- Негізгі бет
- Психология
- «Мен сенен жалықтым!»...
«Мен сенен жалықтым!»
«Мен сенен жалықтым!»... Әрине, қыз бала үшін жігіт аузынан бұл сөзді есту оңайға соқпайды? Бәрін өзімізден іздеп көрейікші, қане. Жігітті көбіне не жалықтырады?
* Үздіксіз телефон қоңыраулары. Ер адам қайда барып, қайдан қайтқанын сұрап, қадамын аңдып отырғанды ұнатпайды. Ешбірі ұнатпайды! Олар табиғатынан солай жаратылған. Тіпті кіп-кішкентай ұл баланың өзі осындай сұрақтарға тура жауап бермейді. Сенбесең, өзің сырттай бақылап көр. Жігітінің қайда жүрегенін, кіммен жүргенін, қашан келетінін, не жеп отырғанын, үстіне қандай киім кигенін, түскі ас ішкенін не ішпегенін, отырғанын не көшеде кетіп бара жатқанын, т.б бітпейтін сұрақтармен мазасын ала беретін қыздар жігітін тез жалықтырады. Анау-мынау әңгімелеріңді құрбыңа не анаңа айт. Жігітіңе қоңырау шалып, біреумен келіспей қалғаныңды, ол адамның саған не дегені, сенің оған не дегенің, сол кезде тағы біреудің келіп қалып, оның не дегені аса қызық емес. Немесе мұның бәрі телефонның әңгімесі емес. Қайта-қайта қоңырау соғып «әңгіме айтшыдан» басқа әңгіме айтпайтын қыздардың жігіт үшін қадірі аса қымбат емес. Мұнымызбен жігітке бірінші болып қоңырау соқпа немесе мүлде телефон шалма дегіміз келмейді. Бәрінің өз жөні бар. Телефон шалар алдында не жайында әңгіме қозғайтыныңды ойлап, ойыңды жинақтап ал. Бірақ ешқашан тектен-текке қоңырау шалып мазасын алма. Жалықтырып аласың, рас!
* Шектен тыс қырсықтық. Кез келген мінездің өз орны болады. «Қыз – қылығымен» деген сөздің бары рас. Бірақ «қылық» деп «қырсықтықты» айтып тұрған жоқ. Жігіт пен қыздың қарым-қатынасында қыздың тарапынан қырсықтық шектен шыққан кезде араларында ұрыс-керіс пайда болады. Жарайды, қыңырлығыңды бір рет кешірер, екінші рет елемес, ал үшіншісінде жалықтыра бастадым деп ойлай бер. Қырсықтық мінез қызға абырой әпермейді. Егер сүйгенің сол болса, одан көркем мінезіңді аяма.
* Дарақы қылық. Ер адамға лайық қылық көрсетіп, дарақыланып жүретін қыздардың көбі махабатта жауапсыз. Қыздың ер адамнан айырмашылығының бірі – оның нәзіктігінде. Нәзіктігінен айрылып, дарақылыққа салынған қыз кез келген жігітті сөзсіз жалықтырады. Өйткені ол өзін қыз баламен емес ер адаммен жүріп жүргендей сезінеді. Оған мұның қажеті не? Дарақы қылыққа ішімдік пен шылымға құмарлық та, алысып төбелесу де, есін жоғалтып билеп, айқайлап ән айту да, жөнсіз ұрысу да жатады.
* Жөнсіз әңгіме. Қыз баланың аз сөйлеп, көп ойланғаны абзал. Көп сөйлеу ерге де, әйел адамға да жараса қоймасы анық. Әсіресе қыз баланың «ішімдегіне тап» деп ұяңдау болғаны жарасымды. Мұнымызбен мүлде «қой аузынан шөп алма» дей алмаймыз. Тек аузыңа, ойыңа сақ бол. Не туралы айтқың келгенін алдымен миыңда саралап ал. Жөні жоқ жерде орынсыз сөйлеп, сүйкіміңнен айрылып жүрме.
* Қызғаншақтық. Қызғаншақтық кез келген жұптың арасында жүреді. Ер адамның қыз баласын қызғануы орны бөлек әңгіме. Ал қыздың жігітін жөнсіз қызғануы жігіттің осы қарым-қатынастан жалығуына алып келетін алғашқы қадамдарының бірі. Желден де, жаңбырдан да, қардан да қызғана беретін қыздан жігіт те шаршайды. Шаршамағанда ше?.. Жігітті темір деймісің?..
* «Ештеңе болған жоқ». Бұл сөз жігіттің жүйкесіне айтарлықтай әсер етіп, кез-келген жағдайда оның көңіл-күйінің быт-шытын шығара алатын аса қауіпті күшке ие. Жігіт қызға «ештеңе болған жоқ» деп жауап береді. Бірақ түріне қараудан қорқасың. Түрі өрт сөндіргендей... Ештеңе болмақ түгілі, бірнеше жағдай болған ба деп ойланып қаласың. Сөйтіп тымырайып жүресің де көп нәрсені жақтыра бермейтін жігітіңді өзіңнен жалықтырып аласың.
* «Сен мені сүймейсің...». Осы сөзді естімес үшін жігіт неге болса да дайын шығар. Бірақ сен оның сезімін сынағың кеп, «сен мені сүймейсің» дей бересің. Оның сенің алдыңда сезімін ақтарып, қайта-қайта «сүйемін» деп айта бергенін қалайтын шығарсың, құрбым. Жігіт таңертеңнен кешке дейін осы сөзді айта берсе, тыңдаудан сен жалықпассың. Бірақ ол жалығады. Рас айтамын. Тыңда: егер ол сені сүймесе, оны өзі-ақ айтады. Ал егер осы сөзді қайта-қайта айтқанын талап ете берсең, «сүйемін» сөзінің қарама-қарсы мағынасын естіп қалуың әбден мүмкін.
Сурет: Ильяс Садыков