- Негізгі бет
- Психология
- Қыздар арасында шынайы...
Қыздар арасында шынайы достық бар ма?
Қыздарда шынайы достық болмайды дегенді жиі естиміз. Қыздар арасындағы достық өткінші, өтірік және екеуінің бірі тұрмыс құрған соң немесе біреуінің қызғанышынан не сатқындығынан бітеді деген пікір тараған.
Және бұл пікірмен келісетін жігіттермен қатар, қыздар да жоқ емес. Ал керісінше, өмірде жанындай жақын құрбысын тапқан қыздар нағыз достықтан үміті үзілгендерге мүсіркей қарауы да мүмкін.
Және бұл жерде де қыздардың текетіресін көрер болсаңыз, қателесесіз, бар-жоғы мұндай шынайы достықтың екінің біріне беріле бермейтіндігіне. Мұндай достықты тағдыр сыйы деуге де келмейді, бұл шыдамдылық, түсіністік пен жаныңа жақын адамды тауып, сырыңды бөлісе алғандығыңа сыйақы.
Өйткені, құрбың әйел адамның мұңы мен қуанышын бір адамдай сезіне алады, бір ғана көзқараспен сенің көңіл-күйіңді біле алады. Қай кезде ақылын айтып қолдау керектігін, қай кезде үндемей отырып, тыңдау керектігін жақсы біледі, бәрін сезеді.
Алба-жұлба түріңе қарамастан, апыр-топыры шыққан бөлмеңе қарамастан құрбыңды қонаққа шақырып, ішкі сырларыңды бөлісіп, ақылын тыңдап, өзіңнің табиғи қалпыңды көрсетуден қорықпай отырғанға не жетсін? Одан басқа, кім сені осы болмысыңмен жақсы көре алады?
Неге көп адамдар қыздар арасында шынайы достықтың болмайтынына сенімді? Мұндай пікір достықпен қатар, кейде қыздар арасындағы бәсекелестіктің болуынан туған болар. Әрбір қыз бала өзін биіктен көрсетіп, үлкен махаббатын тауып, мансабында жетісікке жетуді қалайды.
Міне, сондай бір ханзадаға не бұлтсыз өмірге күрес кезінде сатқындыққа барып жататындары жоқ емес. Баянсыз бақытқа қол жеткізем деп жүріп, құрбысының көңіліне түкіріп кететін жағдайлар кездеседі. Бірақ бұл жерде қарапайым достық қарым-қатынасты нағыз достықпен шатастырып алған жоқпыз ба, соны ойлануымыз керек.
Қыздар арасында достық бар! Нағыз, шынайы, адал. Ондай бақыт әрбіріне бұйыра бермейді және сақтап қалу да оңай емес, бірақ қастерлемеу мүмкін емес.
Мұндай қарым-қатынаста сақтық, эгоизм, сенбеушілік, қызғаншақтық болмау керек, екі құрбы да иықтарындағы жауапкершілікті сезінсе игі. Ешбір адам идеал емес: әйелдер де, еркектер де. Бәріміз қателесеміз, тек достықта түсіну мен кешіруге ақыл жеткілікті болу керек.
Екінің біріне беріле бермейтін достықты қастерлеп, бағалай білгенде ғана жолда кездесетін жігіттер, ақша және өсек деген сияқты мәселелерден аман қалып, қарым-қатынас жалғасын табады. Ал адал достықтың сыйақысы - қуанышты сәттерді бөлісе алатын құрбың болып табылады.
A. Mustafina