- Негізгі бет
- Психология
- Күлкі - өмірдің...
Күлкі - өмірдің кілті
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат
Абай
Күлкі - өмірдің кілті. Гелатология (күлкіні зерттейтін ғылым) күлкі адам өміріне айтарлықтай ықпал етеді дейді. Ал Дарвин күлкі жүйке жүйесін емдей алады деген пікір айтқан. Күлкісіне қарап, адамның мінезін, ішкі жан-дүниесін шамалауға болады екен...
Айғайлап күлу. Мұндай адамдар көбіне ашық мінезді, дені сау, көпшіл болып келеді.
Дыбыс шығармай, ақырын күлу. Мұндай адамдардың мінезі тұйық болады. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын мінезі жұмсақ, көнбіс адамдар да осылай күледі.
Қысқа күлу. Күштің, ақылдың, құпиялықтың белгісі. Мұндай адамдар үлкен қиындықтарды оңай жеңе алады.
Үзіп-үзіп күлу. Көбіне жүйке жүйесі сыр берген күйгелек адамдар осылай күледі.
Дөрекілікпен күлу. Мұндай адамдар жабайы, билікке ұмтылғыш, эгоист болып келеді.
Күлгенде қандай қимыл жасайсыз?
Күлгенде басыңызды артқа шалқайтсаңыз, аңқау, сенгіш адам болғаныңыз. Қиялға берілгіш, арманшыл жандар күлгенде қолын бет-жүзінің кез келген жеріне апарады екен. Ал қолыңызды иегіңіздің астына апарсаңыз, бойыңызда әлі балалықтың ұшқыны бар адамсыз. Аузыңызды жауып күлсеңіз, өз-өзіңізге сенімсіз, жұмбақ, жалғыздықты сүйетін адам болғаныңыз. Егер күлердің алдында, басыңызды әнтек еңкейтсеңіз, адамдарды ренжітіп алудан қорқатын, кез келген ортаға тез бейімделетін адамсыз. Күлгенде, мұрныңызды тыржитасыз ба? Ендеше, бәрінің сіздің қалауыңыздай болғанын ұнататын өзімшіл, кірпияз адамсыз деген сөз. Ал қабағыңызды қозғалтып күлсеңіз, өз-өзіңізге сенімді, зерек жансыз. Көзді сығырайтып күлу жұмысбасты, жинақы, сенімді адамға тән күлкі.
Күлкі туралы қызықты дерек
- Бүгінде адамдар жүз жыл бұрынғыға қарағанда, аз күледі.
- Бөбек үлкен адамға қарағанда, 20 есе көп күледі.
- Әйелдер ерлерге қарағанда көп күледі.
- Күліп, көңілді жүретін адамдар жүрек ауруына аз шалдығады. Америкадағы Калифорния клиникаларының бірінде дәрігерлер мен ғалымдар науқастарға "Күлкімен адамды емдеуге бола ма?" деген сұрақ төңірегінде зерттеу жүргізді. Науқастарға таңертең дәрілермен қоса, анекдоттары бар жаңа газеттер әкеліп берді. Зерттеу нәтижесінде, науқастардың жағдайы анағұрлым жақсарған. Демек, күлкі денсаулықтың жақсаруына әсер ете алады.
Күлкінің төресі - кез келген күйзелісті, жүйкедегі жүкті жеңіп шығатын шынайы күлкі. "Күл! Күлсең, әлем сенімен бірге күлетін болады. Ал жыласаң, сенімен бірге ешкім де жыламайды" депті Элла Уилер Уилкокс. Үнемі жылы жымиып, көңілді жүруге тырысайық...
Сурет: oboi.ws, kinolife.tv, mail.ru
Р. Роза