- Негізгі бет
- Психология
- Кешірім сұрау -...
Кешірім сұрау - бақыттың баспалдағы
Жүрегімізге жақын адамдардың назын тыңдап отырған кезде, олардың кекшіл екенін байқаймыз. Өздеріне жасаған жақсылықтарды көп еске алмаса да, жамандықтарды мәңгілік жадында сақтап өтеді. Кешіре білу - бізге жасаған опасыздықтарды ұмыту немесе оларға бой ұсыну емес, осының барлығын қабылдап, өмірдің жаңа ақ парағын ашу.
Мінсіз адам болмайды
Кешіру үшін, «хан қызынан да қателік кететінін» түсінуіміз керек. Адам баласы пенде болғандықтан, ашу үстінде ауыр сөздер айтып, қол көтеруі мүмкін. Кешіру арқылы өзгелерден еш нәрсе күтпейтіндігімізді дәлелдейміз. Ал өзгелерден еш нәрсе күтпеу арқылы күйзеліске түсудің алдын аламыз. Айналамыздағы адамдар да біздің олардан не күтетінімізді білмейді. Олардың көріпкелдік қасиеті жоқ. Адамдардан жақсылық күтудің орнына, сол қарым-қатынасты өзіміз бірінші болып көрсете білуіміз керек.
Ашу – қалыпты эмоция
Ашудың астарында өзіміз байқамайтын кек, жан-дүниенің құлазуы сынды сезімдер жасырынады. Өзімізді не жаралағанын түсініп, ол туралы айта білудің пайдасы мол. «Менің көңіліме мына нәрсе тиді», «сенікі дұрыс емес». Алғашқысы ренжіскен адамымызға өзінің кінәлі екенін түсінуге мүмкіндік берсе, кейінгісі қарсы жауап қайтаруға мәжбүрлейді.
Бізді ренжіткен адаммен бетпе-бет сөйлесіп, бір-бірімізді түсініскен кезде, сабырға келіп, тынышталамыз. Себебі ол адамға біздің көңіліміз маңызды екенін көреміз.
Тыңдай білу, жанашырлық таныту
Кешіре білу үшін алдымен тыңдауды үйренуіміз керек. Әдетте қарсыламыздың сөзіне құлақ аспай, өзіміздің талаптарымызды тізіп айтып шығамыз. Ал тыңдай білу дегеніміз – қарсыласымыздың сөзін бөлмей, ақталуына мүмкіндік беру, достасуға тырысу.
Жанашырлық таныту – өзімізді қарсыласымыздың орнына қойып, оның қандай сезімде екенін түсіну.
Сіз үшін не маңызды?
Қырсық мінезімізбен арамызды суытып алуымыз да мүмкін. Мұнымен қатар, кімнің сөзі дұрыс екенін дәлелдейтініміз тағы бар. Сізге сөзіңіздің дұрыстығы ма, әлде қарсыласыңызбен арадағы жылы қарым-қатынасыңыз маңызды ма? Кей адам барлығын басқаруды ұнатады. Артынша бұл толықтай қолынан келмейтінін түсінген кезде, өзін қоярға жер таппай кетеді.
Ұрысудың өз заңы бар
Ұрысып тұрған кезде, қарсыласымыздың бөтен адам емес екенін, әр нәрсенің шегі болатынын есте ұстауға болады. Бұдан өзге қалай сөйлесетініміздің де маңызы зор.
Сөз сүйектен өтеді демекші, әрбір ауыр сөз адамның жүрегін қариды. Мәңгілік жадында қалады. Көңілі құлазыған сәтте қайта есіне түседі. Сөз таластыру барысында қарсыласыңызға сыйластық танытатыныңызға, қаншалықты ауыр сөздер айтып қоятындығыңызға мән беріңіз. Балаларға кейде зілді сөздер айтсақ та, оларды іштей жақсы көріп тұрамыз. Тура жолдан тайып кетпесе екен деген ниетпен ғана ескерту жасаймыз.
Сурет: ©Данияр Жанжуманов
Қ. Бүйенбай