- Негізгі бет
- Психология
- Егіздер қандай болады?...
Егіздер қандай болады? #2
Егіздердің бойында қандай қасиеттер бар? Олардың мінезі қандай?
Әйел егіздер үнемі бақыт пен сиқыр іздеумен болады. Бүгін ол жарын ең үздік, ең жақсы, ең ең деп атаса, ертесіне оның әрбір әрекетін сынға алады. Ол махаббатта соқыр емес, яғни бәрін бақылап, немен аяқталуы мүмкін екенін сезіп жүреді. Сыңарының жағымсыз жақтарын біле тұра, шын сүйе алады. Олар тосынсый, сыйлықтар, қызықты, ерекше смстер алғанды жақсы көреді. Жауап ретінде де олар махаббат сыйлай біледі. Алайда кез келген уақытта егіздердің екінші тұлғасы пайда болып, кенеттен өзгеріп шыға келулері ғажап емес. Оны құс секілді торда ұстауға болмайды. Себебі ол бостандықты үнемі бірінші орынға қояды, бірақ үйге қайтар жолды ұмытпайды.
Достық
Егіздер үнемі арызданып, өз проблемасын баяндай жөнелетін адамдардан қашады. Жанына адамдарды жақындата бермейді, бірақ таныстары өте көп. Алайда шын достары, жолдастары саусақпен санарлық. Ал егер біреуді жанына жақын етсе, ол адамға адал дос болады. Және оған жан досымен қоштасу өте қиын. Жақын досының мәселесін шешуге барын салады. «Бауыр басып қалу» егіздер үшін қалыпты жағдай. Мұны ескере біліңіз.
Егізбен ұрыстың ерекшелігі – ол тез ашуланып, тез басылады. Ол ұрыстан кейін басқалардан гөрі екі есе тез сабасына түседі және бірінші болып кешірім сұраудан намыстанбайды.
Сондай-ақ олар бір нәрсеге құмартса, соны байқап көрмей тынышталмайды. Фортепианоның дауысын ұнатты ма? Бірден сатып алып (ақшасы жоқ болса да), бірден үйренуді бастап, тез алып кетеді. Сурет салғысы келді ме? Ертесіне бояу, қағазын алып өзіне ұнаған (қиын болса да) суретті салуға кіріседі. Бір идея ойына келді ме? Соған жан бітіргенше ұйықтай алмайды.
Егіздер өз бостандығын шектегенді көтере алмайды. Біреудің тарапынан кішігірім қысымды сезсе, бірден қарым-қатынасты өзгертеді. Олар ешқашан өтірік айтпайды, бірақ бар шындықты да айтпайды.
Кәдімгі әңгімені егіздер шытырман оқиға етіп бейнелей алады. Көп әзілдеп, қалжыңдасады. Белгілі бір оқиғаны баяндауда тұзын қосып, дәмді етіп айтуға тырысады. Мұны байқаған боларсыз? Егіздер өзгелерді тыңдай біледі. Және әйтеуір құтылу үшін емес, көңіліңіз үшін бәрін мұқият тыңдап, жақсы кеңес беруге тырысады.
Егіздер – адал дос және тартымды тұлға болғандықтан, кез келген ортада көзге түсетін, әңгімені қызықты етіп, бүкіл компанияны күлдіртетін адамдар.
Дегенмен, әр адам жеке, қайталанбас тұлға. Ең бастысы өз дамуыңызды тоқтатпауыңыз керек. Сонда сіз шекарадан асып, үлкен белестерге жете аласыз. «Менің жұлдызым пәленше, сондықтан мен осындаймын» деген сылтаудан аулақ болыңыз.
Өз кемшіліктеріңізді де бағалай біліңіз, олар сізді ерекшелейтін қасиеттің бірі. Өз артықшылықтарыңызды дамыта біліңіз, олар сізді мақсатқа жетелейтін қайықтың ескегі.
Ф. Абилова