Көпшілік алдында сөйлеу мәнері

Көпшілік алдында сөйлеу мәнері
Фото: www.port-baikal.ru

Көпшілік алдында көбінесе баяндама, дәріс оқылады. Оны қоғамдық, экономикалық, мәдени мәселелерді көтеруге байланысты қарым-қатынас орнатуда, ақпарат құралдарында да қолданады. Мұндағы маңызды мәселе, айтатын сөздің мазмұндылығы, қажеттілігі, көпті қызықтыруы.

Сөздің көп түрі мынадай ерекшеліктерге ие:

- мағлұматтылығы, құжаттық-дәлелдік, нақтылық, жинақылық, пайдаланған материалдардың ресмилігі;

- шынайы өмір құбылыстары мен дәлелдер; оқиға, хабар, көргендердің әңгімесін пайдалану;

- талқылау, іс-әрекет, зерттеу, түсіну, жүйе т.с.с. сөздерді пайдалану;

- нақты біреуге бағыттау. Мысалы нақты әріптесіне арналған сөз;

- эмоционалды, қуатты, түсінікті, әртістік мәнерде айтылатын сөздер. Мысалы, мақал-мәтелдер, үзінділер, даналық сөздер, т.б. 

Көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін арнайы дайындық қажет. Артық сөздерді алып тастап, ойды жүйелеп, логикалық байланысын дайындап алған абзал. Сонымен қатар қалжың, сықақ, өткір сөздерді де пайдаланған дұрыс. Сөзіңізді тыңдаушы көңіл қойып тыңдап, ұғынуы үшін ым-ишараны орынды пайдалануыңыз тиіс. Халқымыз "Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді" дейді.

Сөз сөйлейтін орныңызды алдын ала тексеріңіз:

- көрнекі құралдарыңыздың аудиторияда анық көрінетініне көз жеткізу;

- терезелерді тексеру. Терезеден түсетін жарықтан немесе терезе алдындағы ойды бөлер қозғалыстан құтылу үшін, перделердің жабылатындығын байқау керек;

- залдың ыстық немесе суық екенін ескеріңіз;

- мінбенің бар-жоғын, оны қолданудың қажет, қажетсіздігін алдын ала жоспарлаңыз. Егер де ол тым аласа болса, оны жоғарылатудың амалын қарастырыңыз. Сөз сөйлеу барысында басыңыз көрінетіндей болып тұруы қажет. Ал егер де мінбе денеңіздің көп бөлігін жауып кететін болса, онда аяғыңыздың астына бір нәрсе қойған жөн;

Ойды бөлетін, алаңдататын өзге элементтердің болмауын қадағалаңыз:

- залға кешігіп келген адамдардың өзгелердің көңілін бөлмей, назарын аудартпай, соңғы бос орындарға отыра қалуды қолмен нұсқап көрсетіңіз;

- сөз сөйленер тұста есік тарсылдап, қайта-қайта ашылып, жабылмауына көз жеткізіңіз.

- егер су қажет болса, оны да алдын ала әкеліп қойыңыз.

Жолдаған: Ғалия Абилбакиева

Ж. Исакаев