлор сияқты Голливуд жұлдыздарын киіндірген.
1971 жылы Габриельдің жүрегі ұстап, 87 жасында өмірден қайтты.
Коко Шанель − өмірдің сан түрлі қиындықтарын көріп, жұртқа көз жасын көрсетпеген жанның бірі. Ауыр кезеңнен басын түсірмей өтіп, жалғыз өмір сүрген әйел. Жастайынан жауапкершілікке үйренген, ер мінезінің арқасында 87 жас жасап, табысқа жетіп, өз орнын ойып тұрып алған. Коко Шанель − ғасырлар өтсе де сән әлемінде аты өшпейтін адам.
Ф. Абилова