Мақсатқа жету неліктен қиын?

Мақсатқа жету неліктен қиын?

Әрбір саналы адам, алдына мақсат қойып, соған жетуге ұмытылып жатады. Бар күш-қуатын, уақытын жұмсайды. Алайда барлығы бірдей мақсатқа жете бермейді.

Неліктен?

Мен осы тақырыпты зерттеу үшін әртүрлі жастағы адамдармен, коучтармен, психологтармен ақылдасып көрдім. Ойыма түйгенімді сіздерге барымша баяндап көрейін.

Саналы адам бір орында қала бермей үнемі ілгері жүрігісі, жоғары деңгейге көтерілгісі келеді. Сол үшін де мақсат қояды.

Студенттердің көбі «қызыл» дипломды армандайды, ал «қызылға» бітіретіндер санаулы-ақ.

Неге?

Оның бірнеше себебі болуы мүмкін.

Біріншіден, бұл – студенттің арманы емес, ата-анасының арманы.

Екіншіден, ол алдына мақсат қойып, соған жетудің жолдарын білмеуі ықтимал.

Үшіншіден, «жұмысқа тұру үшін әйтеуір дипломым бар ғой, «қызыл» алу міндетті емес» деп ойлауы мүмкін.

Қаланың ортасында үш-төрт бөлмелі жайлы пәтерді, люкс кластағы машина, жеке фирмасы болуды аңсамайтын адам жоқ шығар. Дегенмен бұл көп жағдайда тек тәтті қиял ретінде жүзеге асырылмай қалады. Тіпті бизнес-жоспар құрып, демеушіні де тауып, іске қызу кірісіп кетеді. Біраз асулар алынып, жетістіктерге де жетеді. Бірақ мақсаты орындалған жандар, кілт тоқтап, дүние байлық, мансаптан баз кешіп, өз еркімен бас тартып, Пушкиннің ертегісіндегідей ескі астаумен қалады.

Неліктен?

Себебі ол кісіге жоғарыда айтылған мақсат-мұраттар түптеп келгенде керек емес, олар отбасының, қоғамның жарнамасы, күштеп телінген мақсаттар. Немесе ол кісінің өз-өзіне деген бағасының төмендігі. Іштей, яғни бейсанасында «мен – бақытты болуға лайықсызбын» деген ой жатуы мүмкін. Мұндай өзін-өзі жеккөрушілік қайдан пайда болады? Бала 5 жастан кейін өзіне айтылған жақсы-жаман сөздерді, қарым-қатынастарды көкейіне түйіп, санасына тоқи береді. Мидағы мұрағаттағы осындай қат-қабат материалдарда не басым? Бәрі соған байланысты. Әрине ересектер баланың дұрыс азамат болып өскенін қалайды. «Сен адам болмайсың!» деген сөз күйінгеннен де, қайрау үшін де айтылады. Бала бірақ басқаша: оны өзіне шығарылған өмірлік үкім ретінде қабылдайды. Мұндай баламен психолог мамандар ұзақ жұмыс жасайды. Бұған келесі материалымызда тереңірек тоқталармыз. 

Мақсаттарыңызға жете беріңіз! Рухыңыз мықты болсын!

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: Қанат Садықов

Оқи отырыңыз:

Табысқа жету жолында

Бақытты болу үшін

Бизнес майталманы ұсынған 7 кеңес

Сен кімсің?

Ф. Абилова