Бақытты адамның ұстанымдары - 2

Бақытты адамның ұстанымдары - 2
Фото: Дамир Кужумов

Бақытқа жету жолы тайғақ келеді дегенді талай рет естіген боларсыз. Бірақ шын мәнінде бақытқа қашан, қалай және кіммен жететініңіз тек өзіңізге байланысты. Назарларыңызға пайдалы болатын басты ұстанымдарды ұсынамыз.

Басы

4. Барлығын бақылау әдеті. Кейбір ата-ана баласын бәрін бақылауға дағдыландырады. Бала жастайынан оқу, жұмыс, отбасы мәселелерінде жауапкершілікті мойынына алып, әр қадамды аңдап басу керек деген ұстаныммен есейеді. Негізінде, бәрін қадағалап, бақылау – адамды тез қартайтып, денсаулығын тоздыратын әдет. Неге? Себебі бәрін бақылауды жақсы көретін адамдар жақындарының, достарының, тіпті, әріптестерінің де өміріне араласып, көмектесуге ұмтылады. Ал бұл жүйкенің тозуына әкеліп соғады. Сіз тек өз өміріңізде болып жатқан жағдайларды бақылауыңыз керек. Біреу көмек сұрағанда ғана қол ұшыңызды беріңіз.

5. Тәуекел етуден қорқу. Тәуекел етпейтін адамның мақсатқа жетуі екіталай. Әр қадамыңызды аңдап басыңыз. Алдыңыздан белгісіз бағыт шыққанда ішкі дауысыңыз «алға» десе, тәуекел етуден қорқып, артқа шегінбеңіз.

6. Өзіңіз жайлы ойлаңыз. Әр адам ең алдымен өзі жайлы ойлау керек. Бұл «эгоизм» емес. Сіз бұл өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетесіз. Сондықтан біреуге көмектесемін деп өзіңізге зиян келтірмеңіз. Қолыңыздан келетіннің бәрін ең алдымен, өзіңіз үшін жасаңыз. Өзіңізді аяққа нық тұрғызып, табысқа ұмтылыңыз. Содан соң мұқтаж жандарға да көмектесе аласыз.

7. Бәріне ұнауға тырыспаңыз. Кез келген ортада сізді ұнататын да, ұнатпайтын да адамдар болады. Барлығының көңілінен шығамын деп тырыспаңыз. Алдыңызға қойған салмақты мақсаттарға ұмтылыңыз, өзіңіз дұрыс деп білетін бағытпен жылжыңыз. Біреудің көңілінен шығамын деп жүргенде көп уақыт бос өтуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.

Бақытты болыңыз, ағайын!

Ф. Абилова