Интроверт деген кім?

Интроверт деген кім?
Фото: Батыр Аубакиров

Адамдар интроверт, экстраверт болып екі типке бөлінеді. Экстраверттер ашық, кез келген ортаға тез бейімделіп кете алады. Ал интроверттер, керісінше, өз ойын, сезімін сыртқа шығармайды. Өзімен-өзі болғанды ұнатады. Интроверт адамды жақсы көру оңай ма?

Интроверт сүйіктісімен көп сөйлесуді ұнатпайды

Олар өз сезімін сөздермен білдіру керек деп ойламайды. Интроверт үшін сіздің қасында болғаныңыз маңызды. Үнсіз отыру – интроверт үшін сезімді айқындататын әдістің бірі.

Интроверт махаббат үшін өзгеруге дайын

Кез келген адам белгілі бір жағдайға өзін бейімдей алады. Сондықтан, егер ол шулы, адам көп жерге баруға келісімін берсе, мұны бағалағаныңыз жөн. Интроверт мұндай әрекетке сіз үшін барады. Алайда келесі күні оны жалғыз қалдырып, «есін жиюға» мүмкіндік беруіңіз керек. Интроверт үшін тыныштық, жалғыздық өте маңызды.

Интроверт сүйіктісі үшін ашылуға дайын

Интроверт өзінің сыңары болуға лайық адамды таңдай алады. Таңдаған соң оған өз жүрегін сыйлап, құпияларын ашады. Бұл – олардың осал жері.

Интроверт өзін тыңдаған адамды бағалайды

Егер сіз оны тыңдай білсеңіз, ол сізге сене бастайды. Интроверт сөйлемес бұрын әр сөзін ойластырып алады. Өтірік айта алмайды. Егер интроверт сізге өз сырын ашса, ол бұл шешімге келу алдында ұзақ дайындалғанына күмәнданбаңыз. Ол өзгенің сөзін бастан-аяқ тыңдайтындықтан, өзі де сондай қарым-қатынасты күтеді.

Интроверт экстравертке ғашық болады

Интроверттің экстравертке ғашық болуы жиі кездесетін жағдай. Ол экстраверттің ашықтығына, адамдармен тез тіл табысып кете алатын қабілетіне қызығады, қызғанады. Осындай қасиеттеріне бола интроверт өзін экстравертке лайық емес деп санайды. Күндердің күнінде одан жалығып, кетіп қалады деп қорқады.

Ф. Абилова