- Негізгі бет
- Психология
- Әйел бақытты болу...
Әйел бақытты болу үшін не істеу керек?
Әр адам бақытты болу үшін өз-өзін жақсы көру керек екенін анық біледі. Алайда көбі бұған қалай жетуге болатынын білмейді.
Өзін жақсы көретін әйел заты ерінің назарына тәуелді болмайды. Сүйіктісінің 24 сағат жанында отырып қамқор болуы мүмкін емес екенін түсінеді. «Бүгін кешегіден кеш жазды, бүгін екі-ақ рет хабарласты» деп ренжімейді. Керісінше, бар уақытын сыңарына арнайтын еркектен қорқу керек екенін біледі. Себебі, ол не өз жұмысына немқұрайлы қарайды, не мүлде жұмыссыз отырған адам. Әйелінің жанынан шықпайтын адамның сыңарына демалуға мұрша бермейтіні анық. Жанынан бір секундқа да себепсіз жібермейді. Алаңдатып, мазасын алады. Әр адам – жеке тұлға. Әрқайсыңыздың істер ісіңіз, бөлек қызығушылықтарыңыз бен достарыңыз болғаны жөн. Үнемі бірге болу мүмкін емес.
Жұмыстан кеш келген, «сені сүйемін» деп айтуға ұмытқан еріне тек әлсіз әйелдер ренжиді. Өзіне сенімді ару сағаттап күтудің орнына өз ісімен айналысып уақыт өткізеді. Тұлғалық қасиеттеріңіз бен жеке қызығушылығыңызды ұмытып кетпеңіз. Ойында ештеңе жоқ, ешнәрсеге қызықпайтын әйелден ер адам тез жалығады.
Өзін күту жайында тағы айтып өтсек. Әрине, бұл кеңесті сіз талай рет естіген боларсыз. Көбі бұған қазір «иә, иә, өзіңді күту керек, әдемі болу керек» деп қолын сілтеуі мүмкін. Алайда бұны қайталай беруге даярмыз. Неге? Бұл сүйіктіңізді «ұстап қалу» үшін бе? Ол үшін әдемі болып жүріп, оны ұятқа қалдырмау үшін бе? Жоқ. Мүлде олай емес. Өзіңізге деген сыйластық, сенім мен сүйіспеншілікті нығайту үшін. Барлық адам бұл өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді. Осы қағиданы есте сақтап, ең алдымен, өзіңіз үшін сұлу, сымбатты болып жүруге тырысыңыз. Әрине, баланы бағып отырған жас аналар өзіне қарауға уақыт таба алмауы мүмкін. Дегенмен, ең болмағанда аптасына бір-екі рет шашқа, бетке маска жасап, ыстық душқа түсіп тұру керек.
Әдемілікті әр адам әрқалай түсінеді. «Күтім» деген ұғым макияж бен шаш сәніне қатысы жоқ. Күтім – тазалық, жинақылық.
Егер сүйіктіңіз сізбен сөйлесуге уақыт таба алмаса, өз шаруаңызбен айналысып, достарыңызбен кездесіп көңіл көтеруіңізге болады. Біреуді өміріңізде ұстап қалуға тырыспаңыз. Жаныңызда қалғысы келетін адам ешқайда кетпейді.
Бақытты болыңыз!
Ф. Абилова