- Негізгі бет
- Психология
- Мейрамнан кейін жұмысқа...
Мейрамнан кейін жұмысқа қалай кірісеміз?
Той-томалақ... Көтеріңкі көңіл-күй... Кең дастархан... Туыстар мен достардың жарқын жүздері... Бірнеше күнге созылған Наурыз мейрамы да өте шықты. Енді күнделікті кәсібімізбен шұғылдануды қайта бастайық.
Әрине, ұзақтау болып көрінген демалыс біреулер үшін көзді ашып-жұмғанша-ақ өтіп кеткен шығар. Ал енді біреулер сүйікті жұмысын сағынған болар. Бірнеше күндік демалыстан соң кейбіреулер жұмысқа деген белсенділігін жоғалтып алып та жатады. Өйткені думанды күндерден соң бас қатыратын шаруаға бас қою бәріне бірдей ұнай бермейді. Әйткенмен шегінерге жол жоқ! Бізге тек демалыстан кейінгі көңіл-күйді жұмысқа қарай бұру ғана керек. Ендеше жалқаулықпен бірге күресейік!
Жұмысқа ерекше болып барыңыз. Түнде ұйқыға жатарда «ертең жұмысқа не киіп барамын?» деген сұрақ көбіне әйелдер қауымын мазалайды. Демалыстан кейін жұмысқа деген тәбетті ашу үшін ұйқыға кетпес бұрын жаңадан сатып алған киіміңізді ертеңге дайындап қойыңыз. Киімнің жаңа болуы міндетті де емес. Тіпті оның қандай екені де маңызды емес. Әйтеуір, ертең сізге жұмысқа бұрыннан де ерекше болып бару керек. Егер сол заттарыңызды түнде дайындап қойсаңыз, «ертең соны киіп барсам, ерекше көзге түсетін шығармын» деген немесе «ертең осы затымды алып барсам, өзіме жақсы болар еді» дегендей көтеріңкі көңіл-күймен ұйқыға кетесіз де, дәл сол көңіл-күймен жұмысқа барасыз. Әйелдер қауымын көбіне былтырғы мезгілде ұстаған сөмкесі, жаңадан сатып алған киімі немесе мейрамда сыйлыққа алған автокөлігі қызықтырады. Немесе шашына жаңа сән үлгісін жасатып, болмаса басқа түспен бояса да, «ертең менің әріптестерім өзгергенімді байқар ма екен?» дегендей оймен ғана барады. Егер оның өзгерісін жұмысындағылар байқап, жақсы пікірлер айтса, жұмысқа деген тәбеті ашылмай көрсін! Ал жігіттер жұмысқа деген тәбетін ашу үшін таңертең ерекше дәмді таңғы ас күтіп тұрғанын қалайды. Немесе жол кептелісі аз болса, я болмаса сәл кешігіңкіреп келгенде әлі бастығы да келмесе болғаны. Жігіттер көбіне әйелдер қауымымен салыстырғанда жұмыс жасау үшін материалдық жағдайлармен өзін-өзі алдандырғысы келмейді. Және көбіне олар жұмысқа тәбеттің болмауын айтарлықтай проблема көрмейді. Бірақ сонда да жұмысқа жақсы әрі, жаңа киіммен барудан бас тартпайды. Бұл оларға сәл болса да моральдық көмек сыйлай алады.
Кешірім сұраңыз, кешіріңіз. Жұмыс болған соң, ұжым ішінде түрлі келіспеушіліктердің орнап тұруы заңды нәрсе. Өйткені қанша адам болса, сонша мінез және сонша таным-түсінік бар. Бірақ Наурыз мейрамы іштегі сол реніштер мен ызаның бәрін ерітіп жіберетін күшке ие. Өйткені дәл осы мейрамда ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрауы, кешіруі тиіс. Сондықтан сіз де өткен мейрамда өкпелеп жүрген әріптесіңізден кешірім сұраған боларсыз?.. Немесе өзіңіз де әлдекімнің кінәсін кешірген боларсыз?.. Бұл да бір жеңілдеу емес пе? Бәрін ұмытып әріптесіңізбен баяғыша қарым-қатынасты бастау да жұмысқа деген тәбетті арттырмаса, төмендетпейді. Жұмысқа кіріп келгенде бірінші сол әріптесіңізбен сәлемдесіп, жағдай сұрасыңыз. Біраздан бері сізге қабағын ашпай жүрген оның жайдары жүзін көрген соң жұмысқа кіріспей көріңіз!
Жұмыс үстелін ретке келтіріңіз. Егер жұмысыңыз алқымыңыздан алып тұрмаса, жұмысқа келе сала үстеліңізді ретке келтіріңіз. Бұрыннан қалған керексіз қағаздардан құтылып, ескі естеліктермен қоштасыңыз. Жан-жақтың бәрін сүртіп тазалап, жұмысқа кірісіңіз. Ештеңеге алаңдамай жұмыс жасау үшін қасыңызда артық заттың аз болуы, тіпті болмауы керек. Керегіңізді оңай табу үшін оларды арнайы бір орынға қойыңыз да, тек өз жұмысыңызбен айналысыңыз. Бұған көп уақыт кетіп қалуы мүмкін десеңіз, жұмысқа ертерек келіңіз.
Әріптестеріңізбен әңгімелесіңіз. Мейрам күні қайда барып, қандай сыйлық алғаныңызды айтып мақтанудың өзі кәдімгідей көңіл-күй сыйлайды. Әріптесіңізден де демалысты қалай өткізгенін сұраңыз. Бір-біріңізбен жылы әңгімеден соң жұмысқа кіріскен оңайырақ, әрі көңілдірек болады.
Сарқытпен шәй ішіңіз. Наурыз күнгі той-томалақтан, кең дастарханнан қалған тәттілермен түскі үзілісте әріптестеріңізбен бірге шәй ішкеннің де көңіл-күйге әсері бар. Шәй үстінде тек жақсы нәрселерді айтып, бір-біріңізге әдемі тілек айтып отырыңыз. Немесе жұмысқа арнайы өз асханаңызда піскен тағамды әкеліп, әріптестеріңізді аспаздық қырыңызбен таң қалдырыңыз. Сол үшін түнде әріптестеріңіз сізден күтпейтіндей бір керемет бәліш, тоқаш немес торт пісіріп жатыңыз. Сіздің қолыңыздан дәм татқан әріптестеріңіз сізді мақтайды. Ал мақтау, мадақтау кімге ұнамасын? Сол көңіл-күйіңіз айрандай ұйып тұрған кезде жұмысқа кірісіңіз.
Сурет: wictoria.ru
А. Әбілхан