Әзілің жарасса, атаңмен ойна #2

Әзілің жарасса, атаңмен ойна #2

"Әзілің жарасса, атаңмен ойна" демекші, сөз қадірін білетін халқымыз әзіл-қалжыңға жүйрік. Орнымен қалжың айта білу – ұжымда да, отбасында да береке-бірліктің сақталуының бір кепілі. Психологтар да, дәрігерлер де күлкі, әзілдің адамның өмір жасын ұзартатынын айтады. Шетелдің кейбір ғалымы онкологиялық ауруларды емдеуде күлкі терапиясын қолданып жүр.

Егер сіз әзілдей білмесеңіз, онда міндетті түрде бұл өнерді меңгергеніңіз жөн. Бұл - адамдарды жақындастыратын құрал.

Бірақ әзілді де орнымен айта білу керек. 

1. Әзіл - тәрбие құралы. Дана халқымыз бір адамның ерсілеу қылық жасағанын сездіртіп ұялту үшін де астарлап әзіл ретінде айтып отырған. Егер әлгі адам сөз астарын түсінетін жан болса, артық кеткенін сезіп, кешірім сұрайды. Әзіл-қалжың көбіне отбасында, құрбы-құрдас арасында айтылып жатады. Бұған отбасы мүшелері де ренжімейді, көңіліне алмайды. Себебі, зілсіз қалжыңдар адамдарды бір-біріне жақындастырады. Алайда баласы ата-анасын орынсыз қағытып, шектен шығып бара жатса, «Жылайын деген бала әкесінің сақалымен ойнар» деп қана сөзбен шымшып ескертеді. Осылай әзіл-қалжың арқылы да тәрбиелеуге болады.

2. Әзіл - баға беру құралы. Бір нәрсеге немесе бір оқиғаға әзіл арқылы пікір білдіруге болады. Ал өз көзқарасыңызды тура жеткізсеңіз, екінші адам ренжіп қалуы ықтимал. Сондықтан қалжыңға бұрып, келісетін-келіспейтініңізді білдіріңіз.

3. Әзіл - мәмілегерлік құралы. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» демекші, кейде әзіл-қалжың адамдарды ымыраластыруға да себепші болады.

Мысалы, дүкендерге келген кейбір кісі керек затын таба алмағанға ашуланып, сатушыға тіл тигізеді. Әрине сатушы кінәсіз, алайда дөрекілікке дөрекілікпен жауап берсе, жұмысынан қуылады. Сондықтан ұтымды, сыпайы қалжың айтып, ашулы аларманды шығарып салуына тура келеді.

Дегенмен, әзіліңіздің алысқа бармағаны жақсы. Әйтпесе ойыннан өрт шығарып алуыңыз мүмкін.

Сурет: ©Askar Bumaga

Оқи отырыңыз:

"Әзілің жарасса, атаңмен ойна"

Көңілге қонымды әзіл-қалжыңдар

Басыңызды қалай қаратып ұйықтайсыз?

Махаббат теориясы: сен үшін жаным пида

Ф. Абилова