- Негізгі бет
- Психология
- Қыздың қырық шырағы...
Қыздың қырық шырағы бар...
Әйел адамның мойнына артылған жүк ауыр екенін өсе келе көп байқаймыз. «Қыздың қырық шырағы бар» деген сөздің айтылған себебін табу үшін кітап іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ. Жан-жағымызға қарап, апа-сіңлілеріміздің тіршілігін бақыласақ та жетіп жатыр. «Әйелдің қырық жаны бар» деген ұғым да осыған синонимдес.
Әйел адам қанша жерден нәзік, әлсіз болғанымен, ер адамдарға қарағанда әлдеқайда төзімдірек келеді. Нәзік жанның басына түскен ауыртпалықтарды жеңуі оның ішкі күшінен хабар береді. Бір жағынан алып қарасақ, ол әйел адамның ішінде жатқан сезімін білдіре алу қабілетінен болар. Себебі, бәрімізге белгілі көбінесе ер адамдар ішкі сезімін білдіре алмайды, мұңын, ренішін өзгеге толықтай айтып, керек жерінде жылап алуға намыстары жібермейді. Бұны дұрыс не бұрыс деп кесіп айту қиын. Себебі, егер бұрыс десең, әйелдер қауымы «ер адам қайсар мінезді болу керек» деп, көз жасы шыққан еркектерді әлсіз деп бағалайтыны бар. Ал дұрыс десең, күйзелісін, уайымын іште қалдырғандығы оның көңіл-күйіне, денсаулығына әсер беруі сөзсіз. Сонда қалай болмақ? Ер адамдардың өздерінің айтуынша, әлсіздік білдіру дұрыс емес, ол тек нәзік жандарға жарасымды. Сонда ол апталап, айлап уайымымен жалғыз қалса, не өзгереді?
Қыздар арасында бұл мәселе өзгеше. Біз бар сырымызды жақын құрбыларымызға, аналарымызға, апаларымызға айтамыз. Олардың кеңесін тыңдап, сүйеуге ие боламыз. Қандай да бір қайғы-мұң болмасын, жылы сөз жаңа күш беріп, күйзелістен арылып, аяққа тұруға көмегін береді. Алайда, бәріне дерлік емес... Арамызда өз мәселесімен жалғыз қалып жатқан нәзік жандар жоқ емес. Олар көбіне сенбеушілікпен, не болмаса мұңымен бөлісер адам жоқтықтан өзімен-өздері қалып отырғандар...
Сонда да өмірдің сынағына төтеп беріп, қиыншылықтарды жеңіп жатқан арулар көп. Осы себеппен де «Әйел қырық шырақты» саналады, бірі сөнсе, бірі жанады. Үй ішінде, ата-енесімен қарым-қатынасы жаман, балаларымен жалғыз қалып жатқан, не жұмыста қиындық көріп жүрген, сүйетін адамы алдап, тастап кеткен және тағы да сан түрлі ауыр жағдайларға түскен қыз-келіншектерге «әйел адам қулығы қырық есекке жүк болар» деген қазақтың сөзін еске түсіргім келіп отыр. Мұнымен айтқым келетіні қу әрекетке барып, өзгені алдау емес. Әр жағдайға дара қарау керек, кей жерде қулық асыратыны керек болса, басқа жерде ақыл мен төзімділіктің пайдасы болады.
Шырақтарыңыз сөнбесін, аяулы арулар!
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: baikalpress.com, bitanazamat.com
Ф. Абилова