- Негізгі бет
- Психология
- Құрбымызды ренжітіп алсақ......
Құрбымызды ренжітіп алсақ...
Әрбір қыздың өзіне сай құрбысы болады. Жақсы құрбы – өмірдің кішкентай қуанышы. Ол – саған керек кезде ақылшы болатын адам, сенімді сыр-сандығың. Бірақ кейде құрбыңмен ренжісіп қалатын кездер де болады. Жаныңды жанарыңнан түсінетін жан сондай кезде өте бөтен, суық адамға айналып шыға келеді. Құрбыны жоғалту оңай емес. Сондықтан егер ұрысқа өзің кінәлі болсаң, алғашқы қадам жасаудан қорықпау керек.
Сонымен құрбылар не үшін ренжіседі?
Қызғаныш. Бұл сезім әркімде бар. Қызғанбайтын адамның болуы мүмкін емес. Ең ақжүрек деген адамның да қызғанатын кезі болады. Жағдайға сай қызғаныш сезімі туса, бұл жаңа реніштің пайда болуына әкеледі. Бұл тұрғыда әркім өзінің бойындағы қызғаныш сезімімен жақсылап жұмыс істеуі керек.
Ер жігіттің назарынан қызғану да бар. Егер құрбыңа ұнайтын жігітті сен де жақсы көріп қалсаң, араларыңдағы достыққа "қош бол" де. Немесе кейде реніш құрбыңның өзіңе қарағанда тартымды, әдемі болуынан, кез келген ортада жұрттың назары саған емес, оған ауатынынан туып жатады.
Ауыр мінез. Бұл да бәрінде бар мінез. Кейде мінезіңді көрсеткен кезде, құрбың бұл еркелігіңді көтере алмай қалып, сенен теріс айналуы мүмкін. Бұл өмірде ешкім саған міндетті емес. Құрбыңның да өз өмірі, өз қалауы, өз мінезі бар. Сондықтан қанша ренжіп тұрсаң да, ауыр сөз айтудан сақтан. Өйткені ол құрбың өмір-бойы қасыңда жүрмейді.
Құрбымызбен қалай татуласамыз?
Құрбыңды бізден гөрі, сен жақсы білесің. Сондықтан оның жүрегіне қалай жол табу керектігі саған аян. Егер алдына баруға тәкаппарлығың жібермесе, сырыңды хат жүзінде жолдап көр. Хат жазған соң, одан жауап күт. Жауап келмесе, оның реніші әлі жібімеген деген сөз. Уақыт – емші. Ол шынымен жанашыр құрбы болса, сені ешқашан жалғыз тастамайды. Ең дұрысы – оған қонаққа келіп, ренішті ашық талқыға салу, өз қателігің туралы ауыр сөз естуден қашпау. Ол сенің кемшілігіңді бетіңе басса, ашуланба, қуан. Шын дос жылатып айтады. Бұл – сенің өміріңе үлкен сабақ болмақ.
Егер осы ренішпен араларыңдағы достыққа нүкте қойылса, ол туралы артынан нашар сөз таратудан аулақ бол. Оның сырын жұртқа жайып жіберу саған абырой әкелмейді, оның үстіне бұл әрекетің оған жасалған опасыздық болып саналады. Көріп қалған жеріңде, ізетті түрде бас изеп, амандасып жүр. Егер ол сенің артыңнан жаман сөз айтқан болса, жай ғана бейтарап қал. Кейін қателігін түсінген кезде алдыңа келіп, кешірім сұрайтын болады.
Сурет: motto.net.ua
Ұқсас жазба:
М. Оңғарова